
Өздеріңіз де алдарыңыздағы көгілдір экраннан көріп отырған боларсыздар, қазір ғана Украинаның астанасы – Киев қаласындағы Орталық стадионда жергілікті «Динамо» мен Ақтөбенің «Ақтөбе» командалары арасындағы Еуропа лигасы төртінші плей-офф раундының екінші матчы басталды.
Ойын басталысымен алаң иелері алға ұмтылды. Олар салғаннан біздің қақпаны қоршауға алды. Андрей Сидельников екі рет қақпаны құтқарып қалды. Міне, 10-минут. Осы кезде киевтіктер біірнші голды салып үлгерді. Ярмоленко оң қапталдан қақпаның алыс бұрышына доп тастады. Сол жерде тұрған Ленс қасындағы Алдан Балтаевтан бұрын қимылдап, допты қақпаға сүңгітті. Енді ақтөбеліктерге келесі кезеңге өту үшін 3 доп соғуға тура келеді.
Енді «Динамо» мен «Ақтөбенің» стартық құрамдарымен аныстырып өтейік.
«Динамо»: Коваль, Драгович, Велозу, Хачериди, Тремулинас, Вукоевич, Безус, Гусев, Ярмоленко, Ленс, Мбокани.
«Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров, Бадло, Праймус, Арзуманян, Балтаев, Хайруллин, Тағыберген, Кападзе, Гейнрих, Давыдов.
Киевтіктер ойын тізгінін қолдарын шығармауда. Міне, Ярмоленко тағы бір доп соғудың мүмкіндігін жіберіп алды. Осы жігіттің Ақтөбедегі бірінші голды соғып кеткенін жанкүйерлер ұмытпаған шығар.
19-минут. Александр Гейнрих алдындағы Сергей Давыдовқа доп жеткізді. Тамаша пас. Айып алаңында допты қабылдап алған Сергей соққы жасады. Бірақ өте әлсіз шықты.
21-минут. Ленс сол қапталдан алға ұмтылды. Бір тәуірі, оны біздің жігіттер одан арыға жеткізбеді. Артынша Вукоевич алаң ортасында тәртіп бұзып қойды.
30-минут. Ярмоленконың пасын Безус жақсы пайдаланып кетті. Гол! Есеп – 2:0.
36-минут.
Динамошылар үшінші голды да соғып үлгерді. Оны тоғыздыққа Мбокани түсірді. Есеп – 3:0.
Осыдан кейін ақтөбеліктер шабуылға шықты. Александр Гейнрих айып алаңына жеткен кезінде оны Вукоевич шалып құлатты. Пенальти! Оны Сашаның өзі ұрды. Есеп – 3:1.
Қазір бес минуттан бері «Динамо» біздің қақпа маңынан шықпай жүр. Олар біресе оң, біресе сол қапталдан орағытып, қақпаға ұрар сәтті аңдыды. Бірақ одан ештеңе шықпады. Соның соңында доп біздің жігіттерге көшті. Алайда, бәрібір олар қарсы қақпаға дейін жете алмады.
Бірінші тайм аяқталды.
Екінші таймды киевтіктер екі ойыншыны алмастырумен бастады. Атап айтқанда, Дуду мен Идейе тиісінше Яромоленко мен Мбоканидің орындарына шықты. Кездесу барынша салқынқанды болып өрбігенмен, алаң иелері біртіндеп тізгінді ала түсті. Олар 49-минутта шабуылға шықты. Алаңның ортасымен Велозу алға ұмтылды. Бірақ португалиялық футболшы тым арыға бара алмады. Сосын екі минуттан кейін Тремулинасты артта қалдырған Браун Идейе қақпа алаңына кіріп, басымен ұрды. Доп қақпа жанынан кетті. Осыдан кейін біздің Алексей Мулдаров айып алаңына кірген Идейенің алдына құлап, оны да ала кетті. Пенальти! Оны африкалық жігіттің өзі ұрды Гол! Есеп – 4:1.
Ойында доп соққандар мыналар:
73-минут. Қазір ғана есеп 5:1-ге жетті. Бізден алдымиен Тимур Кападзенің орнына алаңға Сергей Гридин шықты. Сол Сергей шыққан бойда ойынға араласпақ болып, оң қапталдан берілген пасқа ұмтылды. Бірақ оны қарсыласы орап кетті. Сол бойы алға жүгірген киевтік Олег Гусев қақпаға жақындай бере алыстан ұрды. Зуылдап ұшқан доп қақпадан бір-ақ табылды.
Бұдан кейін де екі жақ қақпаға гол соғылтындай бірнеше мүмкіндік болды. Алайда, олардың бірде-бірі голға айналған жоқ. Осымен матч бітті. «Динамо» келесі топтық кезеңге өтті.
Голдар: Ленс, 9 (1:0), Безус, 30 (2:0), Мбокани, 35 (3:0), Гейнрих, 38 - пенальти (3:1), Идейе, 52 - пенальти (4:1). Гусев, 73 (5:1).
Дегенмен, «Ақтөбенің» де жолы осымен бітпеуі мүмкін. Ол ертең Еруропа лигасында өткізілетін жеребеге түріктің «Фенербахчесінің» орнына қатысып қалуы әбден ықтимал. Онда бұл лигада Қазақстаннан екі команда ойнайтын болады. Осының алдында ғана бұл турнирге Қарағандының «Шахтері» ауыстырылған болатын. Ендеше, осының сәтін күтейік.
Руслан Игілік.