Бұл мәселе облыстық әкімдікте де көтеріліп, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл жұмыстардың атқарылуын сынға алған еді. Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, 2014-2018 жылдары басталған 70 жобалық-сметалық құжат әлі күнге дейін әзірленіп бітпеген. Сондай-ақ, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров та сол секілді 20 ЖСҚ туралы баяндады.
«Жобалық-сметалық құжаттарды дайындау мерзімінің созылуының басты себебі – жауапты мемлекеттік органдар тарапынан бақылаудың болмауы. Неге тиісті шараларды қабылдамайсыздар? 2013 жылдың жобалау-сметалық құжаттамасы қазір кімге керек? Өйткені, құрылыс материалдарының бағасы, технологиясы мен талаптары түбегейлі өзгерді. Ал, мемлекеттің ақшасы желге ұшуда. Тағы бір мәселе – сметаны дайындау кезінде бағаны негізсіз көтеру. Мұндай тәсіл дұрыс емес. Бюджет қаражатына ұқыпты қарау керек. Ол үшін жаңа технологияларды енгізе отырып, жергілікті материалдарды пайдалану маңызды», деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, әкім өңірдің бас құрылысшысының жиынға дайындықсыз келгенін де сынға алды. Шынында да сол салаға жауапты басшының атқара алмаған жұмысын басқасы қалай атқарады? Өзі білмегенді өзге қайдан біледі? Тиісті сала басшыларының да жауапсыздығы жұмыстың жүйесіздігіне әкеліп соғады.
Жамбыл облысы