Руханият • 31 Наурыз, 2020

Карантинде концерт көруге болады

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздегі карантин режимі  мәдени мекемелердің жұмысын тоқтатқанымен,  халықтың өнерден қол үзіп қалмауы үшін бірқатар өнер ошақтары  өз көрерменін қашықтықтан-ақ ән-жырмен сусындатып отыр. Айталық, Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы өзінің тыңдармандары үшін онлайн концерттер қоюда.

Карантинде концерт көруге болады

Әлеуметтік желідегі ұйымның Instagram және Facebook ресми парақшалары арқылы тікелей эфирде 30 - наурыз күні Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының әртістері Жігер Саханов пен Жаннат Рақметованың концерті өтті.

Бүгін, яғни 31 - наурыз күні Қазақстанның мәдениет қайраткері Ержан Алимбетовтың "Күй сөйлесін" концерті желі арқылы көрерменге жол тартты.

Игі шара алдағы күндері жалғаса бермек. Тыңдармандар сәуірдің 4 күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің солисі Игорь Благодарныйдың, 12 - сәуір күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжан Үзенбаеваның (фортепиано), 15 - сәуір халықаралық байқаулардың лауреаты Еркебұлан Сапарбаевтың (скрипка) концертін тамашалай алады. Басталуы 17:00-де.