Қоғам • 01 Сәуір, 2020

Жалған ақпарат таратқандар жазасыз қалмайды

217 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Төтенше жағдай кезеңіндегі құқық бұзушылықтар туралы баяндады.

Жалған ақпарат таратқандар жазасыз қалмайды

Ведомство басшысының айтуынша, 28 наурыздан бас­тап Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында карантиндік режім күшейтілді. Мекемелер жұмысы тоқтатылып, азаматтардың үйден шығуына шектеу қо­йыл­ды. Адам көп жиналатын орындар жабылып, көлік қозғалысы шек­телді. Көшеде үш адамнан артық жиналуға, сондай-ақ жас­өспірімдерге жалғыз жүруге болмайды.

– Азық-түлік, дәрі-дәрмек алу кезінде, не болмаса ауруха­на, жұмысқа барар кездерде ғана көшеге шығуға болады. Бас­қа кезде шығуға тыйым салы­нады. Тәртіп бұзғандармен 3 күн бойы түсіндіру жұмыстары жүр­гізілді. Ереже бұзғандарға бүгін­нен бастап айыппұл салы­нады. Ал қарсылық таныт­қан­дар 15 тәулікке дейін әкім­ші­лік қамауға алынады, – деді Е.Тұр­ғымбаев.

Оның айтуынша, азаматтар мен автокөліктердің қозғалысы қатаң тексеріледі. Жаяу және автокөліктегі патрульдер саны көбейтілді. Бейнебақылау жү­йесі іске қосылды. Қоғамдық тәр­тіпті қамтамасыз ету және ұр­лық пен тонау фактілерін бол­дырмау мақсатында бірқа­тар шара қолға алынуда. Нә­ти­жесінде, төтенше жағдай жа­рияланған кезден бастап ел аумағында қылмыс саны 22%-ға азайып отыр.

Сонымен қатар жекелеген шектеу шаралары Ақтау, Аты­рау, Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қала­ларында енгізілді. Ақмола, Ақ­төбе, Жамбыл, Қостанай облыс­тарына кіру жолдары жа­былды. Ертең Солтүстік Қазақ­стан және Павлодар облыс­тарына қатысты да осындай шара қабылданады. Жалпы, ел көлемінде режімді сақтауды қамтамасыз ету мақсатында карантин аумақтарында 147 блок-бекеттер қойылды.

Алайда төтенше жағдай ке­зінде қолға алынған шектеу­лер мен тыйым салуларға қара­мастан, құқық қорғау қызмет­керлері заң бұзушылық факті­лерін әлі де анықтап келеді. Ондай жағдайларға қа­тыс­ты уақтылы шаралар қабыл­данып, тиісті жұмыстар жүр­гі­зілуде. Мәселен, карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына өтпек болған 33 заң бұзушы жауапқа тар­тылды. Соның арасында бел­гілі бір мөлшердегі қаражат ақы­сына жолаушыларды блок-бекеттерді айналып өтіп тасы­малдамақ болғандар да бар. Нә­тижесінде 32 азамат қамуға алынды.

Санитарлық ережелерді бұ­зу, инфекция жұқтырған адамдардың ем алудан бас тарту жағдайлары және олардың қа­рым-қатынаста болған тұл­ғалар туралы ақпарат бермеу фактілері де тіркелуде. Бұған қатысы 4 сотқа дейінгі тергеу амалдары бастал-
ды.

Кейбір жауапсыз азаматтар біле тұра жалған ақпарат таратуын әлі де жалғастыруда. Жалған хабарламалардың авторлары нақты медициналық мекемелердің, елді мекендердің, жұқтырғандардың, өлгендердің санын көрсетіп, қолданыста жоқ тыйымдар туралы айтып, қоңырау шалады, жазады.

Мәселен 25 наурызда Ко­рея­дан ауру жұқтырып келгендер Ақмола облысының аурухана­ларында жатқызылғаны туралы жалған ақпаратты әлеу­меттік желіде таратқан көкше­таулық азаматтар тобы ұстал­ды. Бір күннің ішінде (29 нау­рыз) Атырау облысында инфек­цияның таралуы туралы әлеу­меттік желілерде жалған ақпа­рат таратудың 3 фактісі тір­келді.

– Бәріңізді сабырға шақы­рып, жағдайға аса жауап­кер­шілікпен қарауды сұраймын. Шектеу мен карантин жария­лау – вирустың жаппай тарал­мауы үшін жасалған қадам. Қазір азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғау үшін алдыңғы шепте жүрген – дәрігерлер, полицейлер және әскерилер. Бәріміз бір-бірімізді қолдап, әлемге төнген қауіппен бір­ге күресуіміз қажет, – деп түйін­деді ведомство бас­шысы.