Сұхбат • 01 Сәуір, 2020

Жақсыбек Құлекеев: Мемлекеттің көмегі халыққа бағытталуы керек

1096 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

– Жақсыбек Әбдірахметұлы, халықаралық шикізат нарығындағы ахуал дүние жүзінің көптеген еліне оңай соқпауда. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей эфирде халыққа үндеу жариялап, дағдарысқа қарсы тұру үшін Қазақстанда қолға алынып жатқан әлеуметтік-экономикалық шаралар туралы айтты. Жалпы, мұнай бағасы қанша құбылмалы десек те, соншалықты қатты құлдырап кеткені қалай? Экономист ретінде осыған қатысты сіздің пікіріңізді білгіміз келеді...

Жақсыбек Құлекеев: Мемлекеттің көмегі халыққа бағытталуы керек

– Жаһандық процестер қарқынды жүріп, мемлекеттердің арасындағы жан-жақты қатынастар дамыған кезде алып елдерде болған қиын жағдайдың дүние жүзі экономикасына, оның шикізат нарығына әсер ететіні белгілі. Короновирус пандемиясы – әлем экономикасының тұрақты дамуына кері әсерін тигізіп отырған негізгі фактор. Соның салдарынан көптеген ел шекараларын жауып, халықтың еркін жүріп-тұруын барынша шектеуде.  Бұл әлемде соңғы ондаған жыл көлемінде болып көрмеген құбылыс.

Енді мұнай нарығындағы жағдайға келетін болсақ, онда дүние жүзінде   тұтынылатын энергия көздерінің 30 пайыздан астамы осы ресурстың үлесіне тиесілі. Оның үстіне дүние жүзі экономикасының қарқынды дамуы мұнайға деген сұранысты тұрақты арттырып, әлем экономикасы жылына орта есеппен 4,5 млрд тонна (немесе тәулігіне 100 млн баррель) мұнай пайдаланатын жағдайға жеткені белгілі. Оның жартысына жуығын транспорт саласы тұтынады.

Дүние жүзі бойынша мұнайды ең көп тұтынатын елдердің көшін АҚШ бастап тұр. Бұл ел тәулігіне 20 млн баррельден астам көмірсутегін кәдеге жаратады. Одан кейінгі орындағы Қытай тәулігіне 15 млн баррельге жақын мұнай тұтынады. Үндістан, Жапония сынды елдер тәулігіне 4-5 млн баррель пайдаланады. Жалпы, дүние жүзі экономикасы 1 пайызға өскен сайын соған сәйкес мұнайға сұраныс та 0,8 пайызға артады. Соңғы жылдары әлем экономикасы қарқынды өсуіне байланысты мұнайға сұраныс тәулігіне 1,5 млн баррельге жоғарылады. Бірақ өндіріс одан да жылдам – тәулігіне орта есеппен 2,2 млн баррельге қосымша өсіп отырды. Соның салдарынан нарықта артық мұнай күн сайын көбейе берді. Осыны реттеу үшін 2016 жылдың аяғында Вена қаласында ОПЕК пен ОПЕК-ке кірмейтін 11 елдің қолдауымен мұнай өндірісті тәулігіне 1,8 млн баррельге азайту туралы келісім жасалған болатын. Нәтижесінде нарықта соңғы уақытқа дейін  тұрақтылық орнағаны белгілі. Індет салдарынан барлық мемлекеттерде көлік қатынастары шектеліп, мұнайға сұраныс күрт төмендеп кетті, нарықтағы нәзік баланс бұзылды.

Әлгінде шикізаттың жартысына жуығы транспорт саласында қолданылатын айттық. Жыл басынан бері Қытайда көлік қатынастары, халықтың жүріп-тұру көрсеткіші 70 пайызға төмендепті. Сөйтіп, көрші елде тұтынылатын мұнай көлемі бірден 20 пайызға құлдырап, тек осы елдегі сұраныс тәулігіне 3 млн баррельге дейін кеміді. Дәл осындай жағдай басқа мемлекеттерде де орын алып отыр. Goldman Sachs-тың болжауы бойынша қазір дүние жүзінде мұнайды пайдалану тәулігіне 8 млн баррельге азайған.  Бұл мұнай бағасына кері әсер ететіні түсінікті. Сол себепті 6 наурызда Вена қаласында ОПЕК+ елдері келіссөз жүргізіп, өндіріс көлемін реттемек болды.  Өкінішке қарай, Ресей өндірісті қосымша азайту туралы ұсыныспен келіспей, нарықтағы шиеленіске жол ашты. Нәтижесінде Сауд Арабиясы тәулігіне нарыққа қосымша 2,5 млн баррель, БАЭ – 200 мың баррель, Кувейт – 110 мың баррель мұнай шығара бастады. Бұл бағаның құлдырауына, нақты айтқанда 2,5 есе арзандауына алып келді. 

