Түпсіз-шексіз Галактикадағы мыңдаған жұлдыздың бірі ғана саналатын Күн жүйесіндегі тоғыз планетаның бірі ғана болып табылатын Жер атты ортақ кемеге мінген адамзат керуенінің жолаушылары қазір о бастағы тең жаралған қалпына жақындады да қалды. Миллиардерді де, қайыршыны да көзге көрінбейтін, жүргені білінбейтін жаумен бетпе-бет келтіріп, халі бірдей қорғансыз етіп қойған Құдіретке айтар сөз жоқ тіпті.
Құдіретке айтар сөз жоқ. Халыққа айтар сөз бар. Алдыңғы күнгі кеште сол сөз айтылды. Біздің күткен сөзіміз. Мемлекет басшысының Мәлімдемесі – ерекше кездің ерекше сөзі.
Ел басқарған адамның еңселілігі осындай сын сағатта көрінер еді. Көрінді. Әр нәрсені өзінің атымен атау керек. Бұл сын сағат қана емес, бұл – өзінше бір соғыс. Бүкіл адамзат бірігіп алып, ортақ жаумен шайқасып жатқан соғыс. Қолға жұғылып жүріп-ақ сағат сайын ел-елде, жер-жерде жүз-жүздеген жандарды жұтатын жалмауызбен күн демей, түн демей жалғасатын жаһандық айқас. Қазіргі кезеңге тап осылай қарамасақ болмайды. Бұл соғыста біз адамзатты, елімізді, халқымызды, туысқандарымызды, бауырларымызды, ата-анамызды, жан-жарымызды, балаларымызды, немерелерімізді, шөберелерімізді, өзімізді, бізге бір-ақ рет берілер өмірімізді, көрер күнімізді, жұтар ауамызды қорғап шайқасамыз. Шайқасуға тиіспіз. Шайқаспасақ, шалқамыздан түсеміз. Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дертпен мылтықсыз майданда қарусыз қалып қоюға болмайды.
Біздің басты қаруымыз – төтенше жағдайдағы төтенше жауапкершілігіміз.
Тоқаевтың Мәлімдемесінен кейін Қазақстанда коронавирус кеселіне байланысты төтенше жағдайдың дер кезінде жарияланғанына көзіміз жете түсті. Вирустың жаппай таралуына жол берілмейтініне үміт ояна түсті. Ахуалды бақылауда ұстап отырғанымызға, ең бастысы алда да ұстай алатынымызға сене түстік. Осының өзі – олжа. Сенім – ұлы күш.
Президент қазірдің өзінде әлемнің 177 мемлекетін шарпып үлгерген коронавирус індетінің бізде де таралуына орай еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырды. Сабыр сақтап, түсіністік танытқан туған халқына алғысын айтты. Адам өміріне араша түсіп жатқан дәрігерлерді бейбіт күннің батырлары атады. Елді дүрбелеңге түспеуге, дүрлікпеуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәлімдемесі төтенше жағдай режімінің экономикалық және әлеуметтік салдарын жоюдың жолдарын нақты нұсқауымен, кейінге қалдырмайтын мәселелерді шешіп беруімен де құнды.
Негізгілерін атап-атап айтып көрейік.
Індетпен күрестің алғы шебінде, өз денсаулығын тәуекелге тігіп жүрген ақ желеңді жандарға үш айға дейін қосымша үстемеақы төленетін болып отыр. Оның алды айына миллион теңгеге дейін баратыны бұдан бұрын айтылған.
Зейнетақы да, жәрдемақы да, атаулы әлеуметтік көмек те инфляцияға сәйкес индекстелінетін болды. Бұл мақсатқа 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгелі жатыр. Ең төменгі жалақы мөлшеріндегі көмек ендігі жерде өз бетінше жұмыс істеп жүргендерге де көрсетілмекші. Жалпы, еліміз бойынша 3 миллионға жуық адамға қолдау жасалмақшы. Бұл айтуға ғана оңай. Біздегі 18 миллион халықтың шамамен 10 миллиондайы ересектер десек, еңбек етер жастағы әрбір үшінші адамға қосымша қаражат беріледі. Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді.
Президент көктемгі егіс науқанына қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Диқандарға жанармайды жеңілдікпен сату ойластырылатынын айтты. Коронавируспен жағаласып жүріп, егістің уақытын өткізіп алсақ немесе осы істі қалай болса солай ұйымдастырсақ, онда жағдайымыз шындап қиындауы мүмкін еді. Азық-түлік қауіпсіздігі – стратегиялық мәселе.
Осы күрделі кезеңде экономиканың ең көп зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілері алты айға еңбекақы қорынан төленетін салықтан босатылғалы отыр. «Кәсіпкерлерге көмек көрсетуіміз керек. Өйткені олар – экономикамыздың тірегі», деді Тоқаев.
Президенттің «Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек» деген сөзіне ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Вирус мемлекеттің мығымдығын сынаққа салып жатыр. Мысалы, алдымен Қытайды сынаққа салып еді, Қытай сынақтан абыроймен шықты. Алысып, арпалысып жүріп, ақыры індетті жеңді. Қалай жеңді? Тек экономикасының нықтылығымен, медицинасының мықтылығымен жеңген жоқ. Ең алдымен мемлекетшілдік дәстүрдің даралығымен, елдік сананың саралығымен, халықтың тәртіптілігімен, сақтығымен, жинақылығымен, жауапкершілігімен жеңді. Бірлігімен, елдігімен жеңді. Жөн сөзге көнетін, мемлекетіне сенетін халық екенін көрсетті. Солай етсек шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытсақ, қазақы бейқамдықтан құтылсақ, сақтанғанды сақтайтынын ұғынсақ, бұл індетті біз де жеңеміз. Бұл міндетті шешу оңайға түспейді деп айту тіпті жеткіліксіз, қиынға түседі деп айту да жеткіліксіз, бұл міндетті шешу бізге өте қиынға түседі. Бірақ өте қиынға түседі деген сөз шешілмейді деген сөз емес. Өте қиындықпен шешіледі деген сөз. Сол қиындықтарға шыдас берсек болғаны. Мың өліп, мың тірілген халқымыз шыдас беруге тиісті. Шыдас береміз де, жеңеміз де!
Мәлімдемені теледидардан жария еткендегі Қ.Тоқаевтың тастүйін отырысы, әр сөзін шегелеп айтқан шешімді келбеті осылай боларына сендіре түседі.
«Басты тойларымыз әлі алда» деді Президентіміз.
Айтқаны келсін!
Айтқанын келтірейік!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты