Белгілі журналист, кәсіпкер Арман Шораев Зеренді аймағындағы «Aurora Garden» демалыс үйін коронавирус эпидемиясымен күрес барысында пайдалануға беріп отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясовтың айтуына қарағанда, кәсіпкердің демалыс орны аудандық ауруханамен байланыстырыла пайдаланылады. Демалыс орнында бірнеше жатынжайлар, асхана, монша бар. Интернет желісі жұмыс істейді.
–Қазіргі күні демалыс орнында жұмыс істеу үшін қанша дәрігер мен орта буын медицина қызметкерлері керек екенін есептеп жатырмыз,–дейді басқарма басшысы Сүлен Ілиясов,–мамандар жетіспейтін болса Көкшетау қаласы мен Сандықтау ауданындағы медицина мекемелерінен шақыруға болады.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысының айтуына қарағанда, кәсіпкердің бұл қамқорлығы дер кезінде жасалған жанашырлық көмек болып отырған көрінеді. Ендігі арада дәрігерлер егер адамдар індетке душар болып жатса, тамылжыған табиғат аясында емдеуге мүмкіндік алып отыр. Елде жаны ашитын ерлердің ісі алғысқа әбден лайық.
Зеренді ауданы,
Ақмола облысы