28 Тамыз, 2013

Бал

2360 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

medҚасиетті Құран Кәрім сүресінде (Ән-Нахл сүресі) ара туралы жазылуы тегін емес. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз да Хадистерінде екі түрлі емге: Құран мен ара балына айрықша ілтипатты болуға шақырады. Көктен түскен қасиетті төрт кітаптың бірі Інжілде бал туралы бірнеше мәрте айтылады. Иә, Жаратушының адамзатқа жіберген ерекше ырыздығы туралы сөз қозғау да ғанибет.

АЛТАЙ БАЛЫНЫҢ ДАҢҚЫ

«Бардан ауысады, балдан жұғысады». Әлбетте, алға қойған астан бастап бұлықсыған сұлуға дейін шәрбатты дүниенің бәрін балға теңестіретін қазағымыз балды ертеден біледі. Айталық, «бал қымыз», «бал қаймақ», «бал ерін» деген сияқты түрлі теңеулер ілкім заманнан айтылып келеді. «Бала тілінің бал» екеніне сүйсінетін де біздің жұрт. Еуроцентристік ұғымдағы жас жұбайлардың алғашқы шаңырақ көтергенде өткізетін бал айы бүгінгі қазақпен біте қайнасып кеткелі біраз болды.

Қасиетті Құран Кәрім сүресінде (Ән-Нахл сүресі) ара туралы жазылуы тегін емес. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз да Хадистерінде екі түрлі емге: Құран мен ара балына айрықша ілтипатты болуға шақырады. Көктен түскен қасиетті төрт кітаптың бірі Інжілде бал туралы бірнеше мәрте айтылады. Иә, Жаратушының адамзатқа жіберген ерекше ырыздығы туралы сөз қозғау да ғанибет.

АЛТАЙ БАЛЫНЫҢ ДАҢҚЫ

«Бардан ауысады, балдан жұғысады». Әлбетте, алға қойған астан бастап бұлықсыған сұлуға дейін шәрбатты дүниенің бәрін балға теңестіретін қазағымыз балды ертеден біледі. Айталық, «бал қымыз», «бал қаймақ», «бал ерін» деген сияқты түрлі теңеулер ілкім заманнан айтылып келеді. «Бала тілінің бал» екеніне сүйсінетін де біздің жұрт. Еуроцентристік ұғымдағы жас жұбайлардың алғашқы шаңырақ көтергенде өткізетін бал айы бүгінгі қазақпен біте қайнасып кеткелі біраз болды.

Бірақ, мұның бәрі қазақ жаппай бал тұтынады деген сөз емес. Жуырда Семей қаласынан Сайлау Төлеуов есімді журналист ағамыз еліміздің бас басылымына жарияланған мақаласында мынадай дерек келтіріпті: Қазақтардың 60 пайызы мүлде бал жемейді. Жан басына шаққанда – 0,1-0,2 грамнан ғана. Жапонияда соғыстан кейін бүкіл халық бал мен ара өнімдерін бірі қалмай пайдаланып отырған. Араға бес-он жыл салып барып ел өзінің интеллектуалдық қуаты жағынан көп елден әлдеқайда ұзап кеткен. Ол елде тіпті бал жемейтін адамды жұмысқа алмайтын тәртіп бар екен» («ЕҚ», 1 шілде, 2013 жыл). Жапондарды жампоз қылған ас біздің бойымызға батпай ма?!..

Расында, бал – қуаты жоғары азық. 1 келі бал адамға 3250 кал. қуат береді. Бал адам ағзасын дәрумендермен, ақуызбен, ферменттермен, т.б. тіршілікке қажетті заттармен байытады. Сондай-ақ, балды асқазан, бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе, жүйке ауруларын емдеуге қолданады. Ара балын опа-далапта, дәрі жасау өндірісінде пайдаланады. Ғалымдардың айтуынша, Алтай балының адам денсаулығына берер пайдасы мол. Атап айтқанда, бал ағзадағы қан құрамын жақсартып, ішкі қызметтерді жандандырады. Иммунитетті арттыру, дененің физиологиялық күш-қуатын қалпына келтіру, ми қызметін күшейтуге әсер етеді, тыныс алу жолдарын артық қақырықтар мен қабынудан сақтайтын да осы бал. Әжеңіздің тұмау немесе суық тигенде ыстық сүтке бал қосып беретіні есіңізде шығар? Балды құрт ауруына, ұйқысыздыққа, бас ауруына, қан қысымына, асқазан жарасына, тіпті күйікке де ем ретінде пайдалануға болады.

