28 Тамыз, 2013

Ресей мамандары гептилдің улы зат екенін жоққа шығармады

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Протон

Гептил дегеніміз – у. Ол тіршілік біткеннің бәріне қатер төндіреді. Қазақ даласына құлаған «Протон-М» зымыран тасығышынан 600 тонна жанар-жағар май «бұлт болып үйіріліп, соңында топыраққа сіңіпті». Осы жөнінде Ресей ғарыш академиясының сарапшысы Юрий Караш былай дейді: «Протонның» құлауын жалғыз ауыз сөзбен суреттесек, өте қорқынышты. Жүздеген тонна гептилдің Қазақстан аумағына құлауын осы елге жасалған химиялық шабуыл ретінде қарастыруға болады». Бұл туралы «Түркістан» газеті жазды.

Гептилге анықтама берген ресейлік химия ғылымының докторы Лев Федоровтың мәлімдеуінше,бүйректің гептилмен зақымдануы өте қауіпті. Нақты айтқанда, ол бірден анықталмайтын, ұзақ уақыт бойы байқатпай асқынатын дерт. Соңы адамды онкологиялық дертке әкеліп шалдықтырады екен.

Жақында кезекті «Протонның» тағы да «Байқоңырдан» ұшуға дайындалып жатқанын еліміз телеарнасы сүйінші сұрағандай хабарлады. Кезінде орыстың атақты ғалымы Сергей Королев ғарышты игеру мақсатында гептилді пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салған көрінеді. Ал әскерилер арасында гептилді «тек дұшпандарға қарсы соғысқа пайдалану керек» деген ұғым қалыптасқан...

Данияр Түймебай.