Қазақстан • 28 Наурыз, 2020

Коронавирусты анықтайтын экспресс-тест Қазақстанда қанша тұрады?

282 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің тұрғындарын коронавирусқа тексеруді «Олимп» клиникалық-диагностикалық орталығы қолға алады. Олардың мәліметінше, экспресс-тесттен өту құны шамамен 4000-5000 теңге аралығын құрамақ.

Коронавирусты  анықтайтын экспресс-тест Қазақстанда қанша тұрады?

Бұл тесттен алдымен коронавирусты жұқтырған адамдармен жақын байланыста болған азаматтар өтеді. Мұндай тұрғындарды сараптамадан тегін өткізуді «Сәби» қайырымдылық қоры мойнына алып отыр. Ол үшін азаматтар «Олимп» КДО ресми сайтындағы арнайы ұсынылған анкетаны толтыруы керек. Сұрақ-жауапты эпидемиолог-мамандар сарапқа салады да тесттен өтуге тиіс пациенттерді іріктейді.

Экспресс-тесттің алғашқы легі 50 мың данадан алдымен Нұрсұлтан және Алматы қалаларына келіп түседі. Арнайы сұрыпталған азаматтар тексеріліп болғаннан кейін зертхана тестті ақылы негізде жүргізе бастайды, оның уақыты қосымша хабарланады.

Ақылы экспресс-тесттер Қазақстанның барлық қаласында жүргізілетін болады. Өзінің вирустан сау екеніне медициналық жолмен көз жеткізгісі келген адам қалауы бойынша ақылы тест тапсырып, тексеріле алады. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