Аймақтар • 01 Сәуір, 2020

Батыс Қазақстанда 90 адам бақылауда

385 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында сәуірдің алғашқы күнгі мәлімет бойынша провизорлық госпитальде ЖРВИ белгілері бар 62 адам, карантиндік госпитальде аурумен қарым-қатынаста болған 28 адам бақылауда жатыр.

Батыс Қазақстанда 90 адам бақылауда

«Батыс Қазақстан облысының аумағында эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты» дейді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Айта кетейік, 2020 жылғы 29 наурызда Батыс Қазақстан облысында коронавирустық инфекциясының екі жағдайы тіркелген болатын. Екі пациент те облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық, қажетті ем-дом алуда. Коронавирус жұқпасы табылған үйлерге дизенфекциялық жұмыстар жүргізілді.

- Эпидемиялық тексеріс барысында науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталды. Бұл тұлғаларға лабораториялық зерттеу жүргізілді, сараптама нәтижесі оларға вирус жұқпағанын көрсетті, - деді Нұрлыбек Ермекұлы.

Бүгінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 2 адам, 92 адам стационарлық карантинде жатыр. Провизорлық госпитальде ЖРВИ белгілері бар 62 адам, облыстың карантиндік госпиталінде аурумен қарым-қатынаста болған 28 адам жатқызылды.

31 наурыз күні Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Батыс Қазақстан облысының аумағында коронавирустық инфекцияның (COVID-2019) таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулысы шығып, аудандар мен қала арасындағы байланысқа көптеген шектеу қойылды. «Облыс тұрғындарын қабылданған шектеу шараларына түсіністікпен қарап, барлық сақтық шараларын сақтауларын сұраймыз» дейді Батыс Қазақстан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті.

 

Батыс Қазақстан