Халықтық медицинада бал арқылы ем қабылдау 4 мың жыл бұрын пайда болған екен. Грек ойшылы Пифагор «Ұзақ өмір сүрудің себебі – балды жиі қабылдаудан» десе, әйгілі медицина ғұламасы Әбу Әли ибн Сина «Жастық шағыңды сақтағың келсе, жиі бал же!» депті.

Бал – үлкен бизнес.

Бал – халықты сауықтыратын ас.

Бал – қоршаған ортаны сақтаудың жолы.

Бал дегенде, бүгінде барша базарда самсап тұрған «Алтай балы» еске түседі. Шынында, бұл Төр Алтайдың тартуы ма? Індете зерттеп жатқан ешкім жоқ. Сенбесеңіз – еркіңіз, «алыңыз» деп қыстамайды. Жабайы нарық заңдылығы жасандылық пен алдауды қатар қойғаннан бастап Алтай б алының да қадірі қашты. Бұл – сауда тілімен сөйлегенде «брендті пайдалану».

Мәдени тәсілмен өсірілетін бал аралары Алтай өлкесіне ХVIII ғасырдың соңында келіпті. Өскемен бекінісінің коменданты Николай Аршеневтің жазбаларында алғашқы ара ұялары салынған жәшіктер 1786 жылы Киевтен әкелінгені туралы дерек бар. Шығыс өңіріндегі алғашқы омарта Өскеменнен 40 шақырым жерде құрылған екен. 1825 жылы Өскемен маңайында 86 мыңнан астам ара ұясы болған. 1834 жылы Бұқтырма жағалауынан жиналған 12 мың пұт таза бал Оралда өткен Ірбіт жәрмеңкесіне жеткізіліпті.

Кеңес одағы тұсында Алтай балының даңқы аспандады. Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстан Жапония, Оңтүстік Корея, Германия және өзге де одақтас республикаларға жыл сайын 20 мың тонна бал шығарып тұрған екен. Оның ішінде Алтай балының мол үлесі бар. Бүгінде бұл өлкенің экспортқа шығаратын бал көлемі 1 мың тоннаға жетер-жетпес болып қалды. Қазір елімізде шамамен 73 мыңнан астам омарта тіркелсе, оның 70 пайызы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі.

Шыны керек, ішінара айналысқаны болмаса қазақтың басым бөлігі омарташылық кә­сіп­ке оңқай асықтай кәнігі емес. Омар­ташылар әулетінің басым бөлігі патшалық заманда ішкі Ресейден қазақтың шұ­рай­лы қоныстарына ауып келген кер­жақ­тар, мұжықтар, Кеңес өкіметі кезін­де департацияланған өзге ұлыс өкілдері болатын. Тоқсаныншы жылдары бармағынан бал тамған омарташылар әулетінің ұрпақтары Ресейге, Германияға, т.б. түпкілікті атамекендеріне қоныс аударған соң һәм қоғамдық құрылым төңкеріліп түскен тоқырау заматында бұл кәсіп те әдіре қалғандай болған. Құлдырауды тоқтатып, түгін тартсаң майы, гүлін тартсаң балы шығатын шығыс өлкесінің бал шаруашылығын басынан бастап қайта құрудың қажеттілігі анық байқалды. Өйткені, қазақстандық нарықты қайдан келгені, қандай жолмен өндірілгені белгісіз сапасыз бал тауары басып қалған болатын.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛ ФЕСТИВАЛІ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛДЫ

Елбасының тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев соңғы жылдары өңірдегі бал шаруашылығын дамытуға ден қойып, осыған дейін ожаудан қағылып келген омарташылар ісінің оңға басуы үшін бірқатар кешенді іс-шаралар атқарды.

