Әлем • 27 Наурыз, 2020

Байөлкеліктердің майданға көмегі

955 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ІІ дүниежүзілік соғыс басталған сәтте Моңғол Халық Республикасының Мемлекеттік Кіші Құрылтайы кезектен тыс сессиясын шақырып, фашистермен шайқасып жатқан Қызыл Армияға  қаржылай һәм мүліктік көмек көрсету туралы шешім қабылдап, халық арасында «Екінші дүниежүзілік соғысқа көмек» акциясын бастайды. Оған малшы араттар қолындағы жылқысын, сандығындағы алтын-күмісін, қой терісінен жасалған жылы тондарын, ет-май, құрт-ірімшік, сүт өнімдерін ұсынады.

Байөлкеліктердің майданға көмегі

Алғашқы көмекті 1941 жылдың қараша айында жолдайды. Бұл жолы 15 мың тері тон, 3 мың бума азық-түлік, барлығы 1,8 млн сомның дүниесін жөнелтеді. Келесі көмек 1942 жылдың соңын ала майданға 4 составқа бөлінген 236 вагонға әр қайсысы 30 мың дананы құрайтын: тері тон, жылы пима, жеңсіз жүн бешпет, оның сыртында 600 тонна азық-түлік, 27 мың киік еті, 2,5 миллион төгрөг, 100 мың американ доллары, 300 кило алтын жөнелтілді.

Жоғарыдағы қаржы көмек «Внешторгбанк» есеп-шотына аударылып, ол қолма-қол танк шығаратын зауыттарға жіберілді. Оған  53 танк жасалады. Оның 32-сі – «Т-34» маркалы жаңа танктер. Нәтижесінде «Революциялық Моңғолия» атты танк колоннасы пайда болады.

1943 жылы тағы да қарапайым араттар (халықтар) тапқан-таянғанын жинап-теріп, 2 млн сомға «Моңғол арат» атты ұшақтар эскадрильясын жасақтайды. Ұшақтарды Смоленск облысындағы «Вязовая» стансасында орналасқан 322-ші жойғыштар дивизиясының 2-ші гвардиялық полкына табыс етеді. Осы моңғол ақшасынан жасалған ұшақтарға отырған кеңестік ұшқыштар арасынан – Н.Пушкин, А.И.Майоров, М.Е.Рябцев секілді Кеңес Одағының Батырлары шыққан екен.

Қысқасы, 1941-1945соғыс жылдары Моңғолия халқы кеңестік Қызыл Армияға 53.5 млн сом ақша, 300 кило жуық алтын, 6 дүркін 11 эшелон азық-түлік, жылы киім-кешек, 498 мың жылқы, 500 мың тонна ет, тоң маймен көмектескендігі туралы мәліметтер бар.

Мұндай жалпы халықтық науқаннан Бай-өлкенің қазақтары қалай тыс қалсын?! Олар да ел қатарлы азық-түлік өнімдерін жинап тапсырған. Аймақтық архив қорында сақталған мәліметтерге қарағанда, 1941-1942 жылдары аймақ халқы 702 899 сомның дүниесін жинап, майдан даласына 4791 күлік жіберген. 1943 жылы 376 370 сомды ақшалай табыстап, оған қосып 2629 жылқы берген. 1944 жылы 103 768 сом жинап, тағы да 791 ат дайындаған. 1945 жылдың басында 1071 ат берген екен (Аймақтық архив қоры, ф-4, хд-3).

Осылардың ішінде Ойғыр сұмынының халқы Ильяс Оралбайұлы 1 киіз үй, 60 ат, Пұшатай Оралбайұлы 240 ат, Д.Қопатай 113 ат сыйға тартқан. Сол кездегі ахуалды бастан кешкендердің айтуына қарағанда ет, жүн, тері, май салығы қатаң түрде жиналып, тапсырылып отырған. Халықтан осылай жиналған ақша, азық-түлік, киім-кешекті үкіметтік арнайы комиссия, жауапты адамдар майданда шайқасып жатқан әскери бөлімдерге жеткізіп беріп, оларға материалдық және рухани жағынан көмектесіп отырған. Мәселен, 1943 жылы қарашада аймақ әкімінің орынбасары қызметіндегі Қашқынбай Мәлікұлы көмек жеткізу комиссиясының құрамында болған. Ол делегацияны маршал Х.Чойбалсан басқарып барған. Олар Калинин майданының шебіне «Баян-Өлгий» атты танк колоннасы мен азық-түлік, киім-кешек жеткізіп берген екен

Қашекең осы сапары жайында 1985 жылы Жеңістің 40 жылдық мерекесі қарсаңында «Өмір өрнектері» дейтін көлемді естелік жазып қалдырыпты. Осы естеліктен үзінді келтірсек: «…1942 жылдың күзінде мені Ұлан-батырға шақырды. Қызыл Армияға көмек апаратын топтың құрамына енгізіпті. Делегацияны маршал Х. Чойбалсын бастап жүрді. «Төңкерісшіл Монғолия» атты танк колоннасына сыйға тарту үшін 1942 жылы қараша айында жолға шықтық. 1943 жылы 12 қаңтар күні Мәскеу маңындағы Наро-Фоминский дейтін шағын қалашықта Монғол жұртының қаражатына жасалған 53 танкті полковник М.Т.Леонов басқарған 112-ші Қызыл тулы танк бригадасына тапсыру рәсімі өтті. Мен қабырғасына «Баян-Улгей» деген үлкен жазуы бар танкті экипаж командирі Резковқа тапсырдым. Ол мені танкке отырғызып, ары-бері алып жүрді. Бай-өлкеліктер жинап берген азық-түлік, киім-кешекті солдаттарға үлестіріп бердім. Жиын соңында бригада командирі: – Біз бұл танкілермен Берлиннің көшесін таптаймыз, – деді» (суретте).

Жоғарыдағы 112-ші танк бригадасы туралы Монғол баспасөзінде көп жазылыпты. Монғол елі сыйлаған 53 танктің он шақтысы 5375 шақырым жол жүріп, Берлинге барған. Бір таңғаларлық жағдай, «Баян-Улгей» атты танк те  аман-есен Берлинге тұмсық тіреп тоқтапты. Осы танк бригадасынан соғыс жылдары 16 Кеңес Одағының Батыры шығыпты. Соғыстан кейін бригадаға Сүхе-батор есімі беріліпті.