– Баға қай шамада тұрақтауы мүмкін?

– Оны болжау қиын, себебі әлі анықталмаған факторлар көп. Мәселен, COVID-2019 дүние жүзін жаулап, халықтың қатынасы күн өткен сайын төмендеп барады. Әлемдегі ең үлкен әуе компанияларының бірі саналатын Luftgansa тасымал көлемін 95 пайызға қысқартуға мәжбүр болды. Басқа әуе компанияларының жағдайы осыған ұқсас. Әуе компаниялары ғана емес, темір жол, автокөлік, су жолы қатынастарының барлығының жұмысы саябырлады. Шетелді айтпай-ақ, карантиннің салдарынан Қазақстандағы ірі қалалар арасындағы қатынасқа шектеу қойылғанын көріп отырмыз. Дәл мұндай пандемия дүние жүзінің кейінгі тарихында болып көрген жоқ. Оның қашан ауыздықталатынын болжамай тұрып, бағаға қатысты болжам жасау да қиын.

– Мұнайдың арзандағанынан қандай мемлекеттер зардап шегіп жатыр? Керісінше қай елдерге тиімді?

– Әрине, мұнайды неғұрлым көп өндіретін елдер соғұрлым көбірек зардап шегетіні түсінікті. Жалпы, дүние жүзінде өндірілген мұнайдың 80 пайызы 10 елге тиесілі. Сол ондықтың алдында тұрған АҚШ-қа дүние жүзі өндірісінің 15 пайызы, 13 пайызға жуығы – Сауд Арабиясының,  тағы 13 пайыздайы – Ресейдің үлесінде.  Одан кейінгі ірі экспорттаушылардың қатарында Канада, Иран, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт сияқты елдер бар, олардың әрқайсысының үлесі шамамен 3-5 пайыз аралығында. Жаңа технологияларды дамыту арқылы соңғы жылдары АҚШ-та қатпарлы мұнай шығару қарқынды дамыды. Бұл елдің газ өндірісінде  қатпарлы кеніштерден алынатын көгілдір отынның үлесі 35 пайызға жетіп, соның нәтижесінде газ өндіруден АҚШ дүние жүзінде бірінші орынға шықты. Әрине, қатпарлы  кеніштерден мұнай мен газ алудың өзіндік құны дәстүрлі кен орындарымен салыстырғанда жоғары. Сондықтан мұнай бағасының құлдырауы АҚШ-тың осы салада жұмыс істейтін көптеген шағын компанияларына соққы болары күмән тудырмайды. Нарықтағы жағдай оңалмаса, келесі жылы қатпарлы мұнай өндіру 20 пайызға немесе тәулігіне 2 млн баррельге төмендейді деген болжам бар. Бірақ соның өзінде әлем нарығында артық өндірілген шикізат сақталып қалатыны байқалады. Бұл жағдай қазір біраз елді алаңдатып отыр.

Ең қатты зардап шегетін елдер ретінде Сауд Арабиясы мен Ресей экономикасын айтар едім, өйткені бұл мемлекет бюджеттерінің табыс көздері осы шикізатқа тәуелді. Сондықтан баға қанша төмендесе де, бұл екі мемлекет өндіріс көлемін кемітпеуі мүмкін, себебі мұнай-газ секторында жұмыс істейтін азаматтар көп. Оларды жұмыссыз қалдыру мынадай заманда қиын, оның үстіне қысқа мерзімде табыстың басқа көзін табу мүмкін емес. Жалпы, бұл жағдай мұнайды экспорттаушы ірі мемлекеттердің ешқайсысына да оңай соқпайды, өйткені олардың бәрінің табыстары осы салаға тәуелді.

Бағаның арзандағанынан пайда табатын елдердің бірі, тағы да сол АҚШ. Себебі, АҚШ-та баррель бағасы төмендеген күні ертесіне мұнай өнімдері де арзандап шыға келеді. Қазір АҚШ-та мұнай өнімдері екі есе арзандады. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер етері сөзсіз. Энергия көзін аса көп импорттайтын Қытайға, Оңтүстік Азиядағы Үндістан сияқты бірнеше мемлекеттердің экономикасына қазіргі ахуал тиімді. Аталған мемлекеттерге мұнай химиясын және басқа да салаларды дамытуға, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге оңтайлы жағдай туып тұр.

– Бағаның құлдырағанының Қазақстанға ықпалына кеңірек тоқталып өтсеңіз?

– Бірінші кезекте, бюджеттің кіріс бөлігінің 40 пайыздан астамы мұнай саласынан түсетін табыстарға тікелей тәуелді екенін ескерсек, шикізаттың арзандағаны бюджет тапшылығын күшейтері дәлелдеуді қажет етпейді.

Екіншіден, мұнай-газ компанияларының табысы азаяды. Олар, әрине, өндіріс көлемін барынша тұрақты жағдайда ұстап, тікелей өздерінде істейтін адамдарды да, олардың еңбекақыларын да шамалары келгенше сақтап қалуға тырысады. Дегенмен, табыстың азаюына байланысты олар төңірегінде сервистік жұмыстармен айналысып жатқан көптеген компанияларға  тапсырыстар беруді күрт қысқартуы мүмкін. Мұндай жағдайда мұнайсервис компанияларының жағдайы қиындайды. Бұл салада елімізде жүздеген мың азамат қызмет атқаруда, сондықтан мұны назардан тыс қалдыруға болмайды.

Үшіншіден, биыл дүние жүзінде транспорт, соның ішінде автотранспорт индустриясы 4-5 пайызға азаяды деген болжам бар. Қазірдің өзінде бұл үрдіс сезіле бастады, өйткені Қытайда, Оңтүстік Кореяда, Еуропа мен АҚШ-та оған сұраныс азаюда. Бұл салалар қара және түсті металға негізгі сұранысты  қалыптастырады. Металл  өнімдеріне деген сұраныстың төмендеуі кезекте тұрған мәселе. Мұның да біздің экономикамызға кері әсері болады, өйткені, олар – біздің экспортқа шығаратын негізгі позицияларымыз. Экономиканың маңызды салаларында қалыптасқан ахуал тізбекті реакцияға ұласып, басқа салаларды да шарпиды. Мұның бәрі бюджеттің кіріс саласына кері әсер етері сөзсіз.

Төртіншіден, сервис саласында қиындық өрши түседі. Наурыз сияқты бірнеше күн демалыс берілетін мереке кезінде тасымал компанияларының да, сервистік мекемелердің де жұмысы қызатын, сәйкесінше табысы артатын. Сауда-саттық күшейетін. Биылғы наурызда бәрі керісінше болды. Әуе компаниялары бірнеше ай бұрын алдын-ала сатқан билеттерін енді қайтаруға міндетті. Мына жағдайға байланысты олар табыссыз қалды, сондықтан оларға өз міндеттерін орындау оңайға соқпайды. Барлық қалалардағы жолаушылар тасымалдайтын компаниялардың жағдайы да қиындайды, өйткені жолаушылардың санының азаюына байланысты олардың табыстары азайып, шығындары сақталып отыр. Олардың басым бөлігі – дотацияда отырған компаниялар. Сондықтан да оларға мемлекет тарапынан қолдау ауадай қажет.

Соңғы жылдары ең көп жұмыс орындары ашылған сала – сервис, соның ішінде сауда мен білім беру жүйесі. Себебі, елімізде көптеген сауда, ойын-сауық орталықтары салынды. Мектеп көп салынбаса да, мектепке дейінгі жеке меншік білім беру мекемелері көбейді. Көпшілігі мемлекеттің емес, жеке сектордың есебінен қаржыландырылып келді, сондықтан олардың тұрақты әрі сапалы жұмыс істеуі де халықтың әл-ауқатымен тығыз байланысты. Өкінішке қарай, қазір соның бәрі уақытша тоқтап тұр. Бұл салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлердің материалдық қоры мол деп айту қиын, олар қызметкерлерін ұзақ уақыт ұстап отыра алмайды. Ал ондай мекемелерде қызмет істейтін халықтың көбісінің жалақысы төмен, табысы коммуналдық төлемақы мен күнделікті шығыннан, несиесін өтеуден артылмайтыны жасырын емес. Көп азаматтар табыссыз қалғалы отыр, демек оларға мемлекет, қоғам болып жәрдемдеспесе болмайды. Осы жағдайды байқаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайы қиын азаматтарға төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы төлеу туралы шұғыл шешім шығарды. Басқа да халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған іс-шаралар күн сайын қабылдануда.

Дәл осы кезде бір нәрсені естен шығармағанымыз жөн. Қазір Қазақстан Үкіметі мен қоғам экономикалық дағдарыспен емес, бірінші кезекте коронавирус індетімен күресіп, халықтың амандығын сақтауға бар күшін салуда.  Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елімізде төтенше жағдай жарияланды. Ойын-сауық орталықтары, қызмет көрсету орындары жабылды, жолаушылар және жүк тасымалына шектеу қойылды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап мемлекеттік және жеке меншік білім беру нысандарының бәрі уақытша жұмыстарын тоқтатты.  Осы індетті тез шектеп, халықты аман сақтап қалсақ, тез арада әлеуметтік-экономикалық жағдай орнына келеді. Қысқасы, бұл жолғы дағдарыстың бұған дейінгі дағдарыстардан ерекшелігі осында. Бұны түсінген жеке сектордың өкілдері шамалары келгенше Мемлекет басшысының үндеуін қолдап, несие төлеу мерзімін бірнеше айға шегеру, арендалық төлемдерді тоқтата тұру, жағдайы төмен азматтарға қолдау көрсету сияқты игілікті жұмыстарды жүзеге асырып жатыр. Бұл халықтың көңіліне демеу болып жатқан бастамалар.

Дағдарыспен күресті Үкімет қалай жүргізуі керек?

– Бұған дейінгі дағдарыс кезінде Үкімет қосымша жұмыс орындарын ашу үшін тұрғын үй, жол салуға және тағы басқа салаларға бюджеттен қосымша қаржы бөліп отырған. Қазіргі жағдайда ондай шаралардың пайдасы шамалы, өйткені төтенше жағдайға байланысты көптеген азаматтар жұмыс орындарына бара алмай, табыстарынан айырылып отыр. Егер жағдай орнығып, азаматтар тез арада жұмысқа шықса, онда елдегі әлеуметтік жағдай біртіндеп түзеле бастайды.

 Әрине, әлемде орын алған жағдайдың біздің экономикамызға тигізер кері әсері әлі біраз уақытқа созылары анық. Соның салдарынан халықтың табысы азайып, көп заттарға деген сұраныс төмендейді. Бірінші кезекте инвестициялық тауарларға (бір жылдан артық пайдаланылатын заттар), атап айтқанда пәтер, автомобиль, қымбат электр бұйымдарға сұраныс күрт төмендейді. Демек, шамалы уақыттан соң тұрғын үй  құрылысы, автомобиль өндірісі секілді салаларда біраз қиындықтар болады. Сондықтан қысқа мерзімде Үкіметтің көмегі тікелей халыққа бағытталғаны дұрыс. Карантин мерзімі ұзаққа созылмаса, халықтың тұтыну қабілеті сақталса, қатынас қайтадан жолға қойылса, онда ел қатты күйзеле қоймауы тиіс. Әрине, төтенше жағдай созылып, індет өрши берсе, онда әлеуметтік жағдай ушығып кетеді. Сондықтан Үкімет пен жергілікті атқарушы билік өкілдері жағдайды барынша ушықтырмауға тырысып, елді тәртіпке, бірлікке шақыруда. Біз бүкіл халық болып Үкімет көтеріп отырған бастамаларды қолдасақ, онда қиындықты тез арада жеңеміз.

– Жағдай қашан оңалады деп ойлайсыз?

– Меніңше, дәл қазір нақты болжам жасау қиын. Ситуацияның өзгеруі екі жағдайға байланысты. Біріншіден, АҚШ, Еуропа елдерінде жағдай ушығып барады, індеттің таралуы әлі шегіне жеткен жоқ. Олар – әлемдегі ең үлкен нарықтың иелері. Пандемияның өршуі 1-2 ай көлемінде тоқтаса, жылдың екінші жартысынан бастап әлем экономикасы орнығып, шикізат бағасы көтеріледі, жағдай оңала бастайды. Ал ол күзге дейін созылып, жылдың аяғына дейін індет ауыздықталмаса, онда елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдай ушығып кетеді, сондықтан халықтың оған да дайын болғаны дұрыс. Жағдайдың дұрысталуы тек біздің Үкіметтің әрекетіне ғана емес, бүкіл әлемнің осы індетпен нәтижелі күресіне тәуелді болып тұрғанында. 

Экономикалық апат салдарын азайтудың екінші жолы мұнай өндіруші елдердің әрекетіне байланысты. ОПЕК+ елдері келіссөзді жалғастырып,  мұнай өндіру көлемін шектесе, нарықтағы жағдай тезірек реттелуі мүмкін. Ұйымның келесі кездесуі жаз айларында өтуге тиіс. Сол кездесуден оң нәтиже күтейік.

Нарықтағы ахуал күн сайын өзгеріп жатыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы сәуір айының ортасында шығады, соның нәтижесін көргеннен кейін ғана жағдайды нақтырақ түсінуге болады.

Еліміздің экономикасы үшін дәл қазір маңызды мәселенің бірі – көктемгі егіс науқанын ұйымдастыру. Аймақтардағы карантиннің кесірінен егіс науқаны дұрыс ұйымдастырылмаса, ауыл шаруашылығындағы жағдай нашарлауы ықтимал. Сол себепті осы науқан Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың назарында болғаны дұрыс.

Экономика – күрделі, ауқымды жүйе, сондықтан оның қозғалуы да, тежелуі де біраз уақытты қажет етеді. Мәселен, еліміздің экономикасын алып тегершік деп алсақ, қазір оның айналу қарқыны біртіндеп баяулап келеді. Пандемия көп ұзамай ауыздықталып, шикізат бағасы қалыпқа келгеннен кейін де ол тегершіктің айналуын үдетуге біраз уақыт пен көп күш жұмсауға тура келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»