Білім • 02 Сәуір, 2020

Талдықорғандық оқушылар қашықтан оқуға дайындықты бастады

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорғандық оқушылар 6 сәуірде басталатын қашықтан оқыту үрдісіне дайындалып жатыр. Қазір қала бойынша интерактивті білім берудің қыр-сыры пысықталып, мектептердің интернетпен қамтылуы жіті тексерілуде.

Талдықорғандық оқушылар қашықтан оқуға дайындықты бастады

Жалпы, облыс орталығы бойынша 26116 оқушы қаладағы мектептерде білім алады екен. Ал 3900 бала қала маңындағы білім ордаларында оқиды. Оларға 2481 мұғалім дәріс бермек. Талдықорған қалалық білім бөлімі мамандары онлайн режимінде сабақ өтуге барлық жағдай жасалғанын айтады. Яғни, барлық мұғалімдер мен оқушылар үшін интернет желісі қолжетімді екен. Ал қашықтан оқыту 4 бағыт бойынша жүргізілмек. Талдықорғандық оқушылардың «Еларна», «Балапан» телеарналарында өткізілетін телесабақтармен қоса, Қазақ радиосы, Қазпошта және интернет желісі арқылы да қосымша білім алуына мүмкіндік жасалмақ. Қазір BilimLand сайты, Yоutube желісі, Daryn.online интернет-ресурстарын қолдану бойынша оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмысы жүріп жатыр.

- Қала мектептерінде оқитын балалардың қашықтан білім алуына бар жағдай жасалуда. Атап айтқанда, техникалық құрал-жабдықты қажет ететін аз қамтылған отбасынан шыққан 163 оқушыға уақытша пайдалануға ноутбуктер берілсе, 200 отбасы «Otau-TV» теледидар антеннасымен қамтылды. Сонымен бірге «Қазақтелеком» компаниясымен келісім шарт бойынша, әлеуметтік жағынан қорғалмаған 40 отбасы интернет желісіне тегін қосылды, - дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова.