Спорт • 01 Сәуір, 2020

Теннис: Патрик Макинрой коронавируске шалдықты

146 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен АҚШ-тың ұлттық құрама командасының бұрынғы капитаны Патрик Макинройдың коронавирус дертіне шалдыққаны белгілі болды.

Теннис: Патрик Макинрой коронавируске шалдықты

Көпшілік Патрикты туған ағасы Джон Макинрой арқылы жақсы таниды. Ол -  әлемдік теннис тарихындағы ең елеулі тұлғалардың бірі. 61 жастағы Джон кезінде АҚШ-тың ашық біріншілігінде төрт рет топ жарып, Уимблдон турнирінде үш мәрте дара шықты. АТР додаларында 77 рет жеңімпаз атанып, сексенінші жылдардың басында әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Сонымен қатар, Джон «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың жұптық сайыстарында 9 рет теңдессіз деп танылды.

Патрик те қара жаяу емес. Ол жұптық бәсекеде Ролан Гарростың жеңімпазы атанса, Аустралияның ашық біріншілігінің финалында ойнады. Мельбурнде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын турнирдің жартылай финалында өнер көрсетті. Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында Макиноройлардың кісшісі АТР рейтингінде 27 орынға дейін көтерілді. Одан кейін бапкерліктің қамытын киіп, 2007 жылы АҚШ құрамасымен бірге Дэвис кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар, Патрик Макинрой спорт комментаторы ретінде тікелей эфирден теннисшілердің талай бәсекесін жүргізді.