Әлем • 28 Наурыз, 2020

БҰҰ-ның 86 қызметкері коронавирус жұқтырған

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүкіл әлемде коронавирус жұқтырған БҰҰ қызметкерлерінің саны артып келеді. Бүгінге дейін БҰҰ-ның 86 қызметкері жұқтырды. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының АҚШ-тағы тілшісі Майра Абдрахманова хабарлады.

БҰҰ-ның 86 қызметкері коронавирус  жұқтырған

«Коронавируспен байланысты дағдарыс кезінде БҰҰ штаб-пәтерде және әлемнің түкпір-түкпірінде жұмысын жалғастыруда»,  деп мәлімдеді әлемдік ұйымның басшылығы БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған брифингте.

Бас хатшы Антониу Гутерриш БҰҰ-ның қиын және қауіпті аймақтарда жұмыс істейтін батыл және еңбекқор ұжымына алғыс айтты.

Барлық елдер мен халықаралық ұйымдар сияқты, коронавирустың таралуына байланысты БҰҰ өз қызметкерлерін қорғау үшін бірқатар батыл қадамдар жасады.

Мысалы, аптаның соңғы жұмыс күнінде, 27 наурызда Нью-Йорктегі БҰҰ Хатшылығының ғимаратына бар болғаны 140 адам барды, ал наурыздың басында, яғни шектеулер қойылмай тұрып бұл сан 11 мыңға жетті.

БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде 4 мың адамның күнделікті ағымының орнына тек 70 адам тіркелген, ал Вена филиалында қызметкерлердің 97 пайызы қашықтағы жұмысқа ауыстырылған.

Бұл туралы БҰҰ өкілі Стефан Дужаррик онлайн режимде өткізген күнделікті брифингінде мәлімдеді.  «Біз бәріміз жаңа технологияларды қолдана отырып, жұмыстың жаңа тәсілдерін үйренеміз. Біз қазіргі жағдайда БҰҰ қызметі туралы ақпарат беру тәсілдерін жетілдіргіміз келеді» дейді ол қазақстандық журналистпен кездескен кезде.