Спорт • 01 Сәуір, 2020

Футбол: Англияда арпалыс басталды

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын Англия Премьер-Лигасында (АПЛ) өнер көрсететін «Вест Хэм» клубының вице-президенті Каррен Брэйди биылғы чемпионатты тоқтатып, осыған дейін тіркелген нәтижелерді есепке алмау жайында ұсыныс білдірген еді.

Футбол: Англияда арпалыс басталды

Оның пікірінше, чемпионатты жалғастыруды еш қажеті жоқ. Себебі, коронавирустың кесірінен жарияланған үзілістен кейін айтулы жарыстың мәні мен маңызы жоғалды. Одан гөрі індет сейліп, жағдай оңалғаннан кейін бірден 2020/21 жылғы маусымда бастап кеткен жөн. 

Міне, Каррен Брэйди мырза осындай пікір айтты. Бір қызығы, оның бұл идеясын АПЛ-да күш сынасып жүрген төрт бірдей команда толықтай құптап отыр. Бір қызығы, жоғарыдағы ұсынысты қолдағандардың барлығы да жарыс кестесінің төменгі жағында жүрген клубтар. 

Десек те АПЛ-дың көптеген командалары биылғы маусымды қалай да жалғастыру қажеттігін алға тартуда. Олар әдеттегідей барлық тур ойналып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойнайтындар және төменгі топқа түсетін ұжымдар анықталуға тиіс деп есептейді. 

Англияның футбол лигасының басшылары мен мүшелері де дәл сондай позицияны ұстануда. Жарысты жарты жолда тоқтасақ, біріншіліктің берекесі кетеді. Жанкүйерлердің сеініміне селкеу түседі. Ең бірінші кезекте, бұл – елдігімізге сын. Сонымен қатар, осыған дейінгі нәтижелер жойылып, чемпионат тоқталатын болса, АПЛ 1,2 миллиард фунттан қағылады.