Бұдан бұрын онлайн трансляция қоғам үшін ерекше маңызды істер болғанда ғана қолданылған. Сонымен қатар, бұл істер сот залында орын алып, процестің тек видеотрансляциясы қамтамасыз етілген.
Қазақстан қатысып жатқан бұл процесс бұрынғыға қарағанда өзгеше. Бүкіл сот тыңдауы виртуалды түрде өтіп жатыр, онда әрбір қатысушы – судья, барристерлер, қонақтар мен куәгерлер үйде немесе кеңседе отырып, интернет арқылы процеске қатысады.
Бұл процесс Қазақстанның бастамасы мен талпынысының, сондай-ақ жаһандық карантин кезеңінде мұндай тәжірибеге жол берген Англияда қабылданған заңның арқасында мүмкін болды. Судья алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес тыңдауды жалғастыру туралы шешім қабылдау үшін арнайы заңның күшіне енуін күтуге мәжбүр болды.
Қазақстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Молдова азаматтары Анатол Стати, Габриэль Стати және олардың Ascom Group S.A., Terra Raf Trans компанияларына және Bank of New York Mellon (BNYM)-ге қарсы ісі бойынша тыңдаулар Англияның Жоғарғы Сотында өтіп жатыр.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкі бірлесе отырып Стати мен BNYM-ге қарсы BNYM-де сақталған 530 миллион АҚШ долларына уақытша тыйым салудың негіздеріне қатысты талап-арызды Англияның Жоғарғы Сотына берді.
Негізгі тыңдаулар судьяның кестесіне 2020 жылдың наурызына енгізілген болатын. Алайда, COVID-19 ғаламдық пандемиясын алғышарт ретінде қолдана отырып, Стати сот алдында тыңдауды кейінге қалдыруға шақырды. Осы мәселе бойынша жауапкер ретінде әрекет ететін Статиге бұл процесті кейінге қалдырып, созу – тиімді екенін атап өткен жөн. Қазақстандық тарап мерзімдерді кейінге қалдыруға қарсы болып, виртуалды сот отырысын бұрын келісілген мерзімде өткізуді талап етті.
Қазіргі уақытта қолжетімді техникалық шешімдер әділет жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі керек. Судья қазақстандық тараптың позициясын қолдап, өзі үшін жаңа форматта тыңдауды өткізуге ұйғарды.
Осылайша, қазақстандық тарап жарияланған карантинге және барлық процестердің тоқтауына қарамастан, шетелдік юрисдикцияларда өз мүдделері мен құқықтарын қорғауды жалғастыруда. Әділет министрлігінің қызметкерлері консультанттардың жұмысын қашықтықтан үйлестіре отырып, осындай қиын кезеңде қызмет етуді жалғастыруда.