Аймақтар • 27 Наурыз, 2020

Арзан азық-түлік түрлері үзілмейді

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгідей күрделі кезеңде күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерінің жеткілікті, әрі бағасы тұрақты боулының орны айрықша. Ақтөбе аймағында бұл бағытта бірқатар кешенді шаралар белгіленген.

Арзан азық-түлік түрлері үзілмейді

Атап айтқанда өткен жылы облыста тұрақтандыру қорына мол әрі жеткілікті азық-түлік қоры жасақталғаны қазіргі кезде оның бағасы негізсіз өспеуінің басты бір факторы болып отыр. Бұл өнімдер әр күн сайын облыс орталығындағы «Табыс» коммуналдық базары мен оған қарасты 22 сауда нүктелеріне шығарылып қолжетімді бағамен сатылуда. қазіргі уақытта аталған сауда орындарында картоп пен пияздың және қырық қабат пен сәбіздің әр келісі 75 теңгеден сатылуда. Сонымен бірге күнбағыс майы мен қанттың әр килосы нарықтық бағадан қырық-елу теңгеге төмен. Салыстырмалы түрде алғанда мұндай жағдай қарапайым, тұрмысы төмен отбасылардың аталған көкөніс түрлерін сатып алуына өте ыңғайлы екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Өзгесін айтпағанда көршілес Батыс Қазақстан облысында картоптың әр келісі 140-150 теңгеге дейін шарықтап өсіп отырған жағдайда аталған көкөніс түрінің Ақтөбедегі осындай мөлшердегі бағасы небәрі 75 теңге ғана екендігі сүйінішті жәйт. Бұған қосарымыз Ақтөбе қаласында ет бағасы өткен 2019 жылдың желтоқсан және биылғы 2020 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы баға деңгейінде екендігі.

– Аталған азық-түлік түрлерін тұрғындар қандай мөлшерде сатып алғысы келсе де, коммуналдық базар мен оның бөлімшелерінде бұған ешқандай шектеу қойылмайды. Бүгінгі күнге дейін тұрақтандыру қорында сатылған өнімдерден түскен 240 миллион теңгеге  тағы да фьючерстік сатып алулар жүргізілуде. Бұған қоса күнделікті тұтынатын арзан азық-түлік тапшылығын болдырмау үшін облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Бұған таяудағы күндерде тағы да қажетті азық-түлік өнімдері сатып алынады деді газет тілшісіне Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.

Бағаның аты – баға. Оның табиғатына өзгеріп, құбылып тұру табиғаты тән. Баға аяқ астынан негізсіз, жоғарылап кетсе бұл жәйт әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етпей қоймайды. Осындай жағымсыз жәйтті болдырмау үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан әлеуметтік маңызы бар он тоғыз азық-түлік түрлеріне күн сайын мониторингтік зерттеулер мен тексерулер жүргізіліп келеді.

Бағаның тұрақтылығын қалыпты деңгейде ұстау, Ақтөбе қаласындағы ірі және шағын сауда нүктелерінде санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы және дезинфекция шаралырының жүйелі түрде жүргізілуі тұтынушының қауіпсіз, әрі сапалы өнім сатып алуының басты кепілі. Бұл іске облыстық және қалалық маслихат депутаттары және қоғамдық кеңес пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының мүшелері жан-жақты көңіл бөлуде. Олардың ортақ ұйғарымы мен шешімі бойынша жүргізілген рейттер оң нәтижелер беруді. Бағаны негізсіз көтеруге себепші болғандар прокуратура органдары тарапынан да тиісті бақылауға алынған.

Міне, өңірде әлеуметтік мәні бар азық-түлік түрлерін тұрғындарға тұрақты түрде жеткізу жөнінде қолға алынған іс-шаралардың кейбір мысалдары осындай.

АҚТӨБЕ