29 Тамыз, 2013

Жүрекке жазылған естеліктер

545 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Журналист Нәзира Байырбек туралы ойлана қалсам, сырбаз сырлар санама сап ете қалады. Түркістандағы қазақ-түрік университетінде бірге оқып, шығармашылық байланысымыз үзілмеген жақсы құрбының кәсіпке адалдығына, тиянақтылығына, еңбекқорлығына тәнтімін. Сол Нәзираның жуырда «Журналистің жұлдызды сәттері» деген эсселер жинағы жарық көрді. Пышақтың қырындай жұқа болғанымен, ұзын-сонар ойларға жетелейтін еңбек екен.

Ақпараттық ғасырда журналистика жанр­лық жағынан жұтаң тартып, хабар, сұхбат қаптады да, очерк, эссе сияқты күрделі дүниелердің көзден бұл-бұл ұша бастағаны рас. Ал, отыз жастың эссе-естелігі біз үшін кәдім­гі таңсық дүние. «Оны жазатындай жасқа жеттік пе?» деп тартыншақтап тұраты­нымыз да жасырын емес. Міне, сөйтіп жүрген­де күндердің сырғып, жылдардың маңып бара жатқанын көз алдымызға әкелетін эсселер жинағы қолымызда тұр. «Қазақтың кіл жақсы-жайсаңымен сұхбаттас, дәмдес-тұздас болған екен-ау», деп шығармашылық тұрғы­дан аздап қызғаныш танытқанымызбен, жинақ­тағы естеліктердің дәл осы формада жазылып, жарыққа шығуы заңды да сияқты. Өз көңілімізге, әрине.

Аздап шегініс жасайын. 2006 жылдың көктемі болатын. Нәзира екеуміз елорданың сол жағалауын қыдырыстап жүріп, Үкімет үйінен шығып келе жатқан жазушы Төлен Әбдікті кездестірдік. Мен жазушымен басымды изеп амандасып, состиыңқырап тұрып қалдым да, Нәзира емен-жарқын сәлемдесіп, хал-жайын сұрап, ілтипат көрсетіп жатты. Былай шыға бере: «Сен ол кісіні танушы ма ең?» деймін ғой. Сондағы жауап: «Таныстығымыз жоқ. Бірақ, мұндай жақсы адамдар алдыңнан күнде кездесе бермейді. Әрі үлкен кісілер біз секілді жастар алдынан шығып сәлем беріп жатса, қуанып қалады емес пе?». Бұл оның нағыз қазақы тәрбие көргендігінің адамды кері теппей, бауырына тартатын қасиетінің бір ғана көрінісі еді...

Жинақтың алғысөзінде журналист «менің биіктерім – өз санамда жарқын болмысымен есте қала білгендер» деп жазыпты. Журна­листика сапарында жүріп ой көкжие­гіңді кеңейтпеу, адам ретінде өсіп-жетілмеу, жыл­дан-жылға кемелденбеу кешірілмес күнә екенін айтып, ағынан ақтарылыпты. Әрине, кейіпкерін іздеп жүретін, онымен сұхбаттың мерзімін керек болса айлап-жылдап күтетін, әрбір кейіпкерін өз жүрегінде аялап, тек айтқан әңгімесін ғана жадына түймей, оның кісілік болмысын, өмірдегі түрлі қасиет-қылығын санасына сыйғыза білетін, оған қоса қоғамдағы әрбір оқиғаның түпкі мәнін түсінетін, одан өзінше бір ғибрат алатын ойлы журналист қана осылай айтса керек. Университет қабырғасынан шыға сала «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ақ жол», «Айқын» сынды белді басылымдарда еңбек еткен Нәзираның жұлдызды сәттерінің көп болғанына тіпті талас жоқ. Бұл жерде бізді қызыға, тұщына оқуға жетелеген жайт – әр кейіпкеріне, қоғамдағы біз білетін тұлға­ларға журналист өз көкірек көзімен үңіліп, өзінше сипаттауға ұмтылатындығы. Сон­дық­тан да абыз қарт Халифа Алтай, қазақ руха­ния­тының шырақшысындай болған Ақселеу Сейдімбек, жазушының ішіндегі жаны нәзік лиригі Сайын Мұратбеков, сатира сардары Садықбек Адамбеков туралы жазбалар марқұм тұлғаларды көз алдымызға жаңаша бір қырларымен қайта әкелгендей әсер етті. Сондай-ақ, Әбіш Кекілбайұлы, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза, Қалихан Ысқақ, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова сынды қазақтың қадірлі ұл-қыздарына арнаған жазбалары да журналистің ең алдымен адам жанының білгірі болуы керектігіне үндеп тұрғандай. Жалпы, «Журналистің жұлдызды сәттерін» оқып шығып, ондағы тұлғаларды ғана емес, Нәзираның өзін де жаңа бір қырынан танығандай болдық.

Сөз басында ең алдымен журналистің еңбекқорлығы мен тиянақтылығын, кәсіпке адалдығын айтып ек. Оның дәлелі – «Билік – биіктік емес», «Нұр­жамал» кітаптары, сондай-ақ, осы он бес шақты жылда жазған басқа да жүздеген, тіпті, одан да көп сүйекті, толғамалы, талдамалы мақалалары. Әрі сол дүниелерді жазарда ешқандай күй талғамай, тартыншақтамай, тіршілікке қатысты басқа мәселелердің барлығын да ысырып қойып, жаза беретінінің бірнеше рет куәсі болған да жайымыз бар. Бәрін айт та, бірін айт, «Журналистің жұл­дызды сәттерін» де ең алдымен кәсіпке адал­дықтың жемісі деп бағалағымыз келеді.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар