Таным • 01 Сәуір, 2020

Қиындықтан құтылудың жолы – жақсылық жаю

1847 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өмір болған соң жақсылық пен жамандық, қиындық пен қызық болмай тұрмайды. «Дүниенің басы сайран, түбі ойран» деп Абай атамыз айтқандай, пенде баласы біз  алда болатын тағдыр-талайымызды болжай алмаймыз. Ислам шариғатында, Жаратушы өз пендесін қиындық һәм дүние-байлық арқылы сынайды дейтін ашық аят бар. Сондықтан иманы кәміл мұсылман тәңірден «бізге көтере алмайтын сынық бере көр ме» деп тілеген.

Қиындықтан құтылудың жолы – жақсылық жаю

Бүгінгі әлемді бір қауызға сыйдарған мына індет ең әуелі – сынақ. Бұндай қатерлі жұқпалы аурулар адамзат тарихында бұған дейін де болған. Ғалым-қаламгер Дархан Қыдырәлі мырза: «Қытай мен Орталық Азияда басталып 1347 - 1351 жылдары Еуропаны қынадай қырған қара өлім - оба індеті 200 миллион адамның жанын алды. Бұл үрейлі індетпен бірге Еуропаның көптеген құндылықтары өзгерді. Осындай оба індеттері 1700 жылдарға дейін жалғасты. Олардың арасынан 1629-1631 жылғы Италия обасы, 1665-1666 жылдардағы Лондон обасы, 1679 жылғы Вена обасы, 1720-1722 жылдары болған Марсель обасы және 1771 жылғы Мәскеу обасын атап айтуға болады» деген деректі жазыпты.  

Осы індеттерден адамзат баласы зардап шеккенімен түгелдей қырылып қалған жоқ. Бұл да болса бір тәңірдің мейірі. Дерт болды екен оның шипасы да табылады. Пайғамбармыз (с.ғ.с) «Барлық дерттің шипасы бар, тек кәріліктің ғана емі жоқ» деген.

Демек, жаһанды жайпап бара жатқан коронавирустан да айығамыз. Алла қаласа, бұның да шипасы табылады. Табылып да жатыр.

Бірақ ислам оқымыстылары бұндай әлемдік пандемияны «түзеуші» деп қарайды. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан жеткен хадисте, белгісіз індеттің келуі жер бетінде жаманшылық үстемдік құра бастаса, яғни адамдардың іс-әрекетті күнәге бейімделсе, дүниеге берілсе, жақсылық тиылса, обал-сауап кейіндеп нәпсі қалауы алға шыққан жағдайда жаратушы жер бетіне ескерту ретінде жібереді делінген. Бұл хадисті тәпсірлеуші ғалымдар «ескерту» дегенді «түзетуші» деп, ол – ауру, зілзала, індет, соғыс т.б. болуы мүмкін деп пәтуаласқан.  

Жоғарыдағы хадисті естіген пайғамбардың жұбайы Айша, «Ей, Алланың елшісі, қауымның бұзылғандығы себепті азап жіберілсе, онда ел ішіндегі ізгі пенделердің күйі не болмақ» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Індет адам таңдамайды» деп жауап берген. Демек, бұл вирус адамды жақсы-жаман, бай-кедей, бастық-қара деп таңдамайды. Кез келген адамға, кез кез келген уақытта, кез келген жерде жұғу ықтималдығы басым.

Мысалы, ерте орта ғасырда Шам елінде «Имус обасы» тарап, осы індеттің кесірінен атақты сахабалар – ибн Жарах, ибн Жәбал, Әбу Суфиян секілді игі адамдар көз жұмған.

Сондықтан ең бастысы сақтық шараларын қатаң ұстану шарт. Қазіргі таңда сақтық үшін оқшаулану шарасы қабылдануда. Бұл шариғатта айтылатын «сақтансаң сақтаймын» деген түсінікке сай. Пайғамбар хадисінде: «Бір жерде оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер сен тұрып жатқан жерде оба шықса, ол жерден кетпе» деген ашық үкім бар.

Жоғардағы өсиетті дәл қазір ұстана алсақ, біріншіден, аят-хадиске амал еткен боламыз оның үлкен сауабын аламыз, екіншіден, оқшаулану арқылы өзімізді және отбасымызды індеттен қорғаймыз. Егер бұл үкімге бағынбасақ, яғни басқаларға ауру жұқтырсақ ол тәңір алдында зұлымдыққа жатады. Ал зұлымдық иесін Алла ешқашан жарылқамайды.

Жалпы осындай жұқпалы індет мәселесінде ХIV ғасырда өмір сүрген атақты мұқадис-ғалым Ибн Хажар әл-Қайтамидың, мұндай індеттің шығатын, яғни пайда болатын уақыты қыс аяқталып, көктемнің жиегі көріне бастаған мезгіл деген пәтуа-пайымы бар. Қазақтің тілімен айтқанда, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін тұсы бұл. Мұсылман тарихшыларының бұндай дерт ұзаққа созылмайды, жаздың алғашқы айларында бетті қайтады деген нақты тоқтамы бар. Иншалла солай болғай!

Ел басына бүгінгідей қиындық туған тұста одан құтылудың жолы ретінде біріншіден, сақтану, ауруға қарсы дәрі ойлап табу сияқты шаралар қарастырылады. Бұл іске асыпта жатыр. Бірақ біздің көбіміз байқай бермейтін тағы бір жолы бар. Ол – жақсылық жаю. Жақсы істерге мұрындық болу, шынайы ықыласпен садақа беру, індетті жіберуші де, оны жоюшы да бір Алла себепті, одан көркем түрде күнәларымыз себепті кешірім сұру, тәубаға келу һәм терең құлшылық және сабыр.   

Өйткені, кенеттен жеткен індет үрей ала келеді. Ол үрей дүрбелең уайым туғызады, тәуекелді әлсіретеді. Бұдан сақтанудың жолы бұқараны жалған ақпардан алыстатып, тек шынайы мәліметпен сусындату һәм әрдайым береке-бірлікке жұмылдыру екені анық.