Коронавирус • 31 Наурыз, 2020

Алматыда дезинфекциялау жұмыстары күшейтілді

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аумағы тұтастай оқшауланып, қатаң карантин режиміне көшкен Алматыда тазалық жұмысы күніне екі мәрте, таңертең және кешкі уақыттарда жүргізіліп жатыр. Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова шаһар көшелері мен аулаларды зарарсыздандыруға 0,05% натрий гипохлориті қолданылатынын айтты.

Алматыда дезинфекциялау жұмыстары күшейтілді

«Аталған дезинфекция құралы жаппай зарарсыздандыру үшін пайдалануға рұқсат берілген. Құрамында токсин аз. Ауру ошақтарын дезинфекциялауға 1% ерітіндіні қолданамыз. Қолдану кезінде барлық сақтық шаралары жасалады», - дейді Молдақасымова.

Бұған дейін қалалық Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары Диас Ахметқалиев 29 миллион шаршы метр жол, тротуар мен жаяу жүргіншілер жолы дезинфекциялық қоспамен жуылатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ басқарма өкілі тұрғындардан пайдаланылған медициналық қалдықтарды әрі қарай заласыздандыру мақсатында бөлек қапшықтарға жинап, шығаруларын сұраған болатын. Мамандардың сөзінше, дезинфекцияға арналған қоспалардың адам мен жануарлардың денсаулығына мүлде зияны жоқ.