Коронавирус • 30 Наурыз, 2020

Шектеу шаралары қатаң сақталуы тиіс

210 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жұма күні Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтіп, карантин шараларын күшейту бойынша бірқатар тапсырма берілді. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирі арқылы күнделікті онлайн-брифинг өткізіп жатқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев күшейтілген карантин шараларын түсіндіріп, пандемияның елімізде таралуына байланысты соңғы жаңалықтармен бөлісті.

Шектеу шаралары қатаң сақталуы тиіс

28 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында үйден шығуға шектеу қойылды. Осы­ған байланысты министр ең алдымен көшеде жүру талаптарына тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық көлікке, такси, тамақ жеткізу қызметтеріне санитарлық талаптарды қатаң сақтау үшін циркуляр жасалады. Тұрғындар тек азық-түлік, дәрі алуға немесе жұмысқа бару үшін ғана сыртқа шыға алады. Ал бүгіннен, яғни 30 наурыздан бас­тап мекемелердің басым көпшілігі жұмысын тоқтатады. «Көшеде полиция қызметкерлері тоқтатып, қай­да бара жатқаныңызды сұраса, оған түсіністік танытып, жауап беру керек. Жұмысқа ша­қыр­ғанды растау үшін сізде тікелей басшының немесе кадр бөлімі қызметкерінің телефон нөмірі болғаны жөн. Азық-түлік дүкендері мен дәріхана­лар әдетте тұрғын үйлерге жақын орналасады. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрғындардың қажетті затын сатып алып, үйге қайтқанын бақылауы мүмкін. Оған да түсіністік таныту қа­жет», деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, қо­ғам­дық көлік жұмысын рет­теу­ді  де әкімдіктер қайта қарап жатыр. Жағдайға қарай көлік қозғалысы да шектелуі мүмкін. «Азаматтар үй жануарларын үйдің жанында сер­уендете алады. Ал егер азаматтар басқа себептермен шыққан болса, онда алдымен ескерту, одан кейін 26 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.

Полиция қызметкерлері хаттама толтырып, істі сот қарайды», деген Дәурен Абаев төтенше жағ­дай кезінде билік өкілінің заңды тала­бына бағынбағандардың қыл­мыстық жауап­кершілікке тартылатынын ескертті.

Сондай-ақ Д.Абаев COVID-19 вирусын жұқтырып қайтыс болған азаматты жерлеу бойынша қатаң сақталуы керек ережелер көрсетілген Бас сани­тарлық дәрігердің ресми қаулысы шыға­тынын, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Православие шіркеуі тиісті пәтуа мен ескертпелер әзірлегенін жеткізді.  

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қашықтан жұмыс істеуге көшуі керектігін айтып, журналистің қалада жұмыс бабымен жүруі үшін қызметтік куә­лігі және редакциялық тап­сыр­ма туралы анықтаманы алып жү­руі керек екенін айтқан министр: «анықтаманы телефоннан да көрсетуге болады», деді. Ал дәрігерге көрінуі керек азамат­тар ауруханаға бара алады. Каран­тиндік шаралар ха­лық­­­тың аман­дығы үшін ен­гізі­­ліп жатқа­нын түсіндірген Д.Абаев азамат­тар­дың енгізілген шектеулерді жауап­кер­шілікпен орындауы керектігін атап өтті.

Ал Президенттің банктер мен микрокредиттік ұйымдарға қарыз бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарға тыйым салу туралы тапсырмасына тоқталған министр: «Қазіргі уақытта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, екінші деңгейлі банктер және микроқаржы ұйым­дары халықты қолдау бойынша тиісті шараларды әзірлеп бекітті. Қарыз алушылар үшін төлем мерзімі 2020 жылдың 16 наурызы мен 15 маусымы аралығында кейінге шегеріледі. Қарыз бо­йынша төлемдерді кейінге шегеру мүмкіндігі осыған мұқтаж адамдарға берілмек», деді.

