Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

Талдықорғанда «Antikor» орталығы ашылды

461 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласында сыбайлас жемқорлықпен күресу шараларына жаңаша серпін беретін «Antikor» орталығы ашылды. Ашық кеңсе қалыбында қызмет көрсететін орталық қүзырлы органдар мен тұрғындардың арасындағы байланысқа дәнекер болмақ.

Талдықорғанда «Antikor» орталығы ашылды

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында қоғамда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын кеңінен насихаттап, саяси жүйені ашық әрі тұрғындарға қол жетімді бағытқа қарай бұру міндеті айтылған еді. Оның ішінде сыбайлас жемқорлықпен күресу ісінде мейлінше жариялы болу талабы күн тәртібіне шығып отыр. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің барлық аймақтағы департаменттерінде  «Antikor» сервистік қызмет көрсету орталықтары ашылуда. Талдықорғанда есігін айқара ашқан орталық та енді осы бағытта жұмыс істейтін болады.

Орталықтың ашылуына облыс әкімі Амандық Баталов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облыстық департаментінің басшысы Ернар Мақажанов қатысты. 

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы бойынша жұмыс істеуді айтты. Бұл бағыттағы ең бірінші талап – көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен халыққа жақын болуы. Ал сыбайлас жемқорлықпен күресу үнемі басты назарда. Халықпен тікелей араласып, мұң-мұқтажын тыңдауға, тиісті мекеме басшыларымен кездесу өткізуге, тұрғындардың талабын орындауға осындай орталықтар қызмет етуі керек. Біз облыс аумағында open space бағытында жұмыс істейтін орталықтардың жұмысы жандандыра береміз, - деді өз сөзінде облыс әкімі Амандық Баталов.

 

Алматы облысы