Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

Алматы облысы: Азық-түлік қауіпсіздігі күн тәртібінде тұр

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы аумағында әлеуметтік маңызды тауар бағасын тұрақтандыру мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында талқыланды.

Алматы облысы: Азық-түлік қауіпсіздігі күн тәртібінде тұр

Бүгінде облыстың тұрақтандыру қорында 2226 тонна түрлі азық-түлік тауары бар. Бұл қор аудан, қала әкімдерінің тапсырмасына сәйкес дайындалған. Оның 912 тоннасы қазіргі кезде жергілікті жерлерге жеткізілген. Бұл өз кезегінде облыстың өңірлерінде әлеуметтік маңызды тауарларындың бағасын төмендетуге мүмкіндік берді. Жалпы, өңірде әкімдік тарапынан атқарылған шаралар нәтижесінде бағаны тұрақтандыруда оң қозғалыс байқалып отыр. Дегенмен жүргізілген талдау қорытындылары әлеуметтік маңыздағы азық-түліктердің кейбір түрлері Ескелді, Панфилов, Ұйғыр аудандарында әлі де жоғары екенін көрсеткен.

Айтпақшы, қазіргі өлшем бойынша әлеуметтік маңызды азық-түліктің тізіміне 19 түрлі тауар кіреді екен. Осы тауардың 17 түрі Алматы облысында өндіріледі. Ендігі мақсат өнім бағасын қалыпты деңгейде ұстап тұру. Бұл бағытта «Жетісу» әлеуметтік корпорациясы жұмыс жүргізуде. Корпорация облыстағы ірі сауда нүктелерімен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен келісімшарт жасасып, соның негізінде кәсіпкерлер банк кепілдігіне айналым қаражатын алып отыр. Есесіне кәсіпкерлер халықты әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен қамтып, бағаны ырықтандырып ұстап тұруға тиіс. Келісімшарт бұзылған жағдайда сауда нүктелері де, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де салынған қаржыны қайтарулары тиіс. Мұны қаржылай қолдау үшін облыс бюджетінен 1 млрд теңге бөлінген.  Ал облыс әкімі Амандық Баталов қажет болған жағдайда қосымша тағы 1 млрд теңге бөлу керектігін айтады.

- Алматы облысы – аграрлы өңір. Сондықтан, біз облысты барлық қажетті азықпен қамтамасыз етіп, қосымша қор жинақтауды назарда ұстаймыз. Яғни бұрынғыдан да көп жұмыс істеуге тиіспіз. Мәселен, көктемгі дала жұмыстарының барлығы өз мерзімінде жүргізіліп, босаңсуға жол берілмеуі керек. Ол үшін бізде барлық жағдай бар, қажетті көмек көрсетіліп келеді. Қант зауыттарын 600 мың тоннадай қызылшамен қамтамасыз етуіміз керек. Ал жүгерінің алқабын 82 мың гектарға жеткіземіз. Заманға сай агротехнологияны қолдана отырып, өнімділікті арттыруға тиіспіз, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.