Аймақтар • 27 Наурыз, 2020

Оралда 976 мұғалім ақылы демалыста

720 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысына көршілес жатқан Ақтөбе және Атырау облыстарынан коронавирус індеті тіркелді. Осыған орай Оралда сақтық шарасы күшейтілді. Бұл жөнінде Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков айтып берді.

Оралда 976 мұғалім ақылы демалыста

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері Орал қаласында барлық мәдени, спорттық нысандар жұмысы тоқтатылса, 27 наурыздан бастап Орал қалалық демалыс саябағы жабылды. Облыс орталығында 221 сауда және қызмет көрсету орнының жұмысы тоқтатылған. Сондай-ақ қаладағы 54 спорт алаңдары да жабық тұр. 

- Орал қаласы әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын алғашқы күннен бақылап келеміз. Бүгінгі таңда базарларда картоп бағасы килограмына 120 теңгеге тұрақтады. Облыс бойынша әлеуметтік маңызды тауарлардың шекті бағасы белгіленуде. Кеше ғана көтерме саудамен айналысушы кәсіпкерлер облыс орталығына 70 тонна қант жеткізді. Мемлекеттік бюджеттен де қаржы бөлініп, «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы облыс тұрғындарына қажетті қор жасақталып жатыр. Дәл қазір алаңдауға еш негіз жоқ, облыс аумағында бірнеше айға жететін азық-түлік қор бар, - дейді Абат Шыныбеков.

Облыс орталығында санитарлық тазалық шараларына ерекше мән беріле бастады. Бүгінде «Жайық Таза қала» ЖШС Оралдағы 376 аялдамаға дезинфекция жасауға кірісті. Жолаушы тасымалымен айналысатын 400-ге жуық қоғамдық көлік иелері де әр айналым сайын жүйелі дезинфекция жасайды. Сондай-ақ қалалық пәтер иелері кооперативтері көп қабатты үйлердің кіре берісі мен жертөлелеріне санитарлық дезинфекциялық шаралар жасауға кірісті.

- Орал қаласында көпқабатты 1234үй бар, оларға 107 ПИК қызмет көрсетеді. Рас, көппәтерлі үй 334 ПИК-ке бірікпеген. Дегенмен барлық пәтер иелері кооператив басшыларына, тұрғынүй жетекшілеріне ескерту беріп, санитарлық тазалық шараларын жасауға тапсырдық күні бүгін  көппәтерлі 598 тұрғын үйде дезинфекция жасалып жатыр, - дейді қала әкімі.

Абат Шыныбековтің айтуынша, төтенше жағдай жарияланғалы бері қаладағы қоғамды көлік қызметін тұтынушы адам саны азайған. Осыған байланысты 28 маршрутта автобус саны қысқарған екен. «Бірақ бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасына әсер етпейді» деп сендірді қала басшысы.

Оқушылардың көктемгі каникул уақыты аяқталуға таяу. Төртінші тоқсан қашықтан оқытылатыны белгілі болды. Қазірдің өзінде Орал қаласында білім саласында қызмет ететін 4176 қызметкердің 3200-і қашықтан жұмыс істейді. Ал 976 мұғалім ақылы демалыста. Оқу тоқсан басталғанда Орал қаласында 50 мыңнан аса оқушы қашықтан оқуға кіріспек.

Медициналық бетперде тапшылығы барлық жердегі сияқты Орал қаласында да байқалуда. Бірақ бүгінде шаһардағы кәсіпорын-фабрикалар, тігін ательелері халық сұранысын қанағаттандыру үшін бетперде өндірісін жолға қойып жатыр. «Қазірдің өзінде біздің тігіншілер күн сайын 20 мыңдай бетперде тіге алады, бұл көрсеткішті одан әрі көбейтуге мүмкіндік бар» дейді Абат Шыныбеков.

«Арық атқа қамшы ауыр» демекші, төтенше жағдайдың салқыны ең алдымен аз қамтылған отбасыларға тиіп кетуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік ахуалы нашар шаңырақтарға ерекше назар аударылады. Орал қаласы бойынша 1367 отбасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Одан бөлек, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 200-дей отбасыға азық-түлік көмегі беріліпті. 10 мыңдай бетперде тігіліп, қайырымдылық есебінде таратылған.

- Коронавирус індеті күн сайын қанатын жайып келе жатыр. Оралдықтарға айтарым, мәселеге байыпты қарап, жауапкершілікті күшейту қажет. Үйден шықпай, оқшаулану режимін ұстанайық, ең жақын адамдарымызды қауіп-қатерден сақтайық. Әсіресе айтарым, азық-түлік, күнделікті қажет нәрсемізді алғанда онлайн төлем ақысына көшуге шақырамын. Өйткені, қолма-қол ақша – инфекция көзі. Қазір кез-келген сауда орталықтарында, дүкендерде тауар ақысын онлайн төлеуге мүмкіндік бар. Біздің кәсіпкерлеріміз де бұл ұсынысты қолдайды деп ойлаймын, - деді Абат Шыныбеков қоштасарда.

Батыс Қазақстан