Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының халқына жолдаған сөзі әр адамның жүрек-жадына демеу боларлық үлкен мәнге толы болды. Ел әлеуетін сақтап, әрбір азаматтың жағдайына қамқорлықпен қараудың мүмкіндіктерін жария етті, халықты абыржымай бірлікте болуға шақырды, қамсыз қалмаудың үкіметтік шараларын белгіледі. Мұның бәрі айналып келгенде оның туған халқына деген ізгі ниетін, өзінің көмек қолын созғанын білдірсе керек.
Әлемдік деңгейді жайлаған «тәжді» дерттің зардабын ел көлемінде мейлінше шектеудің мемлекеттік тұрғыдағы тағы бір шарасы ретінде үлкен қалалар оқшауланды. Көңілі күпті халықтың көңілі бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін осыдан да біліп жатқаны сөзсіз...
Мемлекет басшысының елге деген қамқорлықпен жасаған маңызды мәлімдемесі ел бірлігін сақтауға, қиындыққа мойымауға күш-жігер берді. Елбасы айтқандай, арғы-бергі кезеңдердегі қазақ тағдырында болған ел мен ер сыналар ауыртпалықтарды қоспағанда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарға мойымаған халқымыз бұл сынақтан да аман-есен өтері анық!
Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына, әсіресе зейнеткерлер мен жәрдемақы алушыларға үстеме көмек беру үреймен отырған үркердей жұртымызға демеу болды.
Әлеуметтік-рухани өміріміздің негізін, өркендеуіміздің экономикалық тірегін шайқалтпай, бірлігімізді, табандылығымызды аса қажет ететін сынақты күндерден аман-есен өтуге баршамыз бір кісідей атсалысайық, ағайын! Ел тыныштығына, елдің бүтіндігіне мүдделі қазақ елінің әрбір саналы азаматы осыны елін, халқын сүйген жүрегімен сезінсе екен деген тілегім бар! Болашағымыз баянды болғай!..
Мәди АЙЫМБЕТОВ,
жазушы, «Құрмет» орденінің иегері