Соңғы кездері әлеуметтік ахуалы мардымсыз азаматтар мен отбасыларға, бала-шағаға түрлі деңгейде қайырымдылық көмек беріп, жәрдем қолын созатындар көбейді. Бұл – «өле жегенше, бөле же» дейтін халықтың ұрпақтары, «көршісі аш отырып, өзі тоқ отырғанды» күнә санайтын діннің өкілдері ретінде қайта айналып қазығымызды тапқандығымыздың белгісі болса керек.

Жуырда Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңында халық құжынап, «ГаЗель» маркалы автокөліктер иін тіресе сыңсып тұрды. Барсам, жылдағы дәстүріне сай «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастырған «Шын жүректен» атты қайырымдылық онкүндіктің басталуы екен.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Жұмашев «халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына қарамастан, қоғамымызда қамқорлыққа зәру, өз ортасының көңіл аударуын қажет ететін азаматтар бар. Олардың санатына өзін қамтамасыз ете алмайтын мүгедектер, көпбалалы аналар, төменгі мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар, жалғызбасты еңбекке жарамсыздар мен жетім және мүмкіндігі шектеулі балалар жатады» деген ол қайырымдылық акциясы еліміздің Конституция күніне арналғанын, сонымен қатар, білім күнін де ұмыт қалдырмай осы онкүндік аясында «Баланы мектепке даярлайық» акциясының бірге жүретінін айтты.
Маңғыстау облысында жарты миллионнан астам тұрғын бар десек, соның 20 мыңға жуығы көмекке мұқтаж. Акцияда осы азаматтар мен отбасылардың тізімі арнайы тақтаға ілініп, көмек беремін дегендердің назарына ұсынылды. Құқық қорғау орындары, әділет басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдау жүргізген акцияда Маңғыстау облыстық, Ақтау қалалық және Мұнайлы аудандық мәслихаттар депутаттары, түрлі қоғамдық бірлестіктер мен қайырымдылық қозғалыстары, ірі сауда орталықтары, әлеуметтік мекемелер балаларға мектеп киімдері мен оқу-құралдарын, қамқорсыз отбасыларға ақшалай және азық-түлік ұсынды. Конституция күнінің арнайы сыйлығы да ұмыт қалған жоқ.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.