Қардан тазарту және оны шығару жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында тәулік бойы жүргізілуде. Арнайы штаб құрылып, қардан тазарту жұмыстарының кешенді жоспары бекітілді.
Су астында қалған 37 орын анықталған. Олардың 7-і – Алматы ауданында, 12-сі – Байқоңыр ауданында, 13-і – Есіл ауданында, 5-і – Сарыарқа ауданында. Әрбір нысан бойынша қажетті материалдар бөлініп, жауапты тұлғалар бекітілді. Жұмыс, бірінші кезекте, қардан тазарту және нөсерлі кәріздерді тазалау мақсатында атқарылып жатыр. Қалада, оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалы маңында су тасқынына қарсы жұмыстар қолға алынды.
«Еріген суды сору қаланың барлық көшелерінде жүргізіліп жатыр. Аулаларды аралау жұмыстары да жалғасуда. Мұндай жұмыстарға қалада 200-ден астам машина, 20-дан астам мотопомпа жұмылдырылған. Осылайша елорда әкімінің тапсырмасына сәйкес тиісті қызметтер қаладағы орындардың жаппай су астында қалуын болдырмауға бағытталған шараларды қабылдауда», – деп мәлімдеді «Астана Тазалық» ЖШС бас директорының орынбасары Марсель Ұзақов.