Әлем • 28 Наурыз, 2020

BBC: Коронавирус стартаптарға кедергі келтіріп отыр

265 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирустың пандемиясы көптеген стартапқа кедергі келтіріп отыр. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады. 

BBC: Коронавирус стартаптарға кедергі келтіріп отыр

Мәселен, Британиялық OneWeb компаниясы банкротқа ұшырады.Компания өкілдері жағдайдың бұлай өрбуіне коронавирустың пандемиясын айыптап отыр.

OneWeb Нью-Йорк штатының сотына банкрот туралы өтініш түсірген. Жыл басынан бері компания келіссөздер жүргізіп, ғарышқа жер серігін шығаруды жоспарлаған болатын. Аталған спутниктер әлемнің алыс түкпірлерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету керек еді.

Алайда компания SoftBank банкімен келісімге келе алмай, құйылуы тиіс 2 миллиард долларға қол жеткізе алмай қалды. Басты себеп – Қытайдан шыққан коронавирустың жаппай таралуынан нарықтың құлдырауы. Келіссөздердің сәтсіз аяқталуы компанияға оңайға тиген жоқ.

Жоспарға сәйкес,  OneWeb-тің 34 спутнигі 21 наурызда «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2.1б» зымыран тасығышы арқылы көкке көтерілді. Бұл уақытта SoftBank бір сағат бұрын ғана мәмілеге келуден бас тартқан-ды. Енді, инвестициясыз қалған OneWeb-тің спутниктерінің алдағы тағдыры беймәлім болып тұр.

OneWeb жобасы 2027 жылы әлемнің алыс түкпірлеріне жоғары жылдамдықты интернет жеткізуді жоспарлаған-тұғын. Соған сәйкес, 684 спутник ғарышқа шығарылуы тиіс еді. Жоба авторы – Гуглдың бұрынғы қызметкері Грег Уайлер.

Соңғы жаңалықтар