Атап айтқанда, 2010 жылы облыстың ара өсірушілеріне 4 миллион теңге субсидия берілді. Мемлекет тарапынан жүйелі қолдаудың жыл сайын жақсара түсуі аймақтағы Шемонайха, Зырян, Катонқарағай, Глубокое, Күршім, Үржар, Тарбағатай аудандарындағы омарташылардың кәсібін ілгерілете түсті. Алғашқы бөлінген субсидияның нәтижесінде облыс көлемінде 31 омарта шаруашылығы құрылды. Ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері ара ұяларына сынақ жүргізіп, ара мен балдың сапасын анықтап отырады. Осылайша, омарташыларға субсидия тағайындалады. Субсидия мөлшері бір ара ұясына 6 мың теңгеден беріледі. 2011 жылы облыстық бюджеттен бұл салаға 24 миллион теңге қаржы жұмсалды. Нәтижесінде, 2010-2011 жылдары аймақтағы ара ұяларының саны 40 300-ден 50 700-ге дейін өсті. Бал өндіру 700 тоннадан 3 мың тоннаға дейін көбейді. Биыл бұл межені 4 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл 1991 жылдармен салыстырғанда, өңірдегі бал өндірісінің айтарлықтай артқанын байқатады. Биыл 53 асыл тұқымды омарта шаруашылықтарындағы 7 мыңнан астам асыл тұқымды бал арасы ұясын субсидиялау жоспарланып отыр. Субсидиялау жұмыстары алдағы тамыз айында орындалады. Асыл тұқымды ара шаруашылығын дамытуға бөлінетін субсидиядан бөлек, «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы да омарта шаруашылықтарының қанатын кеңге жаюына мүмкіндік берді. Мәселен, Өскеменнің іргесіндегі Меновное ауылында бал өндірумен шұғылданатын «Апимондия» ЖШС аталған бағдарлама бойынша 2011 жылы жеңілдікпен несие алған болатын. Кәсібін дөңгелете бастаған серіктестік былтыр 21 миллион теңге көлемінде екінші мәрте несие алды.

Бүгінгі күні облыста 54 асыл тұқымды омарта шаруашылығы тіркелген, онда 7 327 орта орыс және карпат асыл тұқымды бал арасы ұясы бар.

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі қарастырып жатқан бір мәселеге шығысқазақстандық омарташылар құлақ түріп отырғаны жасырын емес. Яғни егістік алқабы маңайында орналасқан омарташыларға субсидия беру мәселесі қарастырылуда. Бұл жоба қолға алынса, омарта шаруашылығын дамытудың бір тәсілі болмақ. Себебі, ара ең алдымен өсімдіктерді тозаңдандырушы, әртүрлі өсімдік ауруларының емшісі. Жақын маңда омартасы бар шаруашылықтардың егіні мен бау-бақшасынан өнімді басқалардан біршама көп алатындығы ғылыми түрде дәлелденген.

Ауыл шаруашылығы министрі айтқандай, бал шаруашылығындағы негізгі мәселе – балды өнд іру емес, сату. Кеңес тұсында өзге облыстар алдын-ала тапсырыс беріп, алып кететін Алтай балының бүгінгі өтімділігі көңіл көншіте ме? Бұл – үлкен мәселе.

Өңір басшысының бастамасымен облыс орталығында жыл сайын халықаралық бал фестивалі өткізіліп келеді. Алтай балына деген сұранысты арттыра түсу мақсатын көздеген халықаралық бал фестивалі биыл төртінші мәрте өткізіледі. Былтыр Өскеменде қыркүйек айында өткен фестивальда 152 омарташы өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынып, 45 тоннаға жуық бал және бал өнімдерін саудалауға мүмкіндік алды. Облыс орталығындағы Қазақстан көшесінің бойын бойлай созылып жататын жәрмеңке шын мәнінде дәстүрлі омарташылар тойына айналды. Онда балдың түр-түрімен қоса, балауыз, ара ұясынан алынатын түрлі өнімдер, тіпті арнайы дайындалатын өнімдер саудаланады. Мәселен, өткен жылы Ұлан ауданының «Багратион» шаруа қожалығы бал мен пантыны араластырып жасаған жаңа өнімдерін көпшілікке тұңғыш рет ұсынды. Мамандардың айтуынша, оның тағамдық және емдік қасиеті аса жоғары. Фестиваль аясында өтетін шеберлік сабақтарының да пайдасы зор. Аталған фестиваль омарташылардың ара өсіру мен бал жинауда жоғары жетістіктерге жеткізетін жаңа технологиялар туралы мол мағлұмат алуларына, өзара тәжірибе алмасуларына үлкен мүмкіндік берді.

Облыс басшылығы халықаралық бал фестивалі шеңберінде шетелдік меймандарды шақыруды да ұмытқан емес. Мәселен, өткен жылдары Бүкіләлемдік «Апимондия» омарташылар қауымдастығының президенті Жиль Ратия, Корея елінің өкілі, доктор Ма Юан, биология ғылымдарының докторы, профессор, ресейлік Альфир Маннапов және басқа да танымал омарташылар Алтай балының ерекше сапасы мен дәміне тәнті болысты. Ал украиналық қонақтар Алтайға алғаш рет Карпат арасының әкелінгеніне, шығысқазақстандықтардың осы тұқымды көбейтіп отырғандықтарына ризалық білдірген-ді. Облыс әкімінің орынбасары Владимир Кошелевтің айтуынша, өткен жылы бал фестиваліне 12 мемлекеттен қонақтар қатысса, биыл бұл шараға меймандар 15 мемлекеттен келмек. Құрметті қонақтар қатарында Түркия, Грекия, Румыния, Литва сынды еуропалық елдердің өкілдері болады деп күтілуде.

«Алтай балы» халықаралық фестивалінен өзге «Күз тартуы» мерекелік саудасы, түрлі кездесулер, кеңестер мен семинарлар ұйымдастыру, кәсіпкерлер мен ғалымдар арасында ынтымақтастық туралы келісімшарттар, меморандумдар жасау кеңінен жолға қойыла бастады. Осындай келісімшарттардың бірі Қытай елімен жасалды. Көрші мемлекет Шығыс Қазақстанда өндірілген мың тонна балға алдын-ала тапсырыс берді. Іргеміздегі Қырғызстан әлемге бал экспорттауды жолға қойып отырғанда, Алтай балының шетелге шығарылмауы үлкен сын. Бұл ретте өңірдегі белгілі бал өндірушілердің бірі саналатын «Пасека» шаруашылығы алдағы уақытта Қытайдың Үрімжі шаһарында бал орталығын ашуды көздеп отыр. Өңірдегі бал өнімі Малайзияға да экспортталмақ. Сондай-ақ, қазақстандық омарташылар Бүкіләлемдік «Апимондия» омарташылар федерациясы ұйымына, «Еуразиялық омарташылар клубы» қауымдастығына мүше болды.

Омарта шаруашылығымен айналысатын шаруашылық басшылары өткен жылы Ресей мен Украина елінің омарташыларына барып тәжірибе алмасып қайтты. Биыл 28 маусымда шығысқазақстандық омарташылар Киев қаласында өткен омарта шаруашылықтарының бүкіләлемдік конгресіне қатысты.

ОМАРТАШЫ ҚАЗАҚТАР

Омарта шаруашылығын дамытуға Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ашылған омарта шаруашылығы бөлімі де оң әсер етуде. Қазір бұл бөлім облыстағы омарта шаруашылығын дамыту орталығына айналып, аталған саланы насихаттауға, мамандарды оқытып-үйретуге ерекше мән беріп отыр. Институттың Глубокое ауданының Опытное поле ауылындағы омарта шаруашылығы бөлімінде ағымдағы жылдың 2-7 маусым күндері «Ара шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру, асыл тұқымды ара шаруашылығын құру және дамыту, ара шаруашылығының азық-түлік қорын құру» тақырыбында омарташылар оқуы өткізілді. Оған облыс бойынша 50-ден астам омарташылар қатысты. Өткен жылы омарташылар оқуында 52 омарташы арнайы сертификат алған болатын.

Сондай-ақ, шаруашылықтарды кәсіби мамандармен қамту мақсатында Ұлан ауданының Саратов ауылында орналасқан ауыл шаруашылығы колледжінде, Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылындағы аграрлық-техникалық колледжінде, Үржар ауданының Таскескен ауылындағы колледжінде омарташылар дайындала бастады. Облыс басшысы колледждердің басшылығына кәсіби омарташыларды оқыту-дайындау әдістемесін үнемі жетілдіре түсуге тапсырма жүктеген. Әсіресе, омарташыла р әулетінің балаларын оқыту, білім сапасын жетілдіру үшін оқулықтар мен оқытушылар құрамын кеңейту, омарташы мамандығын алып шыққан жас түлектерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, олардың өз омарта шаруашылығын құруға жәрдемдесу сияқты бірқатар мәселелерді тиімді шешу қажеттілігі байқалады.

Шығыс Қазақстан аумағында өндірілетін бал әр сенбі сайын облыс орталығындағы «Металлург» мәдениет сарайы алдында өтетін жәрмеңкенің ең өтімді тауарының біріне айналды. Бал өтпей қалатын тауар емес. Тек сатуды үйлестіре білсе болды. Облыс әкімдігі осы міндетті мойнына алғандай. Тіпті, шығыс омарташыларының қоймасында бал күбілеп жатып қалмауы үшін ұйымдастырылатын сауда жәрмеңкелері өзге облыстарда өткізіле бастады. Былтыр Қызылорда облысында өткен Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндерінде Алтай балын оңтүстік жұртшылығы таласа-тармаса алып кеткені де осының дәлелі. Жуырда өткен аймақаралық форум барысында көрші облыстар Шығыс Қазақстанның ауылшаруашылық жәрмеңкесін өз өңірлерінде өткізуге ниет білдірді. Бұл да шығыс балының республика нарығына тікелей шығуы мен өтімділігін күшейте түсетіні даусыз.

«Құрт есесі малтадан» демекші, бүгінде өзіміздің қаракөздер де мал шаруашылығымен қатар ара өсіруге бел шеше кіріскеніне куә болып жүрміз. Үржар ауданының Көлденең ауылының омарташылары Шәкіржан Баянов пен жұбайы Махаббат отбасылық омарта кәсібімен айналысқандарына 23 жылдан асыпты. Олардың омартасы Тарбағатай тауының бөктерінде орналасқан. Жыл сайын облыс орталығындағы жәрмеңкеге бір тонна бал және өзге де бал өнімдерін әкеледі. Жалпы, облыстың бір қиырында жатқан Үржар ауданында 120-дан астам адам омарта шаруашылығымен айналысады. Ал ара ұясының саны 3 жарым мыңнан асқан екен. Күршім ауданы Маралды ауылының маңындағы «Өртең» деген жерде омарта ұстап отырған Бағзи Қаспақованың жеке шаруа қожалығы бар. Ол мал шаруашылығымен бірге бұл кәсіптің де қыр-сырын өзгеден кем білмейтінін айтады. Зырян ауданының Феклистовка ауылының тұрғыны Нұржан Абдошов 17 жылдан бері осы кәсіппен айналысып, елуге жуық ара ұясын ұстап отыр.

– Омарта ұстаумен қоса мал өсіреміз. Алайда отбасымызға негізгі кіріс бал арқылы келеді. Жылына екі тоннаға жуық бал алып, саудалаймын, – дейді ол.

