Хоккей • 31 Наурыз, 2020

Шайбалы хоккей: Бірнеше белді ойыншы «Барыстан» кетуі мүмкін

464 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таяу күндері күндері Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыстың» бірнеше ойыншысы өзге клубтарға ауысуы мүмкін.

Шайбалы хоккей: Бірнеше белді ойыншы «Барыстан» кетуі мүмкін

Қазірдің өзінде 32 жастағы Атте Охтамааның Ярославльдің «Локомотивімен» келіссөздер жүргізіп жатқаны мәлім. Финляндиялық қорғаушы кезінде әлем чемпионы және сол жарыстың қола жүлдегері атанып, Қазанның «Ақ Барсымен» бірге Гагарин кубогын жеңіп алды. Соңғы маусымды қазақстандық клубтың сапында өткізген ол 36 мәрте мұз айдынына шығып, 21 (6+15) ұпай жиды. 

Дәл сол «Локомотив» Эдди Паскуалеге де көз тігіп отыр. Былтыр ғана «Барыстың» жейдесін киген 29 жастағы канадалық қақпашы 46 кездесу өткізіп, өз қақпасына бағытталған соққылардың 93 пайызын кері қайтарған еді. 

Сонымен қатар, Үйеңкі жапырақтар елінің тағы бір өкілі Корбан Найттың да Нұр-Сұлтанда қалуы екіталай. Тұрақты біріншілік барысында 60 рет мұз айдынына шыққан 29 жастағы шабуылшы 20 рет гол соғып, 21 мәрте нәтижелі пас берді. Барлығы – 41 ұпай. Канаданың сұрмергені Омбының «Авангардына» ауысады деген сыбыс бар.  

Жоғарыда есімдері аталған хоккейшілердің «Барыспен» жасалған келісімшарты 30 сәуірде аяқталады.