Яғни мұның қатарына каран­тин­ге байланысты жұмысы­нан айырылған, жалақы сақтал­май­тын демалыста болған, жал­ақы­сы кеміген немесе тоқтап қал­ғандарды енгізуге болады. Ал шегеру шарасы ресми түрде тіркелген жұмыссыздар, АӘК алушылар және халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін  қосымша құжаттарсыз жүзеге асады. Несиелік ұйымдар аталған тұлғалардың тізімдерін кредиттік бюролардан алады. Министрдің айтуынша, сатылған тауарлары мен қызметтер көлемінің азаюынан қаржылық жағдайы нашарласа, тұтынушылары төлемдерді кешіктірсе кәсіпкерлер де бұл шараның игілігін көреді.

Бұдан бөлек төтенше жағдай бойынша қайырымдылық қара­жаты жиналатын «Birgemiz» қоғамдық қоры барлық шығындар туралы есеп беретінін жеткізген министр: «Birgemiz» қорына түскен қаражат туралы күн са­йын ақпарат беріліп жатыр. Қазір көрсетілетін көмек түрлері мен көмек алушылардың санаттарын, азаматтардың тізімдерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге қордың жаңадан құрылған веб-сайтында барлық шығындар мен чектер көрсетіліп, тұтас есептік ақпарат жарияланады», деді.

Д.Абаев Үндістанның 15 сәуір­ге дейін шекарасының жа­былуы­на байланысты Қазақ­стан­ның 76 азаматы сол елде қалып қойғанын, оларды елге қайтару­дың жолдары қарасты­рылып жат­қанын да атап өтті.

Індеттің елімізде өршуіне байланысты сенбі күні үндеу жариялаған Ақпарат және қоғам­дық даму министрі халықты бейқамдыққа салынбай, карантин ережелерін қатаң сақтап, үйден шықпауы керек екенін тағы да ескертті. «Өздеріңіз көріп отырсыздар, індет таралуы үдеп барады. Бір түнде 40-тан аса адамның анықталғаны – алаң­дататын жағдай. Қазір вирус жұқтырғандардың саны 204-ке жетті. 1899 адам стационарлық карантинде. 3 жарым мыңнан астамы үй карантинінде. 6 мыңнан аса адам ауырғандармен байланыста болған. Олардың 95%-ы анықталды. Қазір біз өте күрделі кезеңде тұрмыз. Вирус таралуын бақылай алмай қалу қаупі туындап отыр. Италияда бір күнде 969 адам қайтыс болған. Оның барлығы сақтық шарасына салғырт қарағанның салдары. Бұл жағдай барлығымызға сабақ және ескерту болуы керек.  Коронавирус, әсіресе жасы үлкен адамдарға қауіпті. Олардың ішінде бәріміздің атамыз бен әжеміз, әкеміз бен анамыз бар. Өзіміз үшін қорықпасақ та, ең бол­маса, сол үлкендерімізді ой­лайық», деді Дәурен Абаев.

Кейбір адамда ауру белгісі бірден білінбеуі мүмкін. Он­дай адам үйде отырмаса, өзі біл­мей басқаларға жұқтырады. Осылайша ондаған отбасының обалына қалуыңыз мүмкін. Осын­дайдан сақ болуды айтқан министр қазір елімізде шетелге шықпай-ақ ауру жұқтырғандардың саны көбейіп келе жатқанын атап өтті. «Бұл дегеніміз – ауру кез келген жерде жұғуы мүмкін. Қонақта, туыстардың үйінде, лифтіде, автобуста, кезекте тұрғанда. Алайда көп адамның бұл ес­керту­лерге салғырт қарай­тынын көріп отырмыз. Мысалы, кеше бір күннің өзінде төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін 237 адам жауапқа тартылған. Оның 74-і қамауға алынды. Бұл бейқамдық ауруханада науқас­тарға орын жетпеуіне әкелуі мүм­кін. Бұған жол беруге болмайды. Сондықтан өзімізді, жақын­дары­мызды сақ­тайық», деді ол.

Халықты жұмысты, кредитті, бизнесті уайымдамауға ша­қыр­ған министр мемлекет бәрі­не көмектесетінін айтты. «Зейнет­керлерге дәрі апаруға, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізуге көмектесеміз. Бұған дейін бірнеше рет айтқанымыздай, жұ­мыстан босаған немесе ақы төленбейтін демалысқа шыққан­дар төлем алады. Бүгінгі таңда, Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алуға резервтен 14,7 млрд теңге бөлді. Оған қоса дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және коронавируспен күресіп жатқан адамдарға жеке қорғаныс құралдарын сатып алу үшін 21,4 млрд теңге бөлінді», деген Д.Абаев Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдіктеріне жеке қорғаныс құралдарын, дәрі және медициналық құралдар сатып алуға 10,7 млрд теңге қарастырылғанын хабарлады. Сондай-ақ салық тексерулері мен әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді қарау тоқтатылған. Оның айтуынша, салық декларациясын тапсыру мерзімі 31 наурыздан 30 сәуірге дейін ұзартылды.

Ал кешегі өткен онлайн брифингте Дәурен Абаев жағдайдың күрделі екенін тағы да еске салды. «Біздің мақсатымыз үрей туғызу немесе қорқыту емес. Карантин тәртібін сақтаудың өте маңызды екенін тағы да естеріңізге саламыз. Жағдай күрделі. Бірақ ағайын, денсаулықтан қымбат не бар? Вирустың әлемде қалай өршіп жатқанын көріп отырған шығарсыздар. Мысалы, Нью-Йоркте коронавирустан әр 17 минут сайын бір адам қайтыс болуда. Ауырғандардың жалпы саны әлемде 600 мыңнан асты. Өлім көрсеткіші – 4,6%. Бұл – жоғары көрсеткіш. Бізде соңғы тәулікте төтенше жағдай тәртібін бұзғаны үшін 124 адам жауапқа тартылған. Заңсыз жоғары бағада сатылып жатқан 40 мың маска мен 2 мың литрден астам антисептик табылды», деген министр тәртіп бұзғандардың арасында дәрігерлердің жұмысын тексергісі келген бір азаматтың Damumed порталында өзінде коронавирус белгісі бар деп өтірік мәлімет көрсеткенін айтты. Дәрігерлердің онсыз да ұйықтамай, үйлеріне қайтпай, бар жанын салып жұмыс істеп жатқанын жеткізген Д.Абаев олардың әр минуты бағалы, әр секунды санаулы екенін атап өтті.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі төтен­ше жағдай кезінде табысынан айы­рылғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жаңа әлеуметтік төлем тағайындалатын азаматтардың тізімін кеңейтті және оны таға­йындау шарттарын жеңілдетті. Осыны хабарлаған министр мас­ка мәселесіне тағы да тоқталды. «Қазір бір күнде миллионға жуық маска шығарылуда. Оның 70%-ын – тігін компаниялары, 30%-ын фармацевтикалық компаниялар тігуде. Әдейі алыпсатарлық әре­кеттер жасалмаса, маска тапшы­лығы болмауы керек. Оған өндіріс қуаты толықтай жетеді», деді ол.

Айта кетейік, кеше кешкі ақ­парат бойынша елімізде жұқпалы дертті жұқтырғандардың саны 271 адамға жетіп отыр. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтанда – 166, Алматыда – 67, Қарағандыда – 7, Алматы облысында 4 жағдай тіркелді. Ақмола және Атырау облысында – 6, Жамбыл облысында 3 жағдай расталса, Шымкент қаласы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында 2 жағдайдан тіркелді. Ал Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында 1 науқастан анықталып отыр. Жалпы алғанда, 20 пациент жазылып шықты.