Катонқарағай ауданының Майемер ауылында тұратын омарташы Самат Азбаев өткен жылы жаз бойы атқарған еңбегінің нәтижесінде 30 күбі бал алыпты.

– Ара өсірудің қиындығы бар. Бірақ мал өсіруден қиын емес. Еңбекқор араға қолайлы жағдай тудырсаңыз, өздері ұшып кетіп, гүл тозаңдарын жинап, қайтып келеді. Бұл – маусымдық жұмыс. Қазір ауылдағы қолы білетіндер бұл кәсіппен ептеп айналыса бастады, – дейді С.Азбаев.

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ БАЛҒА ҚҰМАР

Тұтыну мәдениетінің талаптары бал өнімдерін арнайы құтыға құйып, сатуға әкеле жатыр. Мәселен, биыл «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның омарта шаруашылығы орталығында ара балын арнайы ыдыстарға құйып өндіру цехы іске қосылмақ. Автоматтандырылған желі өндірістік цехта өндірілген балды үлкенді-кішілі ыдыстарға құйып, тұтынушыға жөнелтеді. Польшадан әкелінген жаңа қондырғы тазартылған сапалы бал алуға қол жеткізіп қана қоймай, сауда нарығына қолайлы шағын ыдыстарға құйып шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Мұнда бал 10 грамнан бастап 1 литрге дейінгі көлемдегі пакеттер мен шағын құтыларға құйылып шығарылады. Серіктестік директоры Александр Томашенконың айтуынша, алдағы уақытта өндірісте биологиялық белсенді қоспалар, балауыз, бал кремі тәрізді қосалқы өнімдер де көптеп өндірілмек. Қазіргі кезде институт құрамында екі асыл тұқымды омарта шаруашылығы бар. Шаруашылықта асыл тұқымды аралар ұясын арттыру, қоректік өсімдіктер түрін молайту, ара ауруларының алдын алу, қолдан ұрықтандыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жоспар бойынша, институт ішінен ара балының өндірісін зерттеуге арналған заманауи зертхана ашылады. 2013-2020 жылдарға арналған «Омарта шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығын құру және дамыту» атты жоба аясында ашылатын зертхана экспортқа шығарылатын Алтай балының сапасын әлемдік талаптарға сай анықтауға себін тигізетін болады. Сонымен қатар, облыстағы омарта шаруашылықтарын аккредитациядан өткізуге де пайдаланылмақ.

Соңғы жылдары мектеп оқушыларын балмен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен өткен жылы өңірде 707 мектеп ара балымен қамтылып, оқушылар 328 656 келі бал өнімдерін тұтынды. Биыл аймақтағы 96 мектептің оқушыларына 280 340 келі бал берілген екен. Жал пы, облыс мектептеріне бөлінетін балдың келісі 963 теңгеден бағаланған. Әр оқушының аптасына тұтынатын бал көлемі 80 грамды құрайды. Бұл – жалпы есеп. Ал жекелеген аудандарда оқушылардың ас мәзіріне енетін бал көлемі әрқилы. Мәселен, өткен жылы Күршім ауданының білім бөліміне балаларға берілетін тамақ мәзіріне міндетті түрде жергілікті омарташылар өндірген балдың енгізілуі және мөлшері 20 грамнан 30 грамға дейін көбейтілуі тиіс деген тапсырма жүктелді. Күршімдік мектептер үшін балды арнайы ыдыстарға құю жұмысы Маралды ауылындағы цехта жүзеге асырылады.

«Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС омарта шаруашылығы орталығында ара балының арнайы ыдыстарға құйылуы мектептерге берілетін балды таратуға қолайлы жағдай туғызды. Өйткені, оқушыларға бал мөлшерімен беріліп, қай мектепке, қанша балаға қандай көлемде бөлінгені белгілі болып отырады. Глубокое ауданында биыл омарташылар қауымдастығы құрылды, мұнда 200 грамдық ыдыс пен бал шырыны құйылған сусын өнімі шығарылуда. Дайындалған бал сусынын мектеп оқушыларына 10-15 теңгеге арзандатылған бағамен беру ұйымдастырылуда.

