Қоғам • 01 Сәуір, 2020

Онлайн оқыту: 6443 компьютер жеткізілді

70 реткөрсетілді

Сыр өңірінде 293 мектеп бар. Оның 58-і Қызылорда қаласында, қалғандары аудан орталықтары мен ауылдарда. Қазір осы мектептерде 162 мың бала білім алып жатыр. Білім және ғылым министрлігі әзірлеген алгоритмдер арқылы облыстық білім басқармасы осы балаларға онлайн оқытуды тиімді ету жолдарын зерттеді. Нұсқаулыққа сәйкес әр өңір өз мүмкіндігіне және оқушы санына қарай жағдайды реттеп отырады. 

Қашықтан оқыту үшін әр мектепке жүргізілген мониторинг оқушының үйінде интернеттің, компьютер, ноутбук, планшеттің бар-жоғын анықтады. Смартфоны бар оқушылар саны нақтыланды. Мүмкіндігі жоқ оқушылардың тізімі жасалып, көп балалыларға, бірнеше баласы мектепте оқитын үйлерге компьютер, планшетті мектеп бере бастады. Бірақ, оқушы мектеп мүлкіне аса мұқият қарау керек.

Мүлдем интернеті жоқ ауылдар не істейді?

Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан мектептер барлық сақтық шараларын сақтай отырып, оқуды күндізгі нысанда жалғастырылатын болады және қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес оқиды.
Әр аудан әкімдігі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып жергілікті Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімдерінің келісімі бойынша оқытуға шешім қабылдайды.
Бұл мектептерде сабақтың ұзақтығы – 30 минуттан жүргізіледі.

Оқушыларға

Қашықтан оқыту басталған сәтте оқушылар бекітілген кестеге қарап, телевизиядағы бейнесабақтарды уақытылы, мұқият тыңдап, тапсырмаларды орындау керек. Интернет платформадағы ресурстарға кіріп, тапсырманы алуды үйреніп, түсінбеген сұрақтарды Whats App арқылы мұғалімге тікелей қоюы керек. Видеобайланысқа шыққан уақытта да ұстаздардың айтқан мерзімінде кіріп, уақытты үнемдеуді үйрену керек. Бұл кейін проблема туындамауы үшін айтылып отыр.

Мұғалімдерге 

Оқушылардың уақытылы сабақты меңгеруі, телевизиядағы сабақты көре алуы, интернет-платформаға емін-еркін тіркеле алғанын бақылауы керек. Үй тапсырмасын орындауы, жаңа сабақты меңгергенін «Күнделік» жүйесімен, WhatsApp желісімен кері байланыс арқылы реттеп отыруы тиіс. Сол үшін де айлық жалақысы толық сақталып отыр. Баға қою, ата-аналардың хабардар болып отыруына аса мән беру сұралады. 

Аты-аналарға

Баласының уақытылы сабақты орындауы, телевизиядағы сабақты кестеге сәйкес көргенін және интернетпен жұмыс істеуін бақылауға алса, мұғаліммен үнемі байланыста болса оқыту әлдеқайда жеңіл болады. Бұл ата-аналарды міндеттеу емес, баласы үшін осы жауапты сәтте ұстаздарға көмек беру деп түсінген дұрыс.

P.S Қашықтан оқыту басталған сәтте түрлі сұрақтар және уақытша қиындықтар болуы мүмкін. Сол үшін де байбалам салып, көпті шулатып емес, тиісті сынып жетекшісіне не мектеп директорына мәселені жеткізсе, оқыту ойдағыдай болады. Тіптен қиындаса Білім басқармасына, аудан, қалалық білім бөлімдері арқылы сұрақты қойып, бірге шешуге ықпал жасасақ мұндай сынақтан сыр бермей шығамыз. 

Соңғы жаңалықтар

Елдік нышандар тарихы

Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар