Қазіргі қиын-қыстау кезеңде, әлемді пандемия дерті жайлаған тұста Қазақстан шетелдегі отандастарымызды елге әкелу ісіне ыждағаттылықпен ден қойып отыр. Аталған мәселені шешуге бар күшін жұмылдырған тиісті орындардың, оның ішінде Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің еңбегі ерен. Осы орайда, індеттің жаппай таралуына байланысты шетелде қалып қойған азаматтарымызды елге әкелу жұмыстарына шолу жасауды жөн көрдік.
Елшіліктердің еңбегі ерекше
Жалпы, бүгінге дейін мемлекетіміздің тікелей араласуымен елімізге 7702 азаматымыз оралды. Сондай-ақ 754 отандасымыз елімізге қайтуға көмектесуге өтініш білдірген. Сыртқы істер министрлігі келтірген деректерге сүйенсек, қазіргі таңда шетелдерде 288 854 азаматымыз тұрады. Олардың басым бөлігі елге оралуды кейінге шегеруді жөн көрген екен. Қазақстанның елшіліктері оларға қажетті көмек көрсетіп отыр.
Коронавирустан туындаған қолайсыз жағдайға байланысты Тбилисиден еліміздің 143 азаматы елге келді. Рейс Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Жолаушыларды рейске тіркеу және отырғызу барысында азаматтарымыз сабырлық сақтағанын атап өткен жөн. Кедендік және шекаралық бақылау рәсімінен кедергісіз өтті. Жолаушылар рейстің кешігуіне түсіністікпен қарап, чартерлік рейстің ұйымдастырылғаны үшін алғыс білдірді.
28 наурызда Қазақстанның Литвадағы елшілігінің қолдауымен Вильнюс, Каунас және Клайпеда қалаларында оқитын қазақстандық 15 студент әуелі Минскіге, содан кейін Нұр-Сұлтан мен Алматыға келіп жетті.
Айта кету керек, наурыз айының ортасынан бастап халықаралық әуе қатынастары тоқтатылған-ды. Содан бері елшіліктің қолдауымен осы елде оқитын 50-ден астам қазақстандық үйлеріне аман-есен оралды. Олардың арасында литвалық жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттер, «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтушілер бар.
Сондай-ақ 28 наурызда Қазақстанның 44 азаматы «Belavia» әуекомпаниясының рейсімен Барселона әуежайынан Минск арқылы Нұр-Сұлтан мен Алматыға ұшты. Олардың көпшілігі студент. Арасында кәмелеттік жасқа толмағандар да бар.
Мұндай қадам Мадридтегі Қазақстан елшілігі және Барселонадағы консулдық қызметкерлерінің тиімді жұмысының нәтижесінде мүмкін болды. Елшілік қызметкерлері Испаниядағы азаматтарымызға күнделікті көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.
Испанияда пандемияның жылдам таралуына байланысты және рейстердің басым көпшілігі тоқтатылғандықтан, Қазақстанның Испаниядағы елшілігі Мадридтегі Беларусь елшілігі және «Belavia» әуекомпаниясының басшылығымен Барселонадан ұшуға билетті сатып алған барлық қазақстандық жолаушыны елге әкелу үшін әуе кемесін үлкенірек түріне ауыстыруға келісті.
Бірнеше күн бойы қазақстандық дипломаттар отандастарын еліне ұшудың нақты жолдары туралы «қолма-қол» хабардар етіп, тез арада билеттерді сатып алуды, жағдайды болжау қиын кезде ұшуды кешіктірмеу керек екені туралы ақпараттандырып, мүмкіндікті пайдалануға шақырды.
Бүгінгі таңда қазақстандық дипломаттардың көмегімен 150-ден астам қазақстандық Испаниядан түрлі рейстермен елге жетті. Испанияға емделуге келген және кәмелетке толмаған Қазақстан Республикасының азаматтарына ерекше көңіл бөлінеді.
Чехия да «қарт құрлықта» тараған індеттен жапа шекті. Осыған байланысты аталған мемлекеттегі Қазақстан елшілігі отандастарымызды елге жеткізу мәселесін басты назарда ұстап отыр. Мәселен, елші Марат Тәжиннің тапсырмасымен дипломаттарымыз осы елде Прагадан 120 шақырымда орналасқан кішігірім Бехин қаласында орта мектепте білім алатын қазақстандық балаларды эвакуациялауды жүзеге асырды. Елшілік қызметкерлері басқа қалалардағы отандастарымызды да жинап, елге жеткізумен айналысты. Өз кезегінде, Қазақстанға оралған азаматтар елшіге және дипломатиялық миссия өкілдеріне зор алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, қазақстандық дипломаттар Біріккен Араб Әмірлігіндегі 800 қазақстандыққа елге оралуға көмек көрсетті.
Covid-19 пандемиясы аясында БАӘ халықаралық әуе рейстерінің көпшілігін уақытша тоқтатты. Сондай-ақ елде дезинфекциялау жөніндегі іс-шараларға байланысты автокөлік қозғалысы да шектелді. Соған байланысты 20-28 наурыз аралығында Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі, Дубайдағы Бас консулдығы және Әмірліктердің мемлекеттік органдарының көмегімен 801 отандасымыз елге жетіп алды.
Азаматтарымызды шетелдерден қайтару жөніндегі шаралар аясында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің, сондай-ақ Тәжікстанның мемлекеттік органдарының бірлескен күш-жігерімен 28 наурызда осы мемлекеттен отандастарымыз елге жеткізілді.
Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің әскери-көлік авиациясының қолдауымен 24 азамат елге аман-есен келіп қонды. Бұл азаматтар Тәжікстан аумағында болған және тәжік билігі қатаң шектеу шараларын енгізгеннен кейін шыға алмай қалған еді. Сонымен қатар осы борт арқылы Тәжікстанның 23 азаматы өз отанына оралды.
Швейцарияда 16 наурыздан бастап төтенше жағдай енгізілгеннен бері осы елдегі елшілігіміз 26 азаматымыздың Швейцариядан Мәскеу, Ыстанбұл және Минск арқылы Қазақстанға қайтуына ықпал етті. Олардың ішінде 18 студент бар.
Әйтсе де қазақстандықтардың көпшілігі ұшу кезінде ауру жұқтыру қаупін ескеріп, Швейцарияда қалу туралы шешім қабылдады. Елшілік Қазақстан азаматтарымен үнемі байланыста. Елшіліктің веб-сайты, әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан азаматтары коронавирустық пандемия кезінде Қазақстан мен Швейцарияда қабылданған шаралар туралы ақпаратты тұрақты түрде алып тұрады.
Дипломаттарымыз Францияда қиын жағдайда қалған қазақстандықтарға да қолдау көрсетіп отыр. Франция COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар саны бойынша әлемдегі бірінші ондыққа кіреді. Отандық дипломаттар азаматтармен тәулік бойы байланыста болып, елге оралуларына жәрдемдесіп келеді.
Франциядағы қазақстандықтар негізінен жоғары оқу орындарының студенттері. Соның ішінде «Болашақ» және «Абай-Верн» бағдарламаларымен және жеке бастамамен оқып жүргендер, француз компаниялары мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, жергілікті азаматтар отбасыларының мүшелері бар. Парижден бөлек, отандастарымыз Лион, Страсбург, Гренобль, Монпелье, Лилль және басқа да қалаларда тұрады. Оларға да елшілік қызметкерлері қолдау көрсетуде.
Екі мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасы тоқтатылғаннан бері (6 наурыздан бастап) елшілік Қазақстанға, негізінен «Белавиа» және «Аэрофлот» компанияларының рейстерімен 50-ден астам отандасымыздың және басқа да елдерден транзитпен келе жатқан бірқатар қазақстандықтың елге оралуына жәрдемдесті.
Франция үкіметі 12 наурызда тұрғындардың жүруіне қатаң шектеулер енгізгенінен кейін елшілік отандастардың сұрақтарына дер кезінде жауап беру мақсатында тәулік бойы істейтін «жедел желі» ашып, әлеуметтік желілерде ақпараттық және түсіндірме жұмысын күшейтті.
Отанға оралу немесе Франциядағы қазіргі тұрып жатқан орнында оқшаулану туралы шешімді әрбір қазақстандық жеке өзі қабылдайды. Дегенмен, дипломаттар жеке тәуекелдерін салмақтауға шақырады. Елге қайту жөнінде шешім қабылданған жағдайда дипломаттар шұғыл көмек көрсетуде.
Елшілік қызметкерлері Франциядағы отандастар «санағын» жүргізуін жалғастырып, оларда туындап жатқан мәселелерді зерделеуде. Осы орайда аталған мемлекетте уақытша немесе тұрғылықты тұрып жатқан Қазақстанның барлық азаматын консулдық есепке тұруға шақырған. Бұл халықаралық қағида бірінші кезекте төтенше жағдайларда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Коронавирустық инфекцияның жылдам тарауына байланысты біздің азаматтарымызды шетелдерден қайтару жөніндегі іс-шаралар аясында 27 наурызда Украинадан Қазақстанға 76 отандасымыз сәтті оралды.
Осындай нәтижеге қол жеткізу үшін елшіліктің дипломаттары ауқымды жұмыс атқарып, соның ішінде Қазақстанға қайтатын азаматтарымыздың тізімін әзірлеп, «Киев – Алматы – Киев» бағытында чартерлік рейс ұйымдастыру үшін тиімді әуекомпанияны анықтау, қазіргі әлемдегі қиын жағдайда логистика мәселесін шешу және басқа да көптеген ұйымдастыру шарасын жүзеге асырды.
Қиырдағылар да ел қамқорлығын сезінді
Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдеріне барған қазақстандықтар да отанымызға оралды. Коронавирустық инфекцияның қарқынды таралуына байланысты Қазақстанның Мексикадағы елшілігі Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінен отандастарымыздың елге оралуына көмек көрсетті.
Осылайша, 13-25 наурыз аралығында біздің 127 отандасымыз Доминикан Республикасынан, 4 адам Мексикадан, 3 жолаушы Панамадан және 3 азаматымыз Коста-Рикадан оралды.
Аталған мемлекеттердің халықаралық әуе қатынастарды тоқтату мен шетел азаматтарына халықаралық әуежайлардағы транзиттік аймақтардан шығуға тыйым салуларына байланысты бірқатар қиындық орын алған болатын. Аталған кедергілерге қарамастан, Мехико мен Мәскеудегі біздің дипломаттарымыздың үйлесімді әрекеттерінің арқасында Қазақстанның көптеген азаматын Мәскеу арқылы транзитпен елімізге аман-есен жеткізу жұмысы сәтті ұйымдастырылды.
Коронавирус пандемиясы аясында АҚШ-тағы қазіргі жағдайға байланысты Вашингтондағы Қазақстан елшілігінің және Нью-Йорк пен Сан-Францискодағы Қазақстан Бас консулдықтарының көмегімен АҚШ аумағындағы 55 отандасымыз елге қайтарылды.
Бірқатар халықаралық әуе рейсінің болмауына және шетелдіктер үшін транзиттік аймақтардың жабылуына байланысты біздің көптеген азаматымыз Қазақстанға ұшып шығу мүмкіндігінен айырылды.
Осы жағдайды назарға ала отырып, Қазақстанның АҚШ пен Ресейдегі елшіліктері бірлесіп, отандастарымыздың Нью-Йорктен Мәскеу арқылы транзитпен ұшуын ұйымдастырды. Бұған дейін осы бағыт бойынша еліміздің 33 азаматы аман-есен елге оралған-ды.
Өз азаматтарымызды шетелдерден қайтару жөніндегі іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің, сондай-ақ Сауд Арабиясының мемлекеттік органдарының бірлескен күш-жігерінің арқасында 24 наурызда осы елден біздің отандастарымыз елге қайтарылды.
Қазақстанның Әскери-әуе күштері әскери-көлік авиациясының атсалысуымен Қазақстанның 33 азаматы Сауд Арабиясынан және 2 азаматымыз Кувейттен Джидда – әл-Кувейт – Ақтау бағыты бойынша аман-есен үйлеріне оралды. Бұл азаматтар Корольдіктің аумағында болған және Сауд билігі COVID-19 таралуына қарсы шаралар қабылдау аясында шектеу шараларын енгізіп, халықаралық әуе, жер үсті және теңіз қатынастарына толық тыйым салу салдарынан елден шыға алмай қалған-ды.
Қазіргі уақытта Сауд Арабиясының аумағында Қазақстан Республикасының 100-ге жуық азаматы өз еркімен қалды. Олардың көпшілігі келісімшарт бойынша Корольдіктің түрлі қалаларында жұмыс істейді. Соның ішінде туристік визамен барған және Мекке мен Медине қалаларында уақытша жүрген 11 адам бар. Елшілік пен Бас консулдық аталған азаматтармен тұрақты байланыста.
Отандастарымызды Қазақстанға қайтару бойынша қабылданып жатқан шаралар аясында Польшаға отандық SCAT әуе компаниясының арнайы чартерлік рейсі жіберілді.
Польша билігі енгізген режім мен шекарасының жабылуына қарамастан, Варшавадағы Қазақстан елшілігінің күшімен қазақстандық жолаушыларды отанымызға қайтару туралы келісімге қол жеткізілгенін атап өткен жөн.
Біздің дипломаттарымыздың, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қызметкерлерінің, сондай-ақ жергілікті билік пен қазақстандық әуе компаниясы өкілдерінің үйлесімді жұмысы нәтижесінде ұшуын бірнеше күн бойы күтіп отырған 207 жолаушы Қазақстанға сәтті оралды. Жолаушылардың басым бөлігі Еуропада оқитын қазақстандық студенттер.
Шектеулерге қарамастан елге жеткізілді
18-22 наурыз аралығында Қазақстанның Бакудегі елшілігінің және Әзербайжанның мемлекеттік органдарының қолдауымен осы елден Қазақстанға 51 отандасымыз аман-есен жетіп алды.
Осылайша, 19-22 наурыз аралығында Баку портынан Ақтау қаласына паромдық қатынас арқылы 41 адам келді. Қазақстанның 10 азаматы елге Бакуден Мәскеу арқылы Қазақстанның үш қаласы – Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырауға әуе қатынасымен оралды. 23 наурызда Бакуден Ақтау портына еліміздің тағы 13 азаматы пароммен жеткізілді.
Қазақстан дипломаттарының күш-жігерімен Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елінен азаматтарымыз елге оралды. Үндістан билігінің халықаралық рейстерді жүзеге асыруға тыйым салғанына қарамастан, 17-22 наурыз аралығында Делидегі Қазақстан елшілігінің дипломаттары біздің 538 азаматымызға Қазақстанға қайтуға қолдау көрсетті.
17 наурызда қазақстандық «Kompas Tour» туроператорының чартерлік рейсімен Гоа штатынан Алматыға 204 Қазақстан азаматы келді. Қалған 77 жолаушы Гоа – Дели – Алматы бағытымен елге оралды. Сонымен қатар 204 қазақстандық Шри-Ланкадан «Туристік Қамқор» қоры ұйымдастырған чартерлік рейспен шығарылды. Тағы екі отандасымызға осы елдің астанасы Коломбодан ұшып шығуға жәрдем көрсетілді. 10 қазақстандық турист Мальдив Республикасынан Мале – Мәскеу – Алматы бағытымен ұшып кетті.
Қазақстанның Малайзиядағы елшілігі біздің азаматтарымызға қандай да бір айыппұл санкцияларын төлемей, билет мерзімін ауыстыруға көмек көрсетті. Сонымен қатар Малайзиядағы дипломаттарымыздың көмегімен 22 наурызда Air Astana әуекомпаниясының Куала-Лумпур – Алматы бағыты бойынша тұрақты рейсімен 158 жолаушы, соның ішінде Индонезия мен Сингапурдан 80 транзиттік жолаушы оралды.
Елшілік пен Air Astana әуе компаниясының қызметкерлері әуежайда аталмыш жолаушыларға ыстық тамақ ұйымдастырды. Әуе компаниясының ақпараты бойынша Куала-Лумпур – Алматы бағытындағы соңғы рейс 29 наурызға жоспарланған.
Наурыз мейрамы қарсаңында шетелдерден 800-ден астам отандасымыз үйіне келді. 22 наурызда Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің дипломаттары біздің туристерді Шарм әл-Шейх – Алматы бағыты бойынша чартерлік рейске отырғызуға қолғабыс көрсетті.
Біздің туристер үшін Scat әуе компаниясы ұйымдастырған чартерлік рейске дипломаттардың күшімен Каир және Александрия қалаларында уақытша болған (тұрған) азаматтарымыздың ішінен қосымша жолаушылар отырғызылғанын атап өтеміз. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 235 азаматымыз елге оралды.
Сондай-ақ Түркияда қазақстандық дипломаттар еліміздің 536 азаматын елге жіберуге көмек көрсетті. Олар Ыстанбұл әуежайының транзиттік аймағында жиналған отандастарымызды жөнелту жөнінде айтарлықтай ауқымды жұмыс жүргізгенін атап өткен жөн. Бұдан бөлек, 32 азаматымыз Мажарстан мен Омандағы дипломаттардың қолдауымен елге жіберілді.
Сонымен қатар 20-21 наурызда Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығының (БАӘ) дипломаттары біздің азаматтарымызды отанына қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында туристерімізді Дубай – Алматы (2 рейс) және Дубай – Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша рейстерге отырғызуды жүзеге асырды.
Аталған рейстерге дипломаттардың күшімен ел аумағында жүрген қосымша жолаушылар қосылған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде біздің 463 азаматымыз елге оралды. Бас консулдық қалған отандастармен тұрақты байланыста және оларға қажетті көмек көрсетуде.
Жалпы, отандастарымызды шетелдерден қайтару барысында қазақстандық әскери қызметшілердің де еңбегі ерекше. Олар шетелде түрлі қиын жағдайларда қалған отандастарымызға тікелей көмек көрсетеді.
Қорыта айтқанда, Сыртқы істер министрлігі атқарып жатқан шаруа шаш-етектен. Осы орайда, еліміздің дипломатиялық қызметкерлеріне алдағы жұмысына сәттілік тілегенді жөн көрдік. Төлқұжатымызда «Паспорт Қазақстан Республикасының меншігi болып табылады, ал оның иесi Қазақстан Республикасының қорғауында болады» деп анық көрсетілген. Яғни қиын-қыстау кезеңде қалған әрбір азаматымызды қорғау, көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеті. Бұл тұрғыдан алғанда, Сыртқы істер министрлігі қызметкерлері бұл міндетті адал атқарып келеді.