ОМАРТАШЫЛАРҒА ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ КЕРЕК

Алтай балының ауқымды бөлігін Катонқарағай ауданы өндіреді. Ауданда 13 омарта шаруашылығы асыл тұқымды дәрежесіне ие болған. Қолданыстағы заңнама бойынша, омарташылардың ара ұясы жүзден асса асыл тұқымды шаруашылық дәрежесін алады. Өткен жылы қатонқарағайлық омарташыларға 3,5 млн. теңге субсидия бөлінді.

– Омарта шаруашылығы – Катонқарағай ауданының бетке ұстар бренді. Жәрмеңкелер мен базарларда Катонқарағай балының өтімділігі жоғары, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Рақымғали Қалаубайұлы.

Бүгінде аудандағы 235 омарта шаруашылығында 12 мыңға жуық ара ұясы бар. Жыл сайын аудан көлемінде 350-370 тонна бал өндіріледі. Катонқарағай балының атағы дүркіреп тұрса да сату жағында мәселелер бар. Сондықтан, Өскеменде өтетін халықаралық бал фестивалі омарташыларға өнімдерін өткізуге үлкен мүмкіндік жасады. Былтыр аталған фестивальға 27 омарташы қатысыпты. Олардың әрқайсысы 1 млн. теңге мөлшерінде қаржыны қалтасына басып қайтты. Фестивальдің «Ең үздік тәтті бал» аталымын қатонқарағайлық омарташылар жеңіп алған еді.

Алтайдың тұмса табиғатының өзі омарта шаруашылығы үшін жаратылғандай. Мұнда балдың көптеген, атап айтқанда, күнбағыс, орман, қарақұмық балы сияқты 15-тен астам түрі өндіріледі. Бұл – омартаның қай жерде орналасқанына байланысты. Егер омарта орналасқан жерде күнбағыс болмаса, аралар даланың табиғи шөптерінен бал жинайды. «Омарташылар туралы» заң бойынша қазір омарташылар өздеріне тиесілі аумақты ресімдеп, мемлекеттік акті алуда. Жер комиссиясы өкілдерінің айтуынша, омарта тұрған 1 гектар аумақтан 5 шақырымға дейінгі жерде өзге омарта болмауы тиіс. Екі омартаның арасы – 10 шақырым. Осы уақытқа дейін омарташылар арасында жер теліміне талас туындаған жоқ. Өйткені, ұзақ жылдар бойы омарта ұстап келе жатқан бал өндірушілерге өздеріне һәм әріптестеріне тиесілі жер телімдері белгілі.

Катонқарағай балының орташа бағамы өткен жылы 750 теңге мен 1200 теңге аралығында болды. Дегенмен, халықаралық бал фестивалінде омарташылардың көпшілігі өнімдерін арзандатып сатады.

Дегустаторлардың айтуынша, балдың сапасы ең алдымен иісінен байқалады. Жақсы балдың хош иісі қақпағын ашып қалғанда бұрқ ете қалады екен. Қап-қара баттасқан балды саудалап жүргендердің мұндайда қызғанышы туатыны сөзсіз. Бал жәрмеңкелерінде қойылатын кішкене таяқшалармен дәм татқан халық тіл үйірген тәтті балды таңдап жүріп сатып алады.

Балдың сапасын аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станса мен ветери­нар­лық зертханалар қадағалап отырады. Өйткені, қанттың өзінен бал жасап шығаратын технологияны жетік мең­гер­гендер, жалған бал жасаушылар да кез­деседі. Барлық балды қолдан жасауға болғанымен, араның қарнына түсіп, қайта шыққан сөлді жасау адамның қолынан келмейді. Осы сөлді, шірені тексеруге қабілетті реакция арқылы жалған «омарташылар» жауапқа тартылады.

Биыл шығыс өңірінде, әсіресе, алты ай қар жататын Алтайда көктем аяғы ұзарып кеткендіктен жиым да аз болады деп күтілуде. Себебі, мамыр айының кей күндерінде ауа райы минусқа дейін төмендеді. Омарташылар мамырда араларының үш-төрт күн ғана ұшқанын айтады. Мұндай кезде араға шырын, қант беріп, өзің бағуға тура келеді.

«Ақсу-Дэен» ЖШС облыстағы омар­ташылардың өнімдерін қабыл­дап, одан түрлі дәрі-дәрмек жасау­мен айналысқанына біршама жыл бол­ды. Кәсіпорын меңгер ушісі Ақзия Мағ­зұ­мо­ваның айтуынша, көктем кезінде аудандық газетке жарияланған хабарландыру негі­зінде омарташылар өнімдерін өткізеді. Атал­ған компания ара балауызының 1 келі­сін 10 мың теңгеден қабылдайды екен. Облыс аумағындағы бал өнімдерін Өске­мен­де орналасқан «Пчелка Мая» ЖШС жи­нап береді. Ақсуда осы шикізаттан «Балауыз тұнбасы» атты дәрі жасалады. 25 миллиметрлік құтыға құйылған тұнба еліміздің түкпір-түкпіріне жіберіледі. Катонқарағай ауданында орналасқан «Ақсу-Дэен» Павлодар қаласындағы «Аромат» ЖШС, Өскемендегі «Медикус» ЖШС сияқты кәсіпорындармен байланыс орнатқан. Дәрілік өнімге жататындықтан балауыз тұнбасына сұраныс өте жоғары. 2012 жылы зауыт 130 мың құты дәрі өндіріпті. Жалпы, арамен емдеу медицина ғылымында «Апитерапия» деп аталады. Апитерапия арқылы көптеген ауруларды, соның ішінде ревматикалық полиартрит, артрит, ревматизм, жүйке аурулары, остеохондроз, остеопороз, псориаз, ішкі құрылыс, буын аурулары, колит, асқазан жарасы, холециститті емдейді. Негізінен емге жұмысшы аралар пайдаланылады.

Бал – байлықтың көзі. Омарта шаруа­шылығымен жекелеген адамдар, зейнеткерлер де айналысуға болады. Қарапайым ғана арифметикаға жүгініп көрейік. Ең төменгі баға бойынша 500 теңгеге сатылатын балды әр ұядан 35 келіден жинағанда 100 омартадан 3,5 тонна өнім алып, бір маусымда екі миллион теңгеге жуық пайда табуға мүмкіндік бар. Ал, нарықта мұндай төменгі баға жоқ екені бесенеден белгілі. Ендеше, бал – нағыз табыстың кілті. Омарташылық – маусымдық жұмыс, жылдың төрт-бес айында жақсы еңбек етсеңіз нәтижеге қол жеткізе аласыз. Әрине, «асықтың алшы түсуі иірушісіне байланысты» дегендей, түсім көлемі ара жәшіктеріне, омарташының еңбекқорлығы мен біліктілігіне тәуелді.

Думан АНАШ,

журналист.

Шығыс Қазақстан облысы.

 

ТҮЙІН:

Бал өндірісінің қордаланған мәселелерінің бірі – сырттан әкелінетін ара тұқымдарына бақылау қою. Өйткені, олардың ішінде жергілікті тұқымға зиян келтіретін өзгеше тұрпатты аралар да болады. Жазушы Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы көп оқылған туынды. Есіңізде болса, осы шығарма кейіпкерлерін талайтын будан араның қаупі бекер емес. Бұл – қарапайым өмірден алынған желі. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген сөз бар қазақта. Тегі, бұл тәмсіл де балдың қазаққа ертеден таңсық емес екенін білдіреді. Орағаңның шығармасында балдан ашытқан сыраға бөгіп алатын Тағанның тілімен айтқанда «Неге біз осы...», иә, неге біз осы ара өсірмейміз?!..

Соңғы жаңалықтар