Вирус Қазақстанға келмей тұрып іске кіріскен
2019 жылдың желтоқсаны. Қазақстандық ғалымдар Қытайдың Ухань қаласынан бастау алған қауіпті індет әлі де әлемге кең тарала қоймаған тұста осы ауруды анықтайтын тест-жүйені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған нұсқаумен әзірлеп шыққан болатын. Бұл туралы биылғы жылдың 31 қаңтарында өткен аталған ведомствоның «Қазақстан ғылымын дамытудың өзекті мәселелері» атты секциялық отырысында хабарланған-ды. Ал тест-жүйе туралы оны дайындаған ұйым – Ұлттық биотехнология орталығының (ҰБО) бас директоры Ерлан Раманқұлов:
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясы жөнінде ақпаратты небәрі 10 күн бұрын таратты. Ал біз 1 жарым аптада әзірлеп шықтық. Бұған дейін бізде эксперименттік жүйе болған, соған сүйендік. Алматыдағы орталығымызда сараптама жасалып жатыр. Егер бұл адамнан адамға тарайтын инфекция болса, әрі қарай Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс істейді. Сараптама нәтижесін де сол ведомство айтады», деген еді. Бірақ 2 айға жуықтаса да неге отандық ғалымдар әзірлеген тест-жүйе қолданысқа енгізілмей отыр? Мұның мәнісін сол тест-жүйені дайындаудың басы-қасында жүрген, биология ғылымдарының кандидаты, ҰБО Алматы филиалы директорының орынбасары Юрий Скиба әлі сынақтан өткізіліп жатқанымен байланыстырады.
– Біз тест-жүйені әзірлеу туралы Денсаулық сақтау министрлігіне шыққанда, дайындауға 10 күн берді. Бірақ жұмыс 6 күнде аяқталды. Дегенмен, бүгінде Қазақстан қытайлық және ресейлік тест-жүйелерді қолданып жатыр. Өйткені тест-жүйені әзірлеуден гөрі өндіріске енгізу қиын. Сынақтан өткізу оңай шаруа емес. Қазір отандық ғалымдар өздері әзірлеген тест-жүйеге сенімділігін сынау үстінде десек болады. Яғни жаңа тест-жүйе вирусты кәдімгі тұмау немесе пневмониямен шатастырып алмай анықтау қажет. Біз тест-жүйенің референтті үлгісін Республикалық санитарлық-эпидемиялық стансамен бірлесе тексерістен өткізіп, қорытындыға келеміз. Отандық тест-жүйе сол соңғы сынақтардан өтіп, бақыланғаннан кейін ғана өндіріске енгізіледі, – дейді биолог.
Маманның мәлімдеуінше, отандық тест-жүйе қазіргі қолданыста жүрген шетелдік өнімдермен салыстыру арқылы сыналып жатыр. Өйткені отандық өнім шетелдік тест-жүйеден сапасы, анықтау, вирусты жылдам сезу қасиеттері жағынан асып түспесе, кем болмауы керек.
– Біз 1 ай бұрын Денсаулық сақтау министрлігінен 3 ай ішінде тест-жүйені толық өндіріске әзірлеу туралы келісімшартқа қол қойдық. Құжат жүзіндегі мерзіміне қарамастан, неғұрлым ертерек, бастысы уақытынан кешіктірмей бітіруге барымызды саламыз. Әлгінде айтып кеткенімдей, тест-жүйенің моделін дайындау соншалықты қиын емес, бірақ бұл өндіріске енгізілуден бұрын зертханаішілік деңгейде тексеріледі, содан соң еліміздегі және шетелдегі өзге зертханаларға сынақтан өткізуге жіберіледі. Осы уақытта елімізде шетелдік тест-жүйемен анықталған науқастардың тест қорытындысы біздің тест-жүйе арқылы қайтадан тексеріледі, яғни тесті қайталап, отандық өнімнің сапасын анықтаумен айналысамыз. Қазіргі нәтижесі бізді тек қуантып отыр, – деп бізді де қуантты Ю.Скиба.
Өзгенің өнімін қымбат бағаға да таппаймыз
Иә, тест-жүйе табылды, өндіріске енгізілді дейік. Бірақ ауруды анықтаудан бұрын алдын алу маңызды. Сондықтан дәл қазір әлемдегі әр ел вакцина әзірлеумен әлек. Қазақстандық ғалымдар да бұл маңызды істі бастады. Коронавирусқа қарсы отандық екпені Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтындағы (Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский ауылы) ғалым-мамандар дайындайтынын сүйіншілегенімізде, Қазақстан ғылымына күмәнмен қарап, шетелдік өнімді күтуге шақырғандар болды. Оған қазақстандық вакцинаны әзірлеу тобындағы ғалым, профессор Қайсар Табынов:
– Ең алдымен қолда бар тәжірибені ескеріп, коронавирустық инфекцияға қарсы отандық вакцинаны әзірлеуге, жан-жақты зерттеуге және бастысы тіркеуге күш салатынымды айтқым келеді. Қазір қоғамда кейбір адамдар шетелдік фармацевтикалық компаниялардың бізге вакцина сатқанын күтіп отыруға шақырады. Біз шындыққа тура қарайық, COVID-19 коронавирустық инфекциясы пандемия деп жарияланды. Вакцина әзірленіп, өндіріске енгізілсе де бұл барлық елдердің тұрғындарына, мұқтаждарға толық жетпейді. Бірінші кезекте вакцина оны әзірлеген және өндірген елдер үшін қолжетімді болады. Одан қалғаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне сәйкес, яғни вирус өршіп тұрған елдерге бөлінеді. Қазақстан қазір (төменгі) тізімде, Ауғанстан деңгейінде тұр. Демек шетелдіктер ойлап тапқанның өзінде вакцина бізге дейін жетпейді, тіпті қымбат бағаға да таппаймыз. Сондықтан адамдар Қазақстанда аталған инфекцияға қарсы отандық вакцинаны әзірлеудің қажеті жоқ деген жаңсақ түсініктен арылатынына үміттенемін, – деп жауап берді.
Бұған дейін бір кездері өршіген құс тұмауына және әлемде соңғы 20 жылда алғаш рет ірі қара малда кездесетін бруцеллез жұқпалы ауруына қарсы екпені әзірлеген Қ.Табынов өзінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтындағы 15 жылдық, оның ішінде Инфекциялық аурулардың алдын алу зертханасының меңгерушісі қызметіндегі 8 жылдық еңбек өтіліне сүйене отырып, қауіпті вирусқа қарсы отандық екпені дайындауға кіріскен қос ұйымдағы биологиялық қауіпсіздіктің 3 деңгейі бар (Орталық Азия аймағындағы жалғыз) зертханалары мен заманауи материалдық-техникалық базасына, күрделі ғылыми-технологиялық міндеттерді шешуге қабілетті мамандарға сенетінін жеткізді.
Вакцина қашан өндіріске енгізіледі?
Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты жанындағы оқу-әдістемелік орталығының директоры Хайрулла Абеуов вакцинаны әзірлеп, өндіріске енгізуге кем дегенде
1 жыл кететінін жеткізді. Өйткені екпе дайын болса да алдымен жануарларға егіледі. Содан соң Денсаулық сақтау министрлігі өнімді өз еркімен екпе алуға келіскен, бірақ коронавируспен ауырмаған адамдарда сынайды. Сынаққа келісім берген еріктілерге қаржы қарастырылуы мүмкін. Иә, бұл – шетелде бар тәжірибе. Айталық коронавирус күшейіп тұрған Ұлыбританияның Лондон қаласындағы зертхана әзірлеп жатқан вакцинаны сынақтан өткізу үшін 20 мыңнан аса адам өз еркімен келіскен. The Wall Street Journal еріктілерге 4,480 АҚШ доллары, яғни 1,8 млн теңгеге жуық ақша берілетінін жазды.
Екпені өндіріске енгізуге жыл он екі ай уақыт керек екен. Ал бұл бізге қазір қажет. Десе де неғұрлым тезірек өндіріске енгізілгені абзал. Осы тығырықтан қалай шығуға болады? Профессор Қ.Табынов мұндай мәселені тек күш біріктіру арқылы шешуге болатынын айтады.
– Бұл – дәл қазір бүкіл әлемге ортақ проблема. Проблемасы ортақ адамдар әдетте бір-бірімен бәсекелес болғанына қарамастан күш біріктіреді. Міне, сондықтан да шетелдік ықпалды әрі күшті фармацевтикалық компаниялар бірлесіп жұмыс істеуге әлдеқашан кірісіп кетті. Түрлі елдердегі университеттер, зерттеу институттары, ғылыми орталықтар консорциум құрып, технологиялық платформаларымен қамтамасыз етіп, тәжірибелерімен, тіпті өзара атқаратын міндеттерімен бөлісіп жатыр. Осы стратегияны бізге де қолдану қажет. Бұл өз қоғамымыздың ғана емес, халықаралық ұйымдардың да сапаға сенімділігін арттырады, – дейді профессор. Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеу тобындағы ғалым отандық екпені дайындауда АҚШ пен Аустралиядағы биотехнологиялық компаниялар, университеттермен серіктестікте жұмыс істейтінін атап өтті.
P.S.: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пандемияға қарсы еліміздегі күрес жұмыстарын үйлестіретін орталыққа барғанда:
– Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз, – деген еді. Бұдан асырып айта алмаспыз. Тек сөзіміздің соңында Қазақстанның тағдыры да қазақстандық ғалымдардың қолында екенін қоса кеткіміз келеді.