Басында дәрігерлер ауруханаға түскен науқаста тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілері бар пневмонияны анықтаған. Ол бірден оқшауланған реанимациялық боксқа орналастырылған екен. Бірақ, жүргізілген қарқынды терапияға қарамастан, сағат 07.10-да оның жүрегі соғысын тоқтаған.
Ауруханаға түскен кезде науқастан бірден коронавирусты анықтау үшін тиісті анализдер алыныпты. Ал қайтыс болғаннан кейін оның аталған инфекцияны жұқтырғаны расталған.
«Медициналық қызметкерлер барлық қолданыстағы хаттамаларды сақтады. Қазіргі уақытта эпидемияға қарсы қажетті іс-шаралар жүргізілуде», деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.
Қайтыс болған ер адам Қарағандының тұрғыны екен. Теміртау қаласында азаматтарға нотариалдық қызмет көрсетіп тұрған. Дәрігерлердің қолындағы деректерге қарағанда, марқұм ел шекарасынан ешқайда шықпаған, сондай-ақ ол Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында болмаған.
Қазіргі уақытта қайтыс болған азаматтың 56 адаммен байланыста болғаны анықталды. Марқұмның жақын туыстарының шеңбері оқшауланып, олардың барлығы бақылауға алынған.
Бүгінгі таңда Қарағандыда 13 науқаста коронавирус инфекциясы бар деген диагноз расталған. Олардың жағдайын дәрігерлер қанағаттанарлық деп бағалайды. Сондай-ақ, 598 адам тәулік бойы бақылауға алынған. Үй карантинінде 1 076 адам бар.
Қарағанды облысы