Қоғам • 01 Сәуір, 2020

Үйден шықпай қазақша үйрен

598 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қала карантинге жабылып, төрт қабырғаға қамалып отырған шақта мемлекеттік тілді үйренуге талаптанғандарға онлайн форматтағы тиімді тәсілдер таптырмас құрал бола алады. Осындай қысылтаяң кезде белсенділік танытып, әлеуметтік желі арқылы қазақ тілінен сабақ өткізуді қолға алғандардың бірі – Владислав Тен.

Үйден шықпай қазақша үйрен

Бірнеше тілді қатар меңгерген Владислав Теннің Қазақстанға қоныс аударғанына көп жыл бола қоймаған. Ташкент қаласының тумасы өзбек, ағылшын, түрік және корей тілдерінде сөйлейді. Нұр-Сұлтан қаласына келгелі қазақ тілін үйренуге ден қойған. Ал орыс тілін өзінің ана тілі ретінде санайды. Себебі корей тілін кейіннен шет тілі сияқты үйренген. Сол себептен ол қазақ тілін үйретудегі өзінің әдістемесі шет тілін тез үйрететін тәжірибеге сүйеніп жасалғанын айтады.

– Қазақстанда тұрғандықтан, мемлекеттік тілді білу міндетім деп қарадым. Өйткені туған жерім Өзбекстанда өзбек тіліне өз тілімдей көзқарас қалыптасты. Мұнда келгелі де осындай жауапкершілікті сезініп, бірден қазақ тілін меңгеруді қолға алдым. Өзбек, түрік тілдерін білгендіктен, бұл маған аса қиынға соға қоймады. Сол сияқты барлық түркі тілдерінде толық сөйлеп кетпесем де, түсіне аламын деп ойлаймын. Өзім орыс тілді корей болғандықтан, орыс тілді қазақтардың басындағы күйді жақсы түсінемін. Сондықтан тіл үйренудегі тәжірибеммен бөлісіп, талаптанған азаматтарға көмектескім келді. Негізі мен тіл маманы емеспін, мамандығым – дәрігер, – дейді Владислав.

Оның айтуынша, мемлекеттік тілді маңызын арттыру бағытындағы іс-шаралардың барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-мүддесімен үндеседі. Себебі халқымыздың тілі бір болса, рухымыз да бір болады. Яғни, тілі бірдің – тілегі бір.

Бұған дейін де мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бастайтын ілкімді істерге белсене араласып жүрген Владислав әлемді пандемия үрейі билеген төтенше жағдай кезінде де қарап қалмай, онлайн форматта тегін сабақ өткізіп жүр. Ол ауызбірлігіміз сыналатын осындай күрделі шақта тұтастығымыздың тірегі тіл бірлігін нығайтуды да қаперде ұстағанымызды жөн көреді.

Владислав күн сайын сағат 15:00-де Telegram желісінде «Казахский онлайн с Теном» атты топта тегін сабақ өткізеді. Бұл топқа қазірдің өзінде 1000-нан аса оқырман жазылып, қазақша үйренуге ниет білдірді.

Бұған қоса ол танымал тіл маманы, қоғам белсендісі «Ситуативный казахский» әдістемелік құралының авторы Қанат Тасыбеков екеуі бірлесіп, ZOOM қосымшасы арқылы сенбі күні сағат 11:00-де арнайы тағы да онлайн сабақ өткізеді. Владислав Тен оқушыға грамматика мен теорияны түсіндірсе, Қанат Тасыбеков тіл үйренушілерге білген-түйгендерін дамытып, қазақы ортада дағдылануға көмектеседі.

Сонымен қатар Қанат Тасыбековтің өзі жеке Facebook желісінде көпшілікке «Ситуативный казахский» деп аталатын қосымшасы әзірленгенін хабарлады. Қалаған адам бұл қосымшаны Play Маркет немесе App Store арқылы смартфонына жүктей алады.

Тіл үйренудің тиімді тәсілдері ретінде танылған бұдан да басқа ресурстар баршылық. Мысалы, әлеуметтік желіде «Онлайн-курс казахского языка Soyle.kz» атты курс бар. Мұны Мемлекеттік тілді дамыту қоры құрған. Тегін жүргізілетін бұл курс белгілі бір мерзім ішінде қазақтың әдеби-ауызекі сөйлеу тілін сәтті меңгеруге көмектесіп, оқуды, сөздерді дұрыс айтуды және сөйлемдерді сауатты құрастыруды үйретеді.

Қазақ тілін үйренудің пайдалы құралдарының бірі – kaz-tili.kz сайты. Татьяна Валяеваның бұл жобасы үздік білім беру сайты ретінде 2017 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы қорының «Білім бұлағы» номинациясымен марапатталған. 2007 жылы құрылған сайт қазақ тілінің грамматикасын кестелер арқылы есте сақтауға көмектеседі. Автордың 2012 жылы «Встречи с казахской грамматикой» және 2013 жылы «Грамматика детям» атты кітаптары жарық көрді.

Қазір әлеуметтік желілердің ішінде ең көп қаралатындардың бірі – YouTube. Осы желіде KAZBOOKA атты арна ашқан Елена Романенконың «Современный казахский» деген сабағы бар. Орыстілді қазақстандықтарға арналған бұл жоба да Мемлекеттік тілді дамыту қорының сыйақысын иеленген.

Осылайша еліміздегі түрлі этнос өкілдері қазақ тіліне деген құрметін үйреніп қана білдірмей, өзгелерге үйретуге де жарап, ізгіліктің үздік үлгісін көрсетіп жатыр. Тілге көзқарастың елге көзқарас екені уақыт өткен сайын айқындалып, мемлекеттік тілдің мерейін үстем етер үдерістің жүріп жатқаны қуантады.