Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Дегенмен де біз сан қилы заманды бастан кешірген, қандай қиын күн болса да елдігімізді жоғалтпаған халықпыз. Еліміз бұл күнге берекелі бірлігімен, тиянақты тірлігімен жетті. Енді осынау қазынамызды, осынау берекемізді бір жұтта жоғалтып алмауымыз қажет. Жасыратыны жоқ, жұрт осы күндері індеттің лаңын, денсаулығын, амандығын бір уайымдаса, күнделікті тіршілігін, кәсібін, шаруасын екі уайымдады. Әрине «Ең басты байлық – денсаулық» десек те, осынау қысылтаяң сәтте кәсібін амалсыз тоқтатып, шаруасын шашыратып алу адамдардың ертеңге деген сенімін де ойрандап жіберетіні анық. Төтенше жағдайға байланысты жұмысынан айырылу, нәпақасынан қағылу, табысын жоғалту, мұның бәрі жұрттың еңсесін тіптен езе түскені жасырын емес.
Шынында коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Міне, осындай алмағайып сәтте мемлекеттің абдырап қалмай, батыл шешімдер қабылдап, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге байланысты нақты қадамдар жасауы – елдің рухын көтерді, сенімін оятты. «Мұқтаж адамдарға қолұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық. Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін. Басты тойларымыз әлі алда. Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын! Біз біргеміз!» деді күні кешегі маңызды мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Індетті ауыздықтауда билік пен бұқара бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай әрекет етпесе, бұл істен оң нәтиже шығару қиын. Сондықтан дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі қажет. Ендеше, тәртіп пен тазалық – басты міндет. Президент инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индекстеуді тапсырды. Табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетіліп, осы көмекті алатын азаматтардың санаты кеңейтілді. Енді 42500 теңге көлеміндегі бұл қаражат бұрын тұрақты жұмыс істеп, жалақы алғандарға ғана емес, сондай-ақ өзін өзі жұмыспен қамтыған және ресми тіркелмей еңбек ететін азаматтарымызға да беріледі. Осының нәтижесінде 3 миллионға жуық адамға көмек көрсетілетін болды. Сондай-ақ тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың да санаты кеңейтілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығы 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартылды. Яғни, осы сақтандыру жүйесінде болу-болмауына қарамастан осы кезеңде азаматтарымызға толық медициналық көмек көрсетілуі тиіс. «Алдағы уақытта мұндай көмекті заттай емес, азаматтардың өздері таңдап, сатып алуы үшін қаржылай беруге көшкен жөн», деді Президент.
Жасыратыны жоқ, ел экономикасында шешілмеген мәселелер əлі де көп. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» деген, ел аурумен әлек болып жатқанда доллар бағамының көтеріліп кетуі жұрттың сенімін тіптен әрі-сәрі ете түскені анық. Әйтсе де рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халық қана осынау сынақтан сүрінбей өтеді. Ендеше, Президент айтқандай, басты тойларымыз әлі алда. Қиындықты бірге еңсерейік.