Аймақтар • 28 Наурыз, 2020

Семейде вирус жұқтырғаны анықталған науқастар Египеттен келген

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Семей қаласында коронавирус дертінің алғашқы 2 жағдайы расталды. Облыс әкімі Даниал Ахметов хабарлағандай, отбасылық жұп 1959 жылы дүниеге келген. Олар 2020 жылдың 21 наурызында елімізге «Шарм-Эль-Шейх – Нұрсұлтан» рейсімен оралған. Египетте демалыста болған. Семей қаласына өз көлігімен жеткен. Олармен бірге отбасы мүшелері, яғни, тағы 5 адам болған. 2020 жылғы 28 наурызда жүргізілген COVID-19 талдауы төрт адамда теріс нәтиже көрсетті. Бір талдау қазіргі уақытта зерттеу барысында. Сонымен қатар, олармен байланыста болған тағы бір адам анықталды. Оның да анализі тексеруге алынды. Қазіргі таңда төртеуі провизорлық стационарға оқшауланған, қалған төртеуі карантиндік стационарда дәрігерлердің бақылауында тұр.

Семейде вирус жұқтырғаны анықталған науқастар Египеттен келген

Осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанов тікелей эфирде мәлімдеме жасады:

- Науқастардың жағдайының ауырлығы орташа деңгейде. Алғашқы шағымдарында дене қызуы мен сирек жөтел болған. 1959 жылы туған азаматқа екі ошақты пневмония диагнозы, ал әйел адамға бронхопневмония диагнозы қойылған. Жедел медициналық көмек бригадасы шұғыл әрекет етіп, алгоритмге сәйкес арнайы капсулаларда оларды стационарға жеткізді. Жағдай қадағалауда тұр. Және барлық жауапты қызметтердің бақылауында,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Қазіргі уақытта бұл адамдар тұратын орындарға дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы РҚБ қорғаныс бөлімшелері дезинфекция жүргізді. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің жеке құрамы, биологиялық қорғау, қалалық мәслихат қызметі де жұмылған. Дезинфекциялық ерітіндісі бар жеке газсыздандыру жиынтығымен жабдықталған әскери қызметшілер осы үйлердің ауданында орналасқан дәріханаларды, дүкендер мен балалар алаңдарын қоса алғанда, инфекцияны жұқтыру қаупі бар бірнеше тұрғын үйлерді өңдеді. Дезинфекциялау жөніндегі іс-шаралар коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабпен өзара іс-қимылда ұйымдастырылуда.

- Іргелес аумақты өңдеу арнайы дезинфекциялық ерітіндімен жүргізіледі, оның әрекеті бес сағатқа дейін созылады. Үй тұрғындары мен жерге әсер етпейді. Бүгінгі күні Физкультурная көшесіндегі үйлерді өңдеу үшін 400 литр жуық зат пайдаланылды, - деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің бастығы полковник Қайрат Тұрғанбеков.