Қазақстан • 31 Наурыз, 2020

Тоғыз қалада биологиялық қорғаныс бөлімшелері дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда мен Тараз қалаларында орналасқан құрылыс нысандары мен оларға қарасты аумақтардың Қарулы Күштері биологиялық қорғаныс бөлімшелерінің әскери қызметшілері арнайы залалсыздандыру жұмыстарына қатысуда.

Тоғыз қалада биологиялық қорғаныс бөлімшелері дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде

Төтенше жағдай кезінде әскери қызметшілерді азаматтық қорғаныс жұмыстарына тарту  қажеттіліктен туындап отыр. Бүгінде  ҚР Президенті – Қарулы Күштердің Жоғары Бас қолбасшысының тапсырмасына сәйкес дезинфекциялау жұмыстарының аумағы кеңейтіліп, биологиялық қорғаныс бөлімшелерінің саны артты.

Нұр-Сұлтан қаласында дезинфекциялау жұмысы қалай жүргізіліп жатқандығын туралы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тексерді. Әңгімелесу барысында ол әскери қызметшілердің Қазақстан азаматтарының денсаулығы мен амандығын сақтауда атқаратын жұмыстарының маңызды әрі ауқымды екендігін айтып өтті.

Нұрлан Ермекбаев сарбаздар мен сержанттарға инфекцияға қарсы шаралардың бақылауға алынғандығын және де бұл істе ұстамдылық таныту қажетігіне тоқталды. Сондықтан да қиын кезеңде республика жұртшылығына көмекке келген сарбаздардың ісі әрқашан да жоғары бағаланатындығын жеткізді.

Мұндай төтенше жағдай кезінде әскери қызметшілер өз денсаулықтарының қауіпсіздігіне аса мән беруі керек. Бір жауынгердің  сырқаты бүкіл әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан да әскерилер барлық санитарлық-гигиеналық нормаларын қатаң сақтап, індеттің алғашқы белгілері анықталған кезде басшылыққа жедел түрде баяндау қажеттігі ескертілді.

Әскерилердің физикалық белсенділігімен қатар, жеке құрамның дұрыс тамақтануы, дәрумендерді уақытылы қабылдап отыруы, киімдерінің дер кезінде  арнайы құралдармен тазаланып отыруы мен жеке гигиеналық талаптарды сақтау мәселесі тапсырылды.  Сондай-ақ, жұмыс барысында ерітіндіні дайындау әдісі, экологиялық залал келтірмеуге байланысты сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс. Әскерилерге дезинфекциялауға жататын нысандар мен аумақтарды толықтай өңдеу мен құралдарды ауыстыру, жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері де бақылауда болуы тиістігі ескертілді.

Қала нысандарын күн-түн демей дезинфекциялауға, сонымен қатар қала маңына жақын орналасқан ауыл аймақтарды өңдеу жұмысына қатысқан әскери қызметшілерге  Қорғаныс ведомствосының басшысы алғысын білдірді.