Аймақтар • 27 Наурыз, 2020

CALL-орталығы қызу үстінде

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық әкімдігі жанынан коронавирустық ахуалға қатысты ақпарттандыруды жүйелендіру мен оңтайландыру мақсатында CALL-орталығы құрылып, қызмет жасап келеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін орталыққа тұрғындар 906-606 байланыс телефон арқылы хабарласа алады.

CALL-орталығы қызу үстінде

Қазіргі күнге дейін оған тұрғындардан түскен сұрақтардың арасында медициналық маскалар мен антисептик жабдықтардың жетіспеу мәселесі басым сипат алған болса, кейінгі күндері бұл мәселе шешімін тапқандықтан келесі кезекте азық-түлік бағасы, оқушыларды онлайн режимінде оқыту тәртіптерін білу жөніндегі мәселелер алға шығыпты.

- Тұтастай алғанда пандемияның жай-күйіне орай қойылған сауалдар сараланып, сүзгіден өткізіліп, оған өкілетті құзырлы органдардың өкілдері мен мамандары жауап қайтарады. CALL-дың басты артықшылығы облыстың шалғай аудандарын да тұтастай қамти алуында. Бұл ретте тұрғындарды толғандырған мәселелерге байланысты мобильді топтарға тиісті тапсырмалар беріледі. Әйтеуір көкейге медеу тұтарлық жайт алыс елді-мекендерде бағаның негізсіз көтерілу деректері орын ала қоймапты, - дейді Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов.

Ақпараттандыру және сыртқы байланыс басқарасының басшысы Сергей Беккердің айтуынша, бүгінгі күні орталыққа 18 адам жұмысқа тартылған. Оның операторлары күндіз-түні хабарласқан азаматтардың талап тілектерін тыңдауға әзір. Бүгінгі күнге дейін жасалған талдауларға сүйенсек тұрғындардың дені коронавирустың қандай анализдер тапсырғанда анықталып, белгілі болатынын білгісі келетінін байқауға болады. Сондай-ақ, төтенше режим жағдайында ипотекалық несие төлемінің қалай жүргізілетіні де көпшілікті алаңдататыны сезіліп қалып жүр. Оларға несиелік қарызды кейін де төлеуге болатыны жөнінде жуаптар қайтарылған. Ал келесі бір сауалдардың төркіні карантинде жатқан адамдардың күтімі қандай екеніне қатысты туындапты. Орталыққа вахталық әдіспен өзге аймақтарда жұмыс істеп жүргендер де хабарласып тұрады екен.

- Орталық ең алғаш құрылған күндері хабарласушылар телефон желісінің бос еместігіне арыз-шағымдар түсірген еді. Соған сәйкес телефон арналары көбейтіліп, көп арналы тәртіпке көшірілді. Алдағы кезде қажеттілікке қарай тағы да қосымша байланыс желілерін орнатуға техникалық мүмкіндігіміз жеткілікті, - дейді сала жетекшісі С. Беккер.

Міне осылайша бүгінгі күні Ақтөбеде құрылған CALL орталығы қызу іс үстінде.

Ақтөбе