Таным • 27 Наурыз, 2020

Атамды жарақаттаған снарядтың жарқыншағы үйде сақтаулы

905 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Төлеген Тоқтаров аласа бойлы, шапшаң қозғалатын жігіт еді» деп суреттеп берген екен.

Атамды жарақаттаған снарядтың жарқыншағы үйде сақтаулы

Атамыз Малгаждар Зайырұлы (кейбір құжаттарында Заиров деп жазылған) - Ұлы Отан соғысының ардагері. 1923 жылдың 5 наурызында Тарбағатай ауданының Қамысты фермасының жоғарғы жағындағы Зайыр қыстауында дүниеге келген.

с

1942 жылдың қаңтар айында майданға шақырылып, Аягөз станциясында жасақталған 310-шы атқыштар полкінде жауынгерлік және саяси дайындықтан өтеді. Бір айдан кейін, яғни 1942 жылдың ақпанында Мәскеудің қасындағы Фомино, қазіргі Наро-Фоминск қаласында орналасқан 108-ші атқыштар дивизиясының 444 атқыштар полкына түседі. Сол жерде бөлімше командирі болып, сержант атағын алады. Қан майданның ортасында жүрген атамыз батыр Төлеген Тоқтаровпен қалай кездескені турасында әңгімелеп, анамызға: «Төлеген Тоқтаров аласа бойлы, шапшаң қозғалатын жігіт еді» деп суреттеп берген екен.

су

1943 жылдың қазан айында қатты жарақат алып, госпитальге түсіп, жазылғаннан кейін 115-ші жеке атқыштар бригадасына ауысады. 1944 жылы 29 маусымда снарядтың жарылысынан қатты жарақат алып, №3640 эвакуациялық госпитальге түседі. Госпитальда сол жылдың 7 қыркүйегіне дейін емделіп, соғысқа жарамсыз деп танылғандықтан елге қайтады. Снарядтың жарқыншағы жүрекке жақын тигендіктен ота жасап алу қауіпті болған. Кейін елге оралғанда сол жарқыншақ жылдар өте келе қолтығының астын тесіп шығыпты. Аталмыш жарқыншақ қазір менің қолымда. Арнайы сараптама жасатып, құжатпен бекітіп алсам ба деген ойым бар. Ерлігімен көзге түскен атамыз сол кездері 2-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен, көптеген медальдармен марапатталады.

ке

Соғыстан кейін совхозда зейнеткерлікке дейін еңбек етті. Қамысты фермасында есепші, қойшы болды. Еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болды. Үйімізде атамыздың медальдарының куәліктері сақталған.

нек

Ел ішінде атамыз өзінің кірпияз, тазалығымен аты шығып, "Чақай сері" атанып еді. Көзі тірісінде құрдастары мен замандастарының құрметіне бөленді. Еңбек етуге келгенде алдына жан салмайтын, ауыртпашылықтан қорықпайтын, еш нәрсеге мойымайтын қатал жан көрінгенімен, әзілге жуық, ақкөңіл адам болатын. Әсіресе соғыс туралы сұрағанымызда: «Оның бетін әрі қылсын, біз кешкен, біз көрген қанды қырғынды сендер көрмеңдер, болашақтарың жарқын болсын» деп отыратын.

Мен атам барда тым кішкентай болсам да, кейіннен ол кісінің қандай адам болғандығын үлкендерден естігенімде бойымды мақтаныш сезімі кернеп, өзімнің тегімнің Малгаждар болғанына қуанатынмын. Атамның ауылға үлгі болып, оның соғыстағы ерлік жолдарының кейінгі ұрпаққа естелік ретінде болса да қалғаны, артында қалған ұрпақтарының тағзым етер алып тұлғасына айналғаны біз үшін зор мәртебе!

Сұрапыл қан майданда қаншама қазақ батырлары Отан үшін жан қиып, шейіт болса, Малгаждар атамыздың бауырлары Сәдуақас, Оқас деген кісілердің із-түссіз кеткендері жайлы үйдегі үлкендердің аузынан еститін едік. Өкінішке қарай, ағайындылар туралы осы күнге дейін ешқандай мәлімет жоқ.

 

Нұржан Малгаждаров,

 «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының

Қаһарман Қ.Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің

идеологиялық жұмыстар, арнайы насихат және

мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша аға офицері,

капитан

 

ӨСКЕМЕН