Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

Оралда Ұлттық ұлан сарбаздары тонаушыны ұстады

650 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында Ұлттық ұлан сарбаздары бір жігіттің қымбат смартфонын тартып алып кеткен тонаушыны ұзатпай қолға түсірді.

Оралда Ұлттық ұлан сарбаздары тонаушыны ұстады

Оқиға 26 наурыз күні іңірде болған екен. Қоғамдық тәртіп күзетінде жүрген сержант Аңсар Аманжоловтың патрулдік тобы Орал қаласындағы Мұхит пен Дина көшелерінің қиылысында төбелесіп жатқан жас жігіттерді байқап қалған. Құқық сақшыларын көрген олар қаша жөнелген. Оқиға орнында қалған жас жігіт белгісіз адамдардың одан SamsungGalaxyJ2 телефонын күшпен тартып алғанын айтқан.

Бірден дабыл көтеріліп, бірнеше минут ішінде қылмыскерлердің біреуі қолға түсті. Тұтылған қарақшы ұлан сарбаздарына босатып жіберу үшін пара да ұсынып үлгерген. Оның қалтасынан қылмыс куәгері – тоналған телефон табылды.

- Абай полиция бөлімінде беттестіру кезінде қарақшыны жәбірленуші де таныды, жас жігіт өзіне жедел көмек беріп, қылмыскерлерді қамауға алған ұлан сарбаздарына алғыс айтты, - дейді Ұлттық ұланның «Батыс» аумақтық қолбасшылығының баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Ерболат Сұлтанов.

Сержант Аңсар Аманжолов, кіші сержант Мержан Әбілғалиев және қатардағы сарбаз Айдар Мамышев қырағылығы және қоғамдық тәртіпті сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін 5517 әскери бөлім командирінің марапатына ие болды.

Батыс Қазақстан