Экономика • 02 Сәуір, 2020

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында өнімнің 30-дан астам түрі шығарылады

469 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс  орталығындағы АЭА-аумағында химия, мұнай-химиясы, металлургия, металл, пластмасса және резеңке бұйымдар, минералды өнімдер өндірісі  жұмыс жасауда.

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында өнімнің 30-дан астам түрі шығарылады

Арнайы экономикалық аймақ басшысы Әлібек Несіпбековтың  айтуынша, бұл өндіріс  орындарының  жұмысы өңірдің географиялық жағдайына, өндірісті аймақтың әлеуетіне сәйкес келеді, кадрлар, ресурстар мен шикізат, энергетика саласы дамыған.

Қазір АЭА-та жалпы құны 291,1 млрд теңгені құрайтын 37 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 75 млрд теңгенің 12 жобасы (4 шетелдік капиталдың қатысуымен) пайдалануға берілген.

Арнайы экономикалық аймақ бүгінде өзінің экономикалық тиімділігін дәлелдеді: бюджеттің бір теңгесіне 10 теңге жеке инвестициялар тартылған.

АЭА қатысушыларынан салықтық аударымдардың көлемі 6,3 млрд теңгеден асты, ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша (болжам +3,5 млрд теңге), инфрақұрылым құрылысына барлық мемлекеттік шығындар салық түсімдерімен жабылуда.

Аймақта өнімнің 30-дан астам түрі шығарылады, өндіріс көлемі 120 млрд теңгеден асқан.

Өнімдерінің жартысынан көбі жақын және алыс шетелдерге Қытай, Италия, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония, Иран, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанға экспортталуда.

АЭА аумағының кластерлік дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Белсенді даму кезеңіндегі металлургиялық кластер: «Giessenhaus» ЖШС, «LeichtMetall KZ» ЖШС жеңілдетілген алюминий өндірісі, «ВекторПавлодар» ЖШС - автомобиль доңғалақтарын құю, биыл ресейлік инвестордың алюминий дөңгелектерін сырлау бойынша шеберхана іске қосылады.

Әлібек Несіпбековтың айтуынша, еліміздің тау-кен өндірісі үшін маңызды экскаватор шелектерінің тістерін жасау өндірісінің құрылысы  жүргізілуде. Кластерді дамытудың келесі кезеңдері прокат алюминий, фольга өндірісі болады.

 

ПАВЛОДАР