Аймақтар • 29 Наурыз, 2020

Павлодар облысында 14 ауылды интернетке қосуға мүмкіндік жоқ

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңірдегі 358 ауыл жергілікті цифрлық телефон байланысымен қамтылған.

Павлодар облысында 14 ауылды интернетке қосуға мүмкіндік жоқ

Ал интернет желісі 344 ауылдық аумаққа тартылған. Бірақ, 14 ауылда тұрғындар саны аз, тиісті технология бойынша арнайы желілер тартылмаған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұялы байланыс пен интернетке,  әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қолжетімділікті арттыруды тапсырды. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қарызына қарамастан, байланыс қызметін үзбеу керектігін айтты.

Сондықтан, облыс әкімдігі «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ-қа хаттар жолдап, енді ғана осы ауылдарға интернет желісін жеткізудің мүмкіндігін қарастыруда.

Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыста ауылдарды кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету жобасы жүргізілген.

Бірақ, бұл жұмыстың нәтижесі бойынша Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен қалаларға, аудан орталықтарына жақын орналасқан ауылдар ғана жоғары жылдамдықты желіні қолдана алады.

Биыл «Қазақтелеком» АҚ 10, ал «Транстелеком» АҚ тағы 2 ауылды жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосуды жоспарлауда.

Қалған ауылдарда спутниктік технологияларды қолдану мүмкіндігі қарастырылмақ.

Ал «Қазақтелеком» АҚ Шығыс өңірлік бөлімшесі де Төтенше жағдай кезінде өңірдегі абоненттерді қолдап, қызмет көрсету ақысы бойынша қарызы бар тұрғындарды байланыстан ажыратпау жөнінде шешім қабылдады.

 

ПАВЛОДАР