Үш күнге созылған «Далалық ырғақ-2013» екінші туристік және авторлық ән байқауы «Ақтөбе теңізі» су қоймасындағы «Саяхат» қалалық жағажайында ұйымдастырылды.
Үш күнге созылған «Далалық ырғақ-2013» екінші туристік және авторлық ән байқауы «Ақтөбе теңізі» су қоймасындағы «Саяхат» қалалық жағажайында ұйымдастырылды.
Туристік және авторлық әндер фестивалін өткізудегі мақсат авторлық ән жанрын дамыту, орындаушы таланттарды тауып, олардың шығармашылық өсуіне көмектесу, туризм мен спорттың белсенді түрлерін насихаттау болып табылады. Байқауға отандық өнерпаздармен бірге Ресейден өкілдер қатысты. Биылғы шараға қатысушылардың құрамы өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көп болды.
Ән байқауын туризм бөлімі облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды. Ақтөбелік қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар үш күн бойы көрме-саудада тұрды.
Алғашқы күні ән-би, этномәдени бірлестіктер ұжымдары, у-шу және капоэйра, бодибилдер командалары өнерлерін көрсетті. Балалар сурет байқауына қатысты және құмнан көне ғасырлық ғимараттардың құрылысын салды. Шахмат пен тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан жарыстар өтті. Мұнымен бірге, қалалық техникалық шығармашылық орталығының кеме үлгілері үйірмесіне қатысушы жасөспірімдер өз шеберліктерін көрсетті. Бұл кезде ересектер «4х4 Х-терра» жолсыз туризм клубының ретромашиналары мен мотоциклдердің көрмесін тамашалап, жағажай волейболынан сынға түсті. Авторлық және туристік жаңа әндер жағажай аспанын әдемі әуенге бөледі. Фестивальдың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібековтің сахнаға шыққан бетте Булат Окуджаваның өлеңін оқып, гитарамен Олег Митяевтің «Біздердің бәріміздің бүгін осы жерге жиналғанымыз қандай жақсы!..» деген әнін шырқауы да салтанатты сәттің бәсін арттырды.
– Адамның көңіл күйі авторлық әндерде мейлінше ашық көрінеді. Сондықтан мұндай ән мерекелері керек. Мұнда достық, өмірдің қымбат сәттері, нәзіктік пен мейірім әуен қанатымен өріледі. Менің тұстастарым осындай әсем әндерді естіп есейді, – деді Н.Әбдібеков.
Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қуандық қалалық мәдениет бөлімінің басшысы және «Қуандық» фестивалінің жетекшісі Виктор Калачев:
– Мұндағы өнер топтарын, оның ішінде ақтөбелік әншілерді Ресейде де жақсы біледі. Мен осы күндері Орскіде өтіп жатқан «Бабье лето» ән байқауынан бас тартып, арнайы осында келдім. Бұл ән байқауында жас әншілерді көріп, талантына сүйсіндім. Фестивальдың ұйымдастырылуы маған қатты ұнады, – деді.
Біз фестивальды ұйымдастыруға атсалысып жүрген Орынбор облысындағы «АП» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Иван Макашовты әңгімеге тарттық. Ол мұндай туристік және авторлық ән байқауы Орынбор облысында үшінші рет өткізілгенін, Самарада өтетін фестивальда өздерінің алаңы бар екенін жеткізді.
– Фестивальды ұйымдастыру арқылы 100 жастың біреуінің қолына сыраның орнына гитара ұстатсақ, соның өзі пайда. Мақсат – бард әндерін насихаттау арқылы жастарды саламатты өмірге жақындату. Міне, фестивальден ұтарымыз осы. Биыл Ақтөбеде екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылы «Сазды» су қоймасында ұйымдастырылды. Туризмді дамытудың бір тетігі осындай ән байқаулары екенін айтқан жөн, деді ол. Ән байқауының ұйымдастырылуына Орск қаласының «Апрель» авторлық әндер театр-студиясының жетекшісі Лилия Солодова да ризашылығын білдірді. Осындағы қолөнер шеберлері көрме-шеберханасында қолөнер тігумен айналысатын алматылық Нұргүл Дәлелхан қарындасымызды кездестірдік. Нұргүл облыста өткен бір көрмеге қатысып, сонда танысудың сәті түскен. Ол мұндай шаралардан қалмайтынын айтып, туризмді дамытуға халқымыздың қолөнер бұйымдарын насихаттау алғышарт жасайтынын жеткізді. Осы фестивальдің ұйымдастырылуында ерлі-зайыпты ақтөбелік Акчуриндердің еңбегі зор екенін атап өту жөн.
Фестиваль бағдарламасында жарқырай көрінген өнерпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. «Саяхат» жағажайында гитарамен ән шырқағандардың дауысы түннің бір уағына дейін қалықтады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.