Футбол • 01 Сәуір, 2020

Ұлттық баскетбол қауымдастығының «ТОП-10» ойыншысы

822 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Fadeawayworld.net. сайты әр жылдары Ұлттық баскетбол қауым­дас­ты­ғында (ҰБҚ) өнер көрсеткен ең үз­дік ойыншылардың тізімін жария­лады.

Ұлттық баскетбол қауымдастығының «ТОП-10» ойыншысы

Үздіктер тізімін даңқы жер жарған Майкл Джордан (бойы – 198 см., салмағы – 98 кило) жеке-дара көш бас­тап тұр. 1984-2003 жылдар аралығында «Чи­ка­го Буллз» бен «Вашингтон
Уизар­дс» клубында өнер көрсеткен айту­­лы баскетболшының бағындырмаған беле­сі жоқ. Теңдессіз өнеріне тамсанған жан­күй­е­рлер оны «Ұшқын Джордан» деп атай­тын.

Екінші орында – Джеймс Леброн (бойы – 203 см., салмағы – 114 кило). 10 жыл «Кливленд Кавальерс» және төрт жыл «Майами Хитсте» ойнаған «Акронның балғасы» бұл таңда «Лос-Андж­елес Лейкерстің» сапында жасындай жарқырап жүр.

Үшінші орынды Хәкім Оладжьювон (бойы – 213 см., салмағы – 116 кило) иеленуде. Нигерияда туып-өсіп, кейіннен АҚШ азаматтығын алған ол 1984-2002 жылдар аралығында «Хьюстон Рокетстің» шоқ жұлдызы болды.

Төртінші сатыға Ларри Берд (бойы – 206 см., салмағы – 100 кило) жайғасты. 1979-1992 жылдары «Бостон Селтикс­тің» беткеұстары болған ақ нәсілді азамат өзінің мықтылығын түбегейлі мо­йындатты.

Бесінші орын Тим Данканға (бойы – 211 см., салмағы – 113 кило) бұйырды. 19 жыл бойы «Сан-Антонио Сперстің» са­пын­да ойнап, миллиондаған көрер­менн­­ің көзайымына айналған ол өзінің спорт­тық мансабын тек осыдан төрт жыл бұ­рын ғана аяқтады.

Алтыншы орынды Кобе Брайант (бойы – 198 см., салмағы – 96 кило) еншілеуде. Табаны күректей 20 жыл бойы (1996-2016 жылдары) тек бір команданың – «Лос-Анджелес Лейкерстің» намысын қор­ғаған «Қара Мамба» үстіміздегі жыл­дың 26 қаңтарында әуе апатынан қайтыс бо­лып, күллі жанкүйерді қан жылатып кет­кен еді.

Жетінші орында – Ирвин Джонсон (бойы – 206 см., салмағы – 116 кило). Жастайынан «Мэджик», яғни «Си­қыр­шы» деген бүркеншік есімді иеленген ол 1979-1991 жылдары «Лос-Анджелес Лейкерстің» басты жұлдызы болды. Теңдесі жоқ шеберлігінің арқасында сан миллион жанкүйердің жүрегін жау­лаған Джонсон одан кейін де көз арба­ған биіктерді бірінен кейін бірін ба­ғындыратынына күмән жоқ еді. Алайда асқан дарын иесі СПИД дертіне шал­ды­ғып, үлкен спорттан қол үзуге мәжбүр болды.

Сегізінші орынды Шакил О’Нил (бойы – 216 см., салмағы – 147 кило). иемденді. Дене бітімі өте ірі және сал­ма­ғы тым ауыр болғанына қарамастан Нью-Джерси штатының тумасы өз дә­уірі­­нің ең үздік баскетболшыларының бірі ретінде тарихта қалды. 1992-2011 жылдар аралығында О’Нил алты бірдей клубтың жейдесін киді.

Тоғызыншы орында – Кәрім Абдул Жаббар (бойы – 218 см., салмағы – 121 кило) 1969-1989 жылдары аралығында әуелі «Милуоки Бакс», одан кейін «Лос-Анджелес Лейкерстің» символына айналып, «Ілмек лақтырудың королі» атанған жігіттің жасындай жарқыраған шағын дүйім жұрттың әлі де ұмыта қоймағаны анық.

Оныншы орынды Билл Рассел (бойы – 208 см., салмағы – 98 кило) иелен­уде. Өзінің спорттық жолын 1966 жылы бастап, 1988 жылы аяқтаған ол сол аралықта «Бостон Селтикс», «Сиэтл Суперсоникс» және «Сакраменто Кингздің» құрамында ойнады. Жуырда ғана 86 жасқа толған ақсақал қазіргі кезде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Окленд қаласында тұрып жатыр.