28 Тамыз, 2013

Ветеринария бөлімдері көлікті болды

330 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 Өткен ғасырдың 90-шы онжылдығының соңғы жылдарының бірі болатын. Кеңшарлар ыдырап, әркім қалт-құлт еткен өз шаруашылығын аяққа тұрғыза алмай күбінген кез еді. «Жан бар жерде жазым бар» дегендей, алда-жалда мал баласы ауыра қалса, бір ине салдырудың өзі үлкен іс. Мал дәрігері тапшы, дәрі-дәрмек жоқ. «Қырсыққанда қымыран іриді» емес пе, сол жылы шалғайдағы малды ауылдардың ірі қара малдары арасында қотыр ауруы шықты. Дәрі жоқ. Бірқатар тұрғындардың мал басы саналған түйелерінің, аузын үпіріп, табанын қыдықтап балаша еркелеткен бота-тайлақтарының жүндері түсіп, терілері сары-жасыл боп жалқындай іріп, ақыры жарықтықтар өліп тынатын. Дәрі таба алмай сарсылған жұртқа аудан орталығындағы мал дәрігерлері шағын шөлмектегі сұйық дәріні бір жылқыға айырбастап, қарық болған. «Бірнеше түйе үшін бір жылқы құрбан» деген малшылар осы дәріні үнемдей жағып, әлгі дерттен әзер құтылғаны бар.

Жасыратыны жоқ, малды ауылдардың дәрігерлік қызметпен қамтылуы күні бүгінге дейін өткір күйінде келеді. Жеке де болса, мал, шаруашылық – халық игілігі, тұрғындардың күнелтісі. Ауырғаны өліп, өлексені ит-құс, қарға-құзғынның «дастарқанына» теңкитіп сүйреп тастағаннан гөрі, мүмкіндігінше емдеу қаншалықты игілікті болар еді.

Маңғыстау облысында осыдан 2-3 жыл бұрын ветеринарлық атқарушы қызметтер жергілікті атқарушы органдар құзырына беріліп, аудандарда ветеринарлық бекеттер құрылған болатын. Көп кешікпей мал дәрігерлік қыз­метті материалдық-тех­ни­­калық жабдықтармен қам­тамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік бюджеттік бағдарламаның қабылдануы да бұл қызметтің «тамырына қан жүгірген» сәт болды. Жақында бұл бағдарлама да жемісін бере бастады. Облысымыздың аудан-қаларындағы мал дәрігерлік бөлімдерінің бірқатарына Өскемен қаласындағы «Азия Авто» отандық зауытта құрастырылған су жаңа «Нива» маркалы 38 көлігі табысталды. Енді мал дәрігерлері алыс жол үшін ыңғайлы көлікпен шалғайдағы малды ауылдарға барып, қызмет көрсетуге міндетті. Көлік вакцина сақтауға арналған тоңазытқышпен, дезинфекциялық қондырғымен, пантологиялық жи­нақпен, сондай-ақ дәрі-дәрмекке арналған жәшікпен жабдықталған.

– Бұл мемлекеттік бағдарлама бойынша қол жеткен көліктердің алғашқы легі. Жыл соңына де­йін ветеринария бөлімдеріне 7 «Пикап» көлігін, биологиялық қал­дықтарды жоятын қондырғылар мен өзге де құрал-жабдықтар берілетін болады, – дейді Маңғыстау облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қармасының ветеринарлық бөлім бастығы Ш.Хамиев.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Алдашев тапсырған кілтті қолдарына алған аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары осы сәттен бастап мал басының амандығына жауапкершілікті де арқалап алды деп ойлаймыз. Өйткені, «мал-жаның аман ба?» деп амандасатын қазақтар үшін малдың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар