Қазақстан • 27 Наурыз, 2020

Автокөлік бағасы қымбаттауы мүмкін

540 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемдік мұнай бағасының күрт құлдырауы теңгені әлсіреп ел экономикасын тығырыққа тіреуде. Бұл жағдай автоөндіріс саласын айналып өтпейтіні анық. Тіпті, алдағы уақытта қаржылық жағдайдың салқыны темір тұлпар бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Автокөлік бағасы қымбаттауы мүмкін

Жаһанды шарпыған коронавирус та автоөндіріс саласының тежелуіне себеп болуда. Әлем елдеріне автобөлшектердің басым бөлігін сатып отырған Қытайдың бүгінгі жағдайы мәз емес. Fitch халықаралық рейтинг агенттігі Қытайдағы автобөлшектердің сатылым көрсеткіші төмендеп кеткенін мәлімдеді. Індеттің арты ұзаққа созылмай, жағдай тұрақталса несиеге берілетін көліктердің көрсеткіші айтарлықтай «зардап» шекпейді. Ал коронавирустың жаңа толқыны пайда болған жағдайда, болжамдар мен межелі кіріс көрсеткіштері төмендеуі бекмүмкін. Соған қарамастан наурыз айында Қытай автоөндіріс ошақтары қайта іске қосылып, қытайлықтар сәуір айындағы жоспар бойынша сатылым көрсеткішін еселеп арттыруға ниетті.

Қазақстанға автобөлшектердің басым бөлігі сырттан келетін болғандықтан теңгенің долларға шаққандағы бағамы автонарыққа тікелей әсер етеді. Бүгінгі жағдайда көк қағаздың құны артқан сайын автодилерлер көлік бағасын қайта қарауға құлшынып отыр. Алайда, Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімдемелеріне сәйкес таяу уақытта шикізат пен валюта нарықтарындағы құбылмалықты азайту жөнінде шаралар қабылданады деп күтілуде. Сондықтан бағаның қаншалықты өсуі теңге бағамы мен мұнай бағасының қандай межеде тұрақтанатынына байланысты болмақ. «Қазавтожол» Одағының Стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарянның айтуынша, әзірге темір тұлпарлардың бағасы сақталады. Бірақ айдың аяғына қарай бұған дейінгі сатып алынған машина жиынтықтарының қоры таусылады. Қайтадан салтып алынатын қор көлемі жаңа доллар бағамымен есептелінетіні түсінікіті. Бұған қоса, базалық ставканың артуынан кейін екінші деңгейлі банктер ұсынатын автокредит бойынша мөлшерлемелер өседі. Бұл жағдай автокөлікті несиеге алушылар санының кемуіне әкелуі мүмкін. Автонарықты құрдымға кетірмеудің бірден бір амалы мемлекеттік автонесие беруге арналған бағдарламанының көкжиегін кеңейту. Бұл ретте мемлекеттен берілетін 20 млрд теңгені 50 млрд теңгеге дейін кеңейту көзделіп отыр.

Ескеретін жайт, Қазақстандағы жеңіл көлік өндірісі Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, оның ішінде ресейлік модельдерге тіркелей тәуелді. Одақ аясында доллармен сауда жасамайтынымызды алға тартқанмен толықтай әлемдік нарықтан жеке дара бөлініп кеткен жоқтыз. Машина өндірісіндегі локализация негізінен қырық күнде жүз құбылған валютатан сақтайтын негізгі сала еді. Бірақ құрастырылатын бөлшектердің өзі толығымен сырттан келетінін ескерсек, елдегі құрастырылған көліктер тұтастай автонарықты қамтамасыз етуге дәрменсіз.

Елімізде сатылған әрбір бесінші автокөліктің үшеуі Қазақстанда шығарылған. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бұл көрсеткіш сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.

̶ Былтыр елімізге 744,6 млн долларға 33,9 мың жеңіл автокөлік импортталған. Әкелінген автокөліктер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,3% – ға, бағасы 20,2% -ға өскен. Сырттан келген көліктердің басым бөлігі көрші Ресейден.  Бұл ел Қазақстанға 387,1 млн долларға 19,1 мың автокөлік шығарған. Сонымен қатар Жапониядан құны 218,9 млн долларға 6,2 мың автокөлік әкелінген. Өзбекстаннан 22,7 млн долларға 2,8 мың автокөлік сатып алынған, ̶ деді Б.Ысқақов. Оның айтуынша, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл көлік бағасында өзгеріс байқалады. Сатылымы бойынша көшбасшы Toyota Camry-дің құны өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 1 млн теңгеге немесе 16,2% - ға өсіп, 10,76 млн теңгені (2019 жылдың қаңтар айында 9,26 млн теңге) құраған. Арзан саналатын Ravon Nexia модельдері былтыр 4,49 млн теңгеден сатылса, биыл 3,469 млн теңгеге саудаланған. Қазақстандықтардың таңдауы жиі түсетін Lada брендінің бағасы да қымбаттаған. Өйткені мұнай бағасының арзандауы рубльдің әлсіреуі көрші елдегі автонарықтың тақыр таянуына әкеп соқты. Ресейлік сарапшылар 2020 жылы автомобиль нарығы 10%- ға төмендеуі мүмкін екенін болжап отыр. Бұл елде  ағымдағы жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша көлік бағасы орта есеппен 2-3 %-ға өскен. «Рольф» тобын дамыту жөніндегі директоры Владимир Мирошников биыл автокөлік бағасының қымбаттауына утильсбор ставкаларының артуы ықпал еткенін айтады.

̶ Көлік бағасының қымбаттауы қосалқы құн салығының 18-ден 20%- ға дейін көтерілуі, сондай-ақ инфляция мен бағамның ауытқуы салдарынан өсіп отыр. Бұл факторлар импорттық автокөліктерге де, құрастырылатын автокөліктерге де әсер етуде, ̶ деді Мирошников. Оның айтуынша, көлік бағасы алдағы уақытта да өсе береді. Ресейдегі жаңа автокөлік сатып алуға мүмкіндігі бар қалталы сатып алушылардың саны кеми түскен. Нарықты қолдау бағдарламалары да қысқаруда. Жағдайдың нақты қалай өрбитіні мұнайдың бағасы мен коронавирус қаупінің сейілуіне байланысты болмақ.