Бүгінгі күнге дейін арнайы бөлімшелер Алматы қаласы бойынша мектептер, балабақшалар, балалар алаңқайлары, емханалар және терминалдар сынды барлығы 284 нысанда зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда ҚР ҚК арнайы бөлімшелерімен зарарсыздандыруға автобус аялдамалары, жаяу жүргіншілер жолы мен автокөлік тұрақтары жатады. Іс-шараларды жүргізу үшін жеке құрам арнайы техникамен, газсыздандыру қорғаныс жиынтығымен және арнайы ерітінділермен қамтамасыз етілген.
– Біздің басты мақсатымыз – инфекцияның таралуын тоқтату. Коронавирустың жаңа түрі ауада 3 сағаттан астам уақыт, ал заттардың үстінде 48 сағат өмір сүреді және ауа-тамшы жолымен жұғу қаупі жоғары. Сондықтан көшелер мен қоғамдық орындарды зарарсыздандыру – коронавируспен күресу кезіндегі маңызды жұмыстың бірі. Бүгінгі таңда біздің бөлімшемен жалпы көлемі 1 млн 329 м2 құрайтын 81 нысан зарарсыздандырылды, аталған жұмысқа 500-ге жуық әскери қызметкер мен 24 «АРС-14» автоқұйылмалы станциялары тартылды, – дейді майор Алмас Қасымханов.
Күні бүгін Алматы қаласының кіреберіс қақпаларына қойылған 21 блокбекетте карантин режимін қамтамасыз ету мақсатында 230-ға жуық әскери азамат қызмет атқарып жүргендігін атап өткен жөн.