Бұл туралы мәлім еткен Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ринат Жаңғылышовтың айтуынша, Береке шағын ауданында 240 пәтерлі көпқабатты 10 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұнда 3 үй пайдалануға берілді. Екі үйдің де бір қабатына апатты жағдайдағы баспана тұрғындары орналасқан.
«Тағы 2 үй дайын тұр. Бірақ, аймақта коронавирус инфекциясының таралуына байланысты бұл үйлерді оқшаулау орны ретінде пайдалануға шешім қабылданды. Бұл үйлердің әрқайсысында 240 пәтер бар. Яғни, 2 үйде 480 орын бар» деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ринат Жаңғылышов.
Қазір екі үйді полиция қызметкерлері оқшаулады. Енді мұнда дезинфекция шарасы жүргізілмек. Кейін мұнда дезинфекцияны 3 күн сайын жүргізеді.
«Мұнда індет жұқтырғандармен байланыс жасаған адамдар уақытша орналасады. Бұл тұрғындарға қауіп туғызбайды» деді Ринат Жаңғылышов.
Жұмасат ҒАЗИЗ