Заң жобасы туралы еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ақмәди Сарбасов баяндама жасады. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы қосымша баяндама жасап, құжаттың маңызы туралы өз ойларын ортаға салды.
Бұл келісім екі елдің өзара еңбек қызметі және еңбек мигранттарының құқығын қорғауға қатысты мәселелерді реттейді. Келісімнің мақсаты – екі ел арасындағы көшін-қонды реттеу шараларын бірлесіп жүзеге асыру және заңсыз еңбек ету қызметін тоқтату.
Екіжақты келісімнің аясында еңбек мигранттары үшін бірқатар жағдайлар қарастырылып отыр. Оның ішінде, еңбек жарақатын алған жағдайда, еңбек міндетін өтеу кезінде кәсіби ауру немесе денсаулығына зиян келтіргенде өтем төлеу, сонымен қоса кепілдендірілген тегін медициналық көмек алу; педагогика, медицина және фармацевтика мамандықтары бойынша білім алып сол салада жұмыс істеген жағдайда білім құжатын мойындау туралы мемлекет қабылдаған заң аясында бекітілген рәсімнен өтуі; әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету бар.
Келісімді жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі және Өзбекстан Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі жанындағы сыртқы еңбек миграциясы жөніндегі агенттік жауапты болып отыр.
Одан бөлек, бұл келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасында еңбек миграциясы процесін реттеу мен екі ел арасында жұмыс күштерінің жүріп тұруына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Комитеттің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасының азаматтары және Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының азаматтарының еңбек қызметі және еңбек мигранттарының құқығын қорғау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын Сенат отырысының